Көлеңкеде қалған ауыл жастары

Айжан БҮРКІТБАЕВА

29.10.2020, 03:39

382

Елдің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Бұл жас қазақстандықтардың білім сапасы мен біліктілігі, ынтасы мен ұмтылысына байланысты. Ал осы тұрғыда ауыл жастарының пәрмені қандай?

«Жастар» ғылыми зерттеу орталығының әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамасына сәйкес ауыл жастарының 40 пайызын азық-түлік бағасының қымбаттығы мен табыс көзінің төмендігі алаңдатады екен. 38 пайызын жұмыссыздық жүдетіп жүрген көрінеді. Ертеңіне сенбейтіндер 11 пайызды көрсетсе, уақыттарын бос өткізетіндер көрсеткіші де 11-ді құраған. Ауыл медициналық қызмет көрсету саласына  көңілі толмайтын жастар саны 9 пайызды толықтырса, сыбайлас жемқорлықтан желінгендер пайызы 8,7-ні жетектеп тұр. Сауалнамаға қатысушылардың 1/5 бөлігін жоғарғы білімнің жоқтығы, баспанасыздық, несие қарыздарының төленбеуі уайымға салады.

Ауыл жастарының арасында заттарын жинап, қалаға тартып отыратындар саны да күннен күнге артып келеді. Бұл мәселенің төркінін жоғарыдағы көрсеткіштерден байқауға болады. Екі қолға бір күректің жоқтығы кімнің болса да маңдайын шылқытпайтыны анық. Дәрігер, мұғалімнен бөлек мал бағу, егін салу, шөп шабу, отын дайындау сынды ауыл жұмыстары оқу бітірген жастардың диломмен жұмыс істеуін қамтамасыз етпейді. Сондықтан, ауыл жастарында қалаға қоныс аудару үрдісі қарқын алған. Статистикалық көрсеткішке сүйенсек, жұмыссыз жастардың 45,5 пайызы ауыл жастарын құрайды. Солтүстік Қазақстан облысында ауылдық жердегі жұмыссыз жастар үлесі 66,1 пайыз,  Алматы облысы бойынша 63,4, Жамбыл облысында 60,9, Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында 50,1-ден 55,2 пайызды өкшелеп тұр.

Ал электронды еңбек биржасының көрсеткішіне назар аударсақ, бос орындар саны бойынша қызмет салаларының төрттігін ауыл, орман, балық шаруашылығы тәмәмдап тұр. Еліміз бойынша аталмыш қызметке 74 580 жұмыс күші қажет. Бұл ауыл шаруашылық мамандықтарына сұраныстың жақсы екенін көрсетеді. Алайда басты мәселе, ауылдан түлеп жоғары оқу орнына түскен жастардың басым бөлігі аграрлық мамандықты меңгермейді. Мысалы, 2018 жылы С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінде аграрлық мамандық бойынша 4-ақ студент, Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 13-ғана маман қамтылған.  Меңгергеннің өзінде аграрлық мамандықты тәмәмдаған студенттердің 68 пайызы ғана жұмысқа орналасады. Жыл сайын мемлекет есебінен оқытылған 670 түлек жұмыссыз қалады екен.

Ал, дегенмен, аграрлық мамандыққа деген сұраныс шаш етектен. Ауыл шаруашылғында қосалқы жұмысшы қызметі бойынша – 35 355, фермерлік шаруашылық – 3 950, ауыл шаруашылығының инженер-механизаторы – 3 417, тракторшы – 2 005, аграрлық мамандық бойынша – 2 500 бос орындар белгіленген. Демек, ауылдағы жас буындар тұрақтылығы үшін жастар арасында ауыл шаруашылығына деген қызығушылық тудыру керек-ті.

Осы тұрғыда белгілі саясаттанушы Айдос Сарым ауыл шаруашылығын дамыту арқылы бюджеттің қалтасын қалыңдатуға болатынын айтады:

Қазақстандағы ең көлеңкелі экономиканың үштігіне ауыл экономикасы кіреді. Ауылдың экономикасын көлеңкеден шығаруымыз керек. Қазір қазақстандықтардың 42 пайызы ауылдық мекенде тұрады. Сол ауылды мекеннің тұрғындары 4,4 триллион, яғни ЖІӨ-нің 4-5 пайызынан аспайтын дүниені өндіріп отыр. Бірнеше жыл бұрын «ауылдық бюджет» деген үлкен бағдарлама іске қосылған. Оны «төртінші бюджет» деп атады. Осыдан 3-4 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында «төртінше бюджет» бойынша ауыл әкімдері арасында үлкен жиын өтті. Облыс әкімі дерегі бойынша, Қабанбай ауылы айналасындағы бизнес көздерінің бәрін қосқанда, бір ғана ауылдың экономикасы 12-13 млрд теңгені құраған. Алайда салық ретінде ауылдың бюджетіне небәрі 150-200 млн теңге түскен. Негізі ауылдық бюджетке, кем дегенде, 4-5 млрд теңге ақша түсу керек. Осындай мүмкіндігі бар, қалаға жақын, үлкен сауда, өнеркәсіп кешендерінің қасында орналасқан ауылдардағы салық мәселесін реттеу керек. Яғни, өнімін кепілді түрде тапсыра алатын ауылдардың экономикасын дұрыстаса ауылдан ресми түрде салық жақсы түседі және ауыл жастарын да жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады,  – дейді саясаттанушы.

Елімізде жыл сайын мыңдаған ауыл жастары арнаулы оқу орындарын бітіргенімен, білімді және білікті маман ретінде қамтылуы, жұмысқа орналасу деңгейі әлі де төмен. Оның бір себебі, ауыл жастарының әлемдік оқу орындармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілмеуінде. Мысалы, соңғы 25 жылдың көлемінде 10400-ден астам жас щетелдегі озық оқу орындарын тәмәмдаған. Аталмыш жоба бойынша барлық стипендиаттардың 21 пайызы ғана ауыл балаларының үлесіне тиесілі екен.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру бағдарламасы аясында іске асырылатын іс-шаралардың негізгі бағыттарына сәйкес жұмыссыздықты жоюға арналған тетіктерді іске қосу керек. Ауыл жастары жұмыссыз азбасын десек, ертерек қамданған абзал. Алпауыттардың ауылдан шығатынын ұмытпайық.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айжан БҮРКІТБАЕВА 12:54
«Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12:41
Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:53
Әкімдік мамандары жәрдемақы есептерде жіпке тізгендей тергеп түгендейді-көп балалы ана
Сайт әкімшілігі 09:40
Ақмола облысы коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 15:58
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жарияланды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:40
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыс: үш адам жансақтау бөлімінде жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56