Көп балалы аналар қоғамнан неге теперіш көріп жүр?

Мариям МАҚСАТ

25.11.2020, 09:40

1429

Павлодарлық көпбалалы ата-аналар мемлекет түгілі, қоғамнан теперіш көріп отырғанын айтып, налиды. «Жасандылық, әдепсіздік, әділетсіздік әбден шаршатты», дейді олар. Соның салдарынан, тиісті жеңілдіктерін пайдалана алмай, теріс айналып кететін кездер жиі кездеседі. Тіпті, «өзімізді өзгелерден кем санайтын» болдық деп, көздеріндегі жасты жасыра алмады.

Павлодар қаласының тұрғыны 39 жасар Динара – алты баланың анасы. Тұңғышы – 16 жаста, ал кенжелері – егіз ұлдар екіден енді асты. Көпбалалы ана болғанына қарамастан, мемлекеттен беріліп отырған мүмкіндіктердің барлығын бірдей пайдалана алмай отыр. Басқасын былай қойғанда, қоғамдық көлікте тегін жүруден қалды.

«Павлодар облысындағы қала ішілік қоғамдық көліктерде көпбалалы аналардың еш ақы төлемей, тегін жүруі тиіс, деген ереженің қабылданғанына бірнеше жыл болды. Бұл талап жалпақ жұртқа белгілі. Алайда автобус кондукторлары оны пысқырмайды да. Жұма күні кешкісін мені №22 автобустан кәдімгідей, қуып шықты. Көпбалалы ана екенімді дәлелдейтін құжатты көрсетсем де «жол жүру билетіңіз жоқ», деген желеумен бір-ақ айдады. Бұл – бірінші рет орын алып отырған жайт емес. Басқа көпбалалы аналар да қоғамдық көліктерде осындай қиындықтарға ұшырайтынын жиі айтып, жазып жатады. Бұл жерде мәселе 80 теңгелік жолақысын да емес. Құдайға шүкір, оны төлейтін мүмкіндігім бар. Тек адамдардың, әсіресе, көпбалалы ата-аналарға қызмет көрсетушілердің көкбеттігі, әдепсіздігі, жасандылығы шаршатып бітті. Бірнеше баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған батыр ана екеніңді дәлелдейтін құжатты көрсетсең болғаны, саған деген көзқарасы табан астында өзгеріп, теріс айналып шыға келеді», — дейді Динара.

Оның сөзін өзгелер де қоштады. Облыс орталығының тағы бір тұрғыны Әсел Айтуарованың айтуынша, көпбалалы отбасылар жиі баратын жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері де шетінен әдепсіздік танытып, дөрекі сөйлейді.

— Бүгінде барлық дерлік мемлекеттік мекеме көпбалалы ана екеніңді дәлелдейтін құжаттарды талап етеді. Басқа да анықтамалар жиі қажет болып жатады. Сондай кездерде жұмыспен қамту орталығына бара қалсаң, кеңес беруі тиіс мамандардың барлығы дерлік көзіне де ілмей, сөзіңді естімей жатады. Қасына барып, өтінішіңді айта қалсаң, қабақ шытып сөйлеп, біртүрлы жақтырмайды. Сан түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен жұмыс істейтін бұл адамдарды арнайы курстардан өткізіп, жұртпен қалай жұмыс істеу керек екенін түсіндірмей ме сонда? Біз олардан тек адами көзқарасты көргіміз келеді. Ал іс жүзінде көпбалалы аналар өздерін алақан жайып отырған қайыршыдай сезінеді, — дейді Әсел.

Аналардың айтуына қарағанда, мұндай теңсіздік балаларға қатысты, тіпті, жиі орын алады. «Біздің құқығымыз тапталып жатқаны ештеңе емес. Балаларға қырын көзбен қарауы – ақылға қонымсыз дүние», — дейді ашынған аналар.

— Бір ғана мысалды келтірейін: менің балаларым көпбалалы отбасының балалары ретінде қосымша үйірмелерге тегін барады. Жергілікті билік олардың дамуы, ата-аналардың қалтасына салмақ түспеуі үшін дәл осындай жағдай жасап отыр. Бірақ мұғалімдердің тегін және ақылы түрде қатысатын оқушыларға деген көзқарастары әр түрлі. Әке-шешесі ақшасы төлейтін балалармен жанын салып дайындалып, үйретіп жатады да көпбалалы отбасылардың балалары үнемі шетте қалып жатады. Біз мұны мұғалімдерге бірнеше рет ескерттік. Өкінішке қарай, сөзіміз аяқасты қалды. Олар педагог бола тұра, балаларды ақылы-ақысыз түрде қатысушылар деп, екіге бөліп-жарып қарау — баланың психологиясына әсер ететінін түсінбейтін сыңайлы. Бұл жерде шенеуніктердің де кінәсі бар, деп есептеймін. Әйтеуір, жеңілдік бердік екен деп, немқұрайлы қарайды. Сол өздері жасаған жағдайдың іс жүзінде қалай жүргізіліп жатқанын бақылап, қадағалайтын ешкім жоқ, — дейді Айнагүл Сәрсенбаева есімді ана.

Тізе берсек, мұндай мысал көп. Тіпті, аналар «Кейде «Күміс алқа» иегері екенімізді жасырып, бүгіп қаламыз. Бұл мемлекеттік марапаттың түк пайдасы тиіп жатқан жоқ. Керісінше, алқамыз барын білгендер теріс қылық көрсетеді», — дейді. Шынтуайтына келгенде, көпбалалы аналарға барлық көңіл аударылып, құрмет көрсетіліп, тиісті жағдай жасалуы керек еді. Оларға деген теріс көзқарас қоғамның азғындап, адами құндылықтардан ада қалғанын көрсете ме, әлде көпбалалы ата-аналарға қатысты ұлттық идеологияның жоқтығын білдіре ме? Қалай болғанда да бірнеше баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағып, тәрбиелеп отырған аналардың төзімін тауысуға болмайды. Олардың ашуы тұтас елді төңкеріп тастауы ғажап емес...

Мәриям Мақсат,

Тегтер: көп балалы ана жалғызбасты ана қолдау қамқорлық көмек

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Елеусіз МҰРАТ 03.08.2021, 09:20
Еріккеннің ермегіне айналған әлеуметтік желіге тәртіп керек
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58