Көп қаржы түрлі қитұрқылықтарға итермелейді

Нұрболат ӘЛДИБЕК

09.06.2021, 14:26

675

      Әншейінде танауымен көк тіреп жүретін әкімқаралар әдеп жөніндегі кеңес отырысына шақырылғанда желі шығып, көздері жыпылықтап, өздері қыпылықтап қалатыны бар. Енді ше, «шатырың» мықты болмаса, бұл жер анау-мынаудың шәпкісін кері қайырып жіберуге қауқарлы. Ара-тұра аудан әкімдері, басқарма басшыларын шақырып, қағып-сілкіп алатын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбылдағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысының осы жолы нысанасына Байзақ ауданы әкімдігінің қос бөлім басшысы алыныпты.    

        Қаржы игеруге байланысты заңбұзушылыққа барған тәртіптік істі қарауға арналған жиында облыс прокурорының аға көмекшісі Бекен Абдулин Байзақ ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Мекебаев пен Байзақ ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Садыров нысанның құрылыс жұмысы көрсетілген уақытта бітпесе де, мердігердің есепшотына қаржыны түгел аударып жібергенін мәлімдеді.     

– Жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің нәтижесінде аталған бөлім мен «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында «Жамбыл облысы Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы су жинау ғимараттары мен су құбыры желілерін қайта жарақтау» жұмыстарын жүргізу үшін 820 709 326,08 теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы №89 келісімшарты жасалған. Прокуратура органдары тарапынан жүргізілген талдау нәтижесінде нысанда асфальт бетондық жабындылар және су мұнараларын сырлау жұмыстары орындалмағаны анықталды. Бұл ретте көрсетілген жұмыстар бітпегені, ол жұмыстар ауа райының қолайлы кезінде атқарылатыны туралы мердігер былтыр 28 желтоқсанда аталған бөлімге кепілхат жолдаған. Сол күні бөлім басшысы Н.Мекебаев жұмыстың бітпегенін біле тұра, актіге қол қойып, серіктестіктің есепшотына тиісті қаражатты толық аударған. Аталған бөлім «Жамбыл облысы Байзақ ауданының Қостөбе ауылында су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерін салу» жұмыстарымен айналысқан «FORTIS» серіктестігінен де нысанды қабылдап, мердігердің есепшотына қаржыны толығымен аударып жіберген. Өз кезегінде мердігер орындалмаған жұмыстарды алдағы уақытта аяқтау үшін атқарылмаған жұмыстарға төленетін тиісті қаражатты бөлімнің депозиттік есепшотына қайтарған, – деді прокурор.      

Байзақ ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Садыров та мемлекеттік сатып алулар бойынша өзімбілермендікке барған. Ол бітпеген нысанды қабылдамағанымен, қаржыны игеру үшін мердігердің есепшотына тиісті қаржыны аударған. Мұнда да мердігер атқарылмаған жұмыстарды аяқтауға кететін қаржыны бөлімнің депозиттік шотына аудара тұрған. Биыл қаңтар айының соңында мердігер жұмысты толық аяқтағанда депозиттік шоттағы қаржы оларға берілген.       Өз кезегінде кеңес төрағасы Шәкір Сұлтанхан кінәлілерге құрылыс нысандарын мерзімінде аяқтауға әу баста күш салу керектігін, уақытында қадағалауға алып, белгіленген мерзімде өз міндетін орындамаған, жұмыс кестесінен кешіккен мердігерді сотқа беру, қаржыны игерудің амалын заң аясында атқару қажеттігін айта келе, заңмен санасу керектігін баса ескертті. Басқосу барысында аталмыш әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің ұйғарымымен екі бөлім басшысына да «қызметіне толық сәйкес емес» деген ескерту берілді.

      Жалпы, құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігер мен тапсырыс беруші мекемеге қойылатын талап бойынша мердігер ғимаратты белгіленген мерзімде пайдалануға беруі қажет болса, тапсырыс беруші аталған құрылыс нысаны үшін қазынадан бөлінген қаржыны уақтылы игеруі керек.

Ал қаржы республикалық бюджеттен бөлінсе, оны көрсетілген мерзімде толықтай игеруі керек. Ал игерілмеген қаржы мемлекетке кері қайтарылатыны белгілі. Сол үшін жыл аяқталарда мердігерлер нысанды аяқтауға үлгере алмай жатса да, тапсырыс беруші мекемелер қолдағы қаржыны уыстан шығарып алмау үшін түрлі амалдарға баратыны белгілі. Міне, осы жағдай бұрынғылар айтып отыратын көп қаржы жүрген жерде түрлі қитұрқылықтар қоса жүретінінің бір көрінісі болса керек.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:29
ҰБТ-ны алып тастау қажет — Талғат Нәрікбаев
Сайт әкімшілігі 10:20
«Атамекен» рейтингі университеттің потенциалын анықтамайды – Олжас Ордабаев
Еламан СЕРІК 11.06.2021, 12:07
Мектептерде парақор директорлар әлі отыр
Сайт әкімшілігі 11.06.2021, 10:49
«Жастар-Отанға!» 5 бағытты қамтиды
Еркежан АРЫН 11.06.2021, 10:23
Қазақстан БҰҰ-ның экологиялық бастамасын қолдайды
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 11.06.2021, 09:02
Егемендік халыққа не берді?

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02