Кім көрінгеннің ермегіне айналған отбасы заңы

Бифат ЕЛТАЕВА

27.01.2021, 09:28

1405

  Кейінгі уақытта «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы дау тудырып, көпшіліктің қызу талқысына түсуде. Бұл заң қабылданып кетпеу үшін бірқатар білікті заңгерлер мен қоғам белсенділері атсалысып, халыққа қарапайым тілмен заңды барынша түсіндіруге тырысуда. Нәтижесінде ата-ана мен бала құқығына, салт-дәстүрімізге  орасан зор зиян келтіретін сорақы заңның қабылданбауына тосқауыл жасады. Себебі 23 қаңтар күні парламент бұл заңды алып тастап, оның орнына жаңа заң жобасын сайтқа шығарыпты. Алайда заңгерлеріміз «біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, бұл заңды да оқып, шикіліктері болса халыққа тағы да түсіндіреміз» дейді.

 Осы тұрғыда аталған заңға байланысты дөңгелек үстел ұйымдастырушы заңгер Бағила Балтабаева бұрынғы заң жобасының ішінде қауіпті тармақтар көп болғанын айтады.

— Біз осы дөңгелек үстел арқылы барша Қазақ елін заңнан хабардар етпекпіз. Себебі дау тудырған заң жобасы орыс тілінде жазылған. Бұл заң жобасын еліміздегі білікті, тәжірибелі заңгерлер қарапайым тілмен түсіндірді деп ойлаймыз. Біз заң жобасымен таныса келе, оның ішіндегі қауіпті тармақтар мен баптарды байқады. Әсіресе жанымызға батқан баптың бірі 5-баптың 11-тармағы болатын. Яғни баланың құқығы мен бостандығын шектейтін салт-дәстүрге қарама-қайшылары бар. Біз қазақ болғаннан кейін, саты бойынша баланың жасына сай, салт-дәстүр де көп. Сол себепті осы бап халық арасында үлкен дау тудырды. Өзім де қазақы тәрбиені бойыма сіңіріп өскендіктен, балаларымды да сол қазақы тәрбиемен өсіремін.

       Заң жобасында бала құқығын кеңейтіп, бала тәрбиесіндегі ата-ана құқығын шектеулердің көп болғанына қарсымын әрі бұл заң жобасы бізге қай жағынан алып қарасақ та, сай емес. Сондай-ақ бұл заң жобасын енгізбес бұрын, елдегі зорлық-зомбылықтың басты дәйегі болатын әлеуметтік жағдаймен күресіп, алдын алу қажет. Әр отбасының тұрмыстық жағдайы жақсы болса, әрбір үйде себепсіз кикілжіңдер туа бермейді. 

    Жалпы айтқанда, «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы халық арасында талқыға түсіп, үлкен резонанс тудырды. Нәтижесінде 21 қаңтар күні сол заң жобасы туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңды талқылауға байланысты хабарламасын көрдік. Артынша бүгін parlament.kz сайтында ол заң алынып тасталып, жаңа заң жобасы енгізілді. Дегенмен бұл заң жобасымен де алдағы уақытта толық танысып, халыққа оны әлеуметтік желі арқылы таныстыратын боламыз, – дейді.

   Бағила Балтабаева, Мадияр Аймырзаұлы бастаған еліміздегі білікті заңгерлер заң жобасын талқылауға байланысты арнайы дөңгелек үстел де ұйымдастырды. Бір топ белсендінің айтуынша, «аталған заң жобасы біздің мемлекетімізді халық ретінде, ұлт ретінде соғыссыз жою».

   Осы орайда,  заңгер, қоғам белсендісі Бердімұрат Хасенұлы халыққа зиянын тигізетін заңға салғырт қарамайтынын былайша жеткізді: «Біз, қазақтілді заңгерлер, Қазақстанда ешқандай тұрмыстық зорлық-зомбылық жоқ, балаларға қысым көрсетілмейді, әйелдер таяқ жеп жүрген жоқ деп, елді алдап отырған жоқпыз. Ондай нәрсенің бар екенін мойындаймыз. Оған қолданыстағы заңнаманың күші жетеді. Күші жетпейтін болса, ол заңдарды өзгертуіміз керек. Қазақстанда әйелдер зорланып, қорланып жатыр, елдің құқығы тапталып жатыр деп, «шаш ал десе, бас алып», қазақтың құндылығына жат заңды бізге тықпалаудың қажеті жоқ. Мемлекет ісіне, мемлекет мойнына жүктелген дүниеге үшінші тараптың араласуына болмайды. Мемлекет парламенттің заң шығарушы орган ретіндегі құзырын басқа біреулерге беріп жатыр. Осы нәрсені түсініп жатқан жоқ», – дейді.

   Жиында заңгерлерден бөлек, психологтар да пікірлерін ортаға салған болатын. Мәселен, психолог Маржан Еліқұлова: «Қабылданбақ болған заң жобасы психикасы сау, қабақ шытып, баласына ескерту жасағаны үшін ата-ананы міндетті түрде терапиядан өткізуге мәжбүрлейді. Өзім ювеналды сот саласында психолог болып жұмыс жасайтындықтан, заңнамада балалардың құқық қорғау органына өз бетінше  жүгінетіні шошытады. Менің тәжірибемде кездескен жайтты айтатын болсам, бір үйдің үш баласы анасына қарсы арыз жазған. Ол жайлы әкесінен сұрасақ, «Жақында осындай заң жобасы қабылданғалы жатыр, соның негізінде менің балаларым арыз жазып отыр. Өзіңіз де сол арыздың ешбір шындыққа жанаспайтынын көрдіңіз ғой»  дейді. Бұл жерде байқағаным, балалардың психикасы қысымға ұшыраған. Осы заң арқылы келешекте бала ата-анасына қарсы шығады. Әрі ата-ананың қадірі де жоғалады», – дейді.

    Жоғарыда айтылған мәселелерді түйіндей келе, қабылданбақ болған заңның қарсылығы да, шикілігі де көп. Бір қынжылтатыны, бұл заңнан халық түгіл, өзге заңгерлер де хабарсыз. Осылай қоғам мүлгіп жүргенде бұрынғы заң жобасының да қабылданып кетуі мүмкін еді.

Тегтер: заң өзгерту толықтыру заң жобасы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жайна ТӘТТІМБЕТ 15:31
Тәнін сатқан еркек, еркек пе?
Сайт әкімшілігі 14:14
Сәуірде Қазақстанда 20 мың адам коронавирус жұқтыруы мүмкін – министрлік
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ 11:35
«Қазақстанда газ құбырларының 75% тозды». Ресейдегі оқиға қайталануы мүмкін бе?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 09:27
«Үйі жоқтың – күйі жоқ» Үкімет мұны түсіне ме?
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 17:51
Мас жүргізуші төрт қызды қағып кетті
Сайт әкімшілігі 03.03.2021, 09:55
Қазақстан білікті мамандарынан айырылып жатыр

Аңдатпа


  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44
  • Буырқанған дауылда сыналған басылым
    25.02.2021, 13:12
  • «Жас Алаштан» басталған журналистік жол
    23.02.2021, 10:51