Коронавируспен күрес көзбояушылыққа ұласуда...

Қуаныш Әбілдәