Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...

Жарас КЕМЕЛЖАН

01.12.2022, 09:06

2080

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин фейсбуктегі парақшасында жұртты елең еткізетін бір жазба қалдырыпты. Үш жолдан тұратын толық бір сөйлем. Мәтіні мынау:

«Әділ мемлекет құру үшін шалдың жүйесін өзгерту керек!

Әділ экономика құру үшін қыз-күйеудің жүйесін бұзу керек!

Әділ қоғам құру үшін інісінің сектасын жоқ қылу керек!».

Ешкім айта алмай келген ащы шындық сияқты көрінеді бір қарағанда. Алайда сол әділдікке қашан, қалай жететінімізді Есіл бойын ен жайлаған Еділ мырза біле ме екен? Білсе, неге басын ашып айтпаған? Айтқызбастары айтқызбай тұр ма?!

Қазақ «керек» деген сөзге тойған халық. Қырдағы қызыл сирақ қойшы да, базардағы алаяқ саудагер де, парламенттегі ұйқыбас депутат та «керек» деген сөзді отыз жылдан бері көлдей сапырып келеді. Сол «керектен» нәтиже шықты ма? Шыққан жоқ қой. Бәріміз ақылдымыз: ананы былай жасау керек, мынаны былай қылу керек дегенде, езуіміз көпіріп кетеді. Бірақ ешнәрсе жасамаймыз. Мысалы, осы әділ мемлекет, әділ экономика, әділ қоғам құру туралы әңгіме айтып отырған депутаттың өзі «керектен» асып қазаққа керек боларлық не жасады?

Көбік сөзге семіріп алған жұртпыз. Оны биліктің жоғары басында отырған көкелерден де 30 жылдан бері естіп, көріп келе жатырмыз.

Еділдің атын атап, түсін түстемей емеурінмен айтқан адамы – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Жаңбыршин фейсбукте жаңбырлатып отырғанда, экс-елбасы президенттің ұлықтау рәсімінде құрметке бөленіп жүрді. Жиналғандар 15 минут шапалақ ұрып тұрып қошемет көрсетті. Осыдан кейін Еділ ағайдың еңіреп жазған әңгімесіне қалай сенесің? Осыдан кейін Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан туралы ертегілерді қалай тыңдайсың?

Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан мүлде бөлек өтіп еді. Оны ешкім жасырмайды. Өйткені халық текке кеткен отыз жылдың есесін Тоқаевтың толтыратынына сенеді. Сенген соң, дауыс берді, сайлады. Бірақ аяқ астынан Назарбаев бастап, ескі Қазақстанның ерлері шыға келгенде, өрекпіген көңілді өзен шайып кеткендей күй кешті жұрт. Шындық – осы!

Әңгіме Жаңбыршиндерде емес. Еділ ағай сияқты Назарбаев пен Тоқаевты тел еміп жүрген «ерлеріміз» көп қой. Кеше Назарбаевтан нұр жасады, бүгін Тоқаевты жер-көкке сыйғызбай отыр солар.

Мойындасақ та, мойындамасақ та, өзгерістің кілті әлі де Назарбаевтардың қолында сияқты көрінеді де тұрады. Өйткені олар шетінен ақшалы. Жаңбыршин айтқан шалдың өзі, қыздары, күйеу балалары – бәрі миллиардер. Ақшасы бар адамның қолы ұзын, қулығы мығым. Жаңбыршин сол жағын неге ашып айтпаған? Назарбаевтардан билікті тартып алудың қатерлі екенін, шалт қимылдаса, шалып жіберуге қауқарлы екендерін неге жазбаған? Қатты кетсе, қаңтардың жақын қалғанын неге айтпайды? Аңқау, аңғал қазаққа жағатын екі сөйлеммен не ұтпақшы сонда? Жаңбыршиннің сөзі – Әділетті Қазақстанға тамшы бола ма?

Ақылдан артық емес, сайлаудан кейінгі реформадан іш тартқан әкімқара, министр, депутаттардың жаны қысылып отыр қазір. Кемеден түсіп қаламыз ба, әлде тағы төрт-бес жыл жабысып жан бағамыз ба деген қорқыныш бұлардікі. Қазақтың көңіліне жағатын отты сөз айтып қалудың астарында – халыққа ұнау, Тоқаевтың көзіне түсу сияқты пендауи мүдделер ғана бар. Әйтпесе, бұлардың бәрі – Назарбаевтың өнімі...     

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әсет МАТАЕВ 02.02.2023, 14:15
Біздің ұрпақ мәселелерді шеше алады!
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 02.02.2023, 07:20
Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
Сайт әкімшілігі 01.02.2023, 14:24
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие алу үшін банк шарттары аталды
Нұрлан ТОБАҚАБЫЛОВ 01.02.2023, 11:26
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер!»
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ 01.02.2023, 04:13
Сұмдық демеске лаж жоқ...
С. БӨКЕНОВ 31.01.2023, 16:35
Неге жерлеу рәсіміне арнайы қаражат бөлінбейді?

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16