Көкек аналарға заңды қатайту қажет

Сұхбаттасқан Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ

01.09.2021, 16:58

850

«Мен әке атануға дайын емеспін», «Бұл менің балам емес», «Бұл біздің отбасымызды ұятқа қалдырады», «Сен оқуыңды аяқтауың керек», «Ақша жоқ» – осы және осыған ұқсас сөздер жүкті қыздарды баласынан бас тартуға итермелейді. Алайда мұндай жағдайлар жас қызды отбасынан ажыратуға себеп болмауы тиіс. «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Аминат Сейпуллахқызының пікірі осындай.

Аминат Сейпуллахқызы, Ана үйінің құрылудағы мақсаты қандай?

– Ана үйі 2013 жылы мамыр айында ашылды. Мақсаты – тастанды балалар санын азайту. Перзентханалармен бірлесе отырып, тұратын жері мен ақшаның жоқтығы салдарынан баласынан бас тартпақ болған аналарды өз қамқорлығына алады. Келеңсіз жағдайға ұшырап қалған бейшара қыз қайда барарын білмейді, баласын бағайын десе жағдайы жоқ, әке-шешесі қуып жіберген. Ана үйіне келгеннен кейін қыздар өздерінің алдағы әрекеттерін ой елегінен өткізуге, ана бақытын сезінуге, жұмыс тауып, қаражат жинауға мүмкіндік алады. Мұнда оларға баланың жәрдемақысын рәсімдеуге көмектеседі, заңгер кеңес береді, психологиялық қолдау мен медициналық жәрдем көрсетіледі. Әке-шешесі қуып жіберген қыздарға баласын туып алуға жағдай жасайтын орталық. Жас босанған әйелден туған-туысқандары немесе баланың әкесі бас тартқан кезде жас анаға қол ұшын созып жіберсе, ешқандай ана баласын тастамас еді. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы және басқа да ауруханалар Ана үйі бар екенін біледі. Сол кісілердің алдына босанатын мерзімі жақындаған, бірақ баратын жері жоқ, «баламнан бас тартамын» деп, жас қыздар келіп отырса олар бізге хабарласады.

  • Мұнда келген жас аналарға қандай жағдай жасалған?

– Ана үйіне жүктіліктің 8-9 айынан қабылданады, содан алты ай бойы осы үйде болады. Бірақ алты айдан кейін міндетті түрде кету керек деген шарт жоқ, жағдайына қараймыз. Қыздардың осы үйден кеткеннен кейінгі жағдайынан хабардар болып тұрамын. Алты айдың ішінде қыздар міндетті түрде бір мамандықтың иесі болып шығады. Тігінші, шаштараз, аспаз, тырнақ әрлеуші мамандықтарын оқытамыз. Осы алты айда психологтар жұмыс жасайды. Сол аралықта қыздардың рұқсатымен туған-туыстарымен сөйлесеміз, баланың әкесімен де жұмыс істейміз. Қыздардың 70 пайызының ата-анасы үйлеріне алып кетеді, 10 пайызы тұрмысқа шығып, отбасылы болып жатады. Қазақтың салт-жоралғыларын жасап шығарып саламыз. Сонымен қатар жас ананы перзентханадан шығарып алғаннан кейін сәбидің атын қойып, бесікке салу, тұсаукесер сынды рәсімдерді жасаймыз. Қыздарым үй шаруасына араласады, кезек бойынша үй жинап, тамақ әзірлейді.

Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле ме?

– Мемлекет тарапынан көмек көрсетілмейді. Меценаттардың көмегімен жұмыс істеп отырмыз. Перзентханалар мен емханалар тегін қабылдап, дәрі-дәрмектерді тегін береді. ЖОО мен колледждерге барып, басшыларымен сөйлесіп, тегін оқытуға көмек сұраймын. Ректор немесе директордың бюджетінен тегін оқитындары бар.

Бала тәрбиесіндегі ер-азаматтың рөлі қандай болуы тиіс?

