«Көне Тараз» құлағалы тұр

Нұрболат ӘЛДИБЕК

13.05.2022, 10:45

1793

Тарихы екі мың жылдан арыдан тарқатылатын Тараз шаһарының 4 мыңға жуық құнды жәдігері сақталуға тиіс «Көне Тараз» мұражайының қабырғасы көгеріп, құлағалы тұр. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында көне қаланың қақ ортасынан бой көтерген бұл нысанды салуға және сол уақытта ішкі мұражайландыруға 1 миллиард 250 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Әлемнің түпкір-түпкірінен туристер ағылатын орын болады, делінген бұл музей жеті жылдан бері жұмыс істемей, көзге күйік болып, қаңқиып бос тұр.

Жуырда бұл мұражайға байланысты ҚР парламент мәжілісінің бір топ депутаты алаңдаушылық білдіріп, ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады.

«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында біздің елімізде «Жауапты мемлекет –  жауапты қоғам – жауапты адам жүйесі» берік орнығуы керек», деп атап көрсетті. 2015 жылы елімізде мемлекеттігіміздің бастауы – Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Республикалық деңгейде қолға алынған мерекелік іс-шараның шарықтау шегі Тараз қаласында болды.

Осы салтанаттың аясында көне қаланың қақ ортасында «Көне Тараз мұражайының» ашылуы біздің мәдени-рухани өмірімізде елеулі оқиға болғаны анық. Алайда, атаулы жаңалықтың жалғасуы – мұражайдың ұлттық мәдени мәні мен оның халықаралық деңгейде туристерді қызықтыратын жолын ашпай, мүлдем тоқтап қалды.

Себебі, атақ-даңқы алысқа кетіп, сырттай әсемдігі көз тартатын су жаңа мұражай ғимараты сапасыз салынған болып шықты.

Төбесінен су сорғалады, жертөле үй-жайы жарамсыз, кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау, желдету және жылыту, салқындату жүйелері мүлдем жұмыс істемейді. Бұл құрылысты салуға және сол уақытта ішкі мұражайландыруға 1 млрд 250 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Осыншама мемлекет қаржысы ауаға ұшқанмен бірдей болады.

Жергілікті атқару органдары бас мердігердің жұмысты сапасыз орындағаны үшін келісімшартты бұзуы, одан кейін қайта жөндеу жұмыстары ешқандай нәтиже берген жоқ. Жеті жылға жуық жұмыс істемей, көзге күйік болып, қаңқиып тұрған бұл мұражайдың тағдыры қалай болғанда да шешілуі тиіс», делінген Мейрамбек Төлепберген, Гүлдара Нұрымова, Нәзилә Раззақ, Жанарбек Әшімжан және Сырым Адамбаевтың атынан жолдаған депутаттық сауалда. 

Сонымен қатар олар – «сақалды құрылысты» аяқтаудың амалын қарастыруды, шешім қабылдаған шенеуніктердің жауапкершілік деңгейін

анықтауды және мұндай сорақылықтың қайталанбауы үшін құқықтық жағдай жасауды қарастыруды» сұраған.

Дәл қазір ашық аспан астындағы қазба жұмыстарының орны мен мұражайында жан баласы жоқ. Туристер түгілі, қала тұрғындарының табаны бұл маңға тимегеніне біраз уақыт болған. Қалай десек те, қазіргі таңда «Көне Тараз» қалашығының қазба орны мен мұражайы мемлекет тарапынан қамқорлықты ауадай қажет етеді.

Иә, қолында тұрғанда қонышынан басып, қыруар қаржы мен есіл еңбекті рәсуа еткен шенділердің жауап беретін сәті келгендей. Тек әдеттегідей, «айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылып» жүрмесе болғаны…    

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56