Керейді «Кере» қыла жаздады

Мауыт Нұрымжан Керейұлы

28.01.2022, 14:00

2835

Орманнан қашып шыққан қоянға қарсы жолыққан Түлкі ентігін баса алмай тұрған жырық танаудан:

– Кімнен қашып келесің, салпаңқұлақ?!

– Ойбай, аю мас, қасқырларды ұстап алып, ұрып жатыр.

– Әй, әпенді, сен Қасқыр емессің ғой… деп әжуалай күлген түлкіге:

– Иә, аю ұстап алған соң, қасқыр емес екеніңді дәлелдеп көр, – деген сайқымазақты талай естісем де шын түсініп, күліп көрмеген екенмін. Күміра бола жаздадым.

Күні кеше төлқұжаттағы аты-жөнімді қазақыландырмақ ниетпен Наурызбай аудандық ХҚКО-ға (ЦОН) барғанмын.

Басы тым жақсы басталып, қазақша еркін сөйлеген қарындастарыма батамды жаудырып, суретке түсіп болып, ов пен евич-ті алып тастар сәтте сап ете қалған Сайтангүл, Керей деген әкемнің атының орыс тіліндегі жазылу ережесіне (транскрипция) қарай Керейович емес Кереевич-іне сұқтанып: «Мен бір әріпті де өзгертуге құқым жоқ, бұйрық солай, Кере ұлы» деп қана жазып бере аламын деп кердеңдесін.

Орысша да қазақша да қақсап жатырмын. Түсінгілері келмейді. Әр халықтың өзіне тән үндестік заңы болады, қалқам, дедім, былқ етпейді. Закон сингармонизма деп орысшаладым, отчеством так склоняется дедім. Сол, жартас!

Ірә болмай, іс насырға шаба бастаған соң «үйдегі кісіге» ызбандап шұғыл Метіркемді (туу туралы куәлік) алғызып, көрсетіп тұрып көздеріне шұқысам да ештеңе түсінгілері келмеуі ашуымды тудырды.

Кереңді ішкір керікеткендердің қөріп тұрып Кере мен Керейді ажырата алмауы, әкемнің атын аяққа таптағаны жаныма батты!

Құдай-ау, дедім, шарасыз, бұрын орыстың нән қатындарына түсіндіре алмаушы едік, ол жарайды, атасы басқа ғой.

– Айналайын-ау, сен қазақтың қызы емессің бе, қалай ұқпайсың? Мына метіркеде, әкесі деген тұста Мауытов Керей деп жазулы тұрған жоқ па? Көрмей тұрмысың, десем...

– Әкеңіздің аты Керей екенін көріп тұрмын. Бірақ мына жерде Нұрымжан Кереевич деп жазылып тұр. Сондықтан өзгерте алмаймын, онда алдымен, Метрикеңізді ауыстырыңыз – десін. Амалым таусылды. Ауыстырмаймын дедім! Ауыстырмаймын! Ал сен, Керей деп жазасың!

Сосын, Астанаға ызбандады. Біраз орысша былдырласты. Бастықсымағы болса керек. 30 жыл осында істейді екен. Білгіш дейді… Метіркемнің көшірмесін көрсетті. Бір келісімге келген сияқты… Қайтадан суретке түсірді. Анадай қорлықтан кейін суретім қандай болғанын кім білсін. Онсыз да айнаға көп ренжи бермеуші едім, ендігіме не жорық?

Бар тапқан сылтаулары Керейұлы деп бірге жазамыз деді. Келістім. Мейлі, менде керілдесуге енді шама да қалмаған сияқты.

Бар айтқаным: алдарыңа келген жуас қазақты жүндей түтіп, әкесін әлемге күлкі қылып жүрген сендер екенсіңдер ғой. Тап осыны жасаған қазақтың

атасының аты өшсін! Олай дейтінім, тікелей Көші-қон қызмет комитетіне бағынатын бұл мекеменің есігінен талай қандастың (оралман) қара бастарын куәландыра алмай қиналғанына енді көзім анық жеткендей...

«Бөріктінің намысы бір» дегені ме, шығып бара жатқанымда көрші үстелдегі келіншек күңк ете түсті:

– Ертең пенсияға шыққанда өзіңізге қиын болады...

Мүмкін дөрекі айтқан шығармын, кешірім сұраймын, бірақ:

– Уақыты келгенде ол жақтағы саз бет қатындарды да бірдеңе қып көндірерміз!

Міне, қазақ болам десеңіз көретін күніңіз осы!

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлаған елдің бүгінгі шынайы бет-бейнесі.

Бір ғасыр бұрын жазылған: «Ана қырда қазақ тұр, Тап қасында азап тұрдың» кері келіп, тауым шағылып шығып барамын...

Осыдан тура 20 жыл бұрын жаңа үйімді салып алған соң, біразға дейін дауласып, құжатымыз дайын болмай, 2 жылдай өз үйімізге өзіміз тіркеуге (прописка) отыра алмай жүргенімізде, қаңғып келіп, біздің үйдің иті атанып кеткен Ақтөске бұлай болмайды деп құжат жасап, біздің үйге тіркеп кеткенде, бір тірі өліп едім. Екіншісі, осы болды. Әлі неше өлерімізді тексіз үкімет қана білетін сияқты. Иінім салбырап, ілби басып, сыртқа беттедім. Есіме әлгі орманнан қашқан әпенді қоян түсіп кетпесі бар ма. Еріксіз мырс еттім.

Бір қызығы, менің атамның да аты Құжаты болатын. Екінші дүниежүзілік соғыста орысты оқтан қорғаймын деп оңбай қалған ол марқұмның да әруағы жүз аунап түскен шығар бүгін...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56