– Қыздардың туған-туыстарымен жұмыс істеп отырғанда алдымен анасымен сөйлесемін, анасы келіспесе, әкесімен байланысқа шығамын. Көп жағдайда аналары «отағасы қарсылық білдіреді» деп жатады. Мынадай оқиға болды, мерзімі жақындағанда бір қыз осы Ана үйіне келді, одан кейін балалы болды, мұны анасы білетін, кішкентай сәби тек үш жасқа толғаннан кейін ғана әкесі естіді. Мұны естіген әкесі қызының оң босағада отырып балалы болғанына емес, жиенінің бар екенін білмегеніне қатты ренжіді. Соған қарап мен қыздарға айтамын, «ата-аналарың – сендерге ең жақын дос, қандай да бір жағдай орын алса міндетті түрде айтыңдар» деп. Баласын кешірмейтін ата-ана жоқ. Әке – отбасының тірегі. Қызы осындай жағдайға тап болғанда анасы мұны әкесіне жеткізуге қорқатынын білемін. Бала тәрбиесінде ананың да, әкенің де алар орны тең болуы қажет. Егер бала тәрбиесінде қателік кетіп жатса, бұған екі жақ та кінәлі. Бізде бар кінәні анасының мойнына ысыра салып жатады. Бұл дұрыс емес. Мейлі ұл, мейлі қыз болса да, бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған жөн.

– «Бақытты отбасы» деген ұғымға түсінік бере кетсеңіз.

– Бақытты әркім әртүрлі түсінеді. Бірақ, менің ойымша, бақытты отбасы деген – отбасында бірліктің, ауызбіршіліктің болуы. Бір отбасы болып біріккен адамдардың арасында бірлік болуы тиіс. Бірлік деген қай кезде болады? Ол адам бір-бірін сыйлаған, бағалаған, сүйген, түсінген  кезде болады. Ерлі-зайыптылардың мінездері, қызметтері әртүрлі болғанымен, олардың отбасына қатысты мақсаттары бір болуы тиіс. Осы шаңырақты шайқалтпай, тек өзін ғана емес, отбасын ойлауы керек. Отбасының өзге мүшелерінің жағдайын ойлап, оларды теңдей ұстап, бірдей сыйлау қажет. Жұрттың барлығының отбасы бірдей ата мен енеден, ерлі-зайыптыдан құралсын деп айта алмаймыз. Ол бір Алланың қолында. Бірақ отбасы қанша адамнан құралса да, отбасы мүшелері бір-бірін сыйлап, өз өмірлерін бір-бірімен берік байланыстыруы керек, мінекей, осындай отбасыны бақытты отбасы деуге болады.

Қазіргі кезде отбасылық тәрбие қатынастары саласына қандай заңнамалық  шешімдер жетпейді деп ойлайсыз?

– Көп жағдайда қыздар «бұл бала әкесіне керек емес» деп жатады. Олай болмауы керек. Осы тұста ананың жауапкершілігін күшейту керек. Егер анасы баланы өсіргісі келмесе, әкесінің кім екенін айтып, бала әкесіне немесе оның ата-анасына берілуі тиіс. Қазіргі уақытта баласынан бас тарту оңай болып кетті, нотариусқа барып, «баламнан бас тартамын» деп жазады. Сонымен қатар көкек аналарға да заңды қатайту қажет. Бұл менің жеке пікірім.

Осындай мәселенің шешімін қалай табуға болады?

– Бұл проблема – қоғамның азғандығының ең бірінші көрсеткіші. Кеңес өкіметі кезінде біз ұлттық тәрбиемізді жоғалтып алдық. Бірақ ол кезде біз партиядан қорықтық. Егер біреу басқа біреудің қызын зорласа не тастап кетсе, ол қызметінен кететін, оны коммунистік партия жазалайтын. Ал тәуелсіздігімізді алған кезде партия да, комсомол да керек емес дедік. Балалар өздері қалағандарын жасасын, қысымшылық көрсетпейік дедік. Тура сол кезде, соны күтіп тұрғандай, бізге жан-жақтан ақпараттық ағын келді. Теледидардан, баспасөз беттерінен неше түрлі анайы суреттер көрсетіліп, әртүрлі ақпараттар таратылды. Жастар ерте жыныстық қатынасқа барып, ол кеңінен насихаттала бастады.

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демей ме?! Демек, шағын отбасының ғана емес, тұтас бір мемлекеттің дамуы үшін де өз еңбегімен сүбелі үлесін қосып жүрген ардақты аналар бар. Біз қыздарымыздың тәрбиесін қолға алуымыз керек. Ер-азаматтардың, елдің, Отанның мақсаты қызға дұрыс тәрбие беру болған. Алыстан іздеудің керегі жоқ, қазақтың өзінің ұлттық тәрбиесімен барлық қазақстандықты тәрбиелесе, ешкім жаман болмас еді деп ойлаймын.

Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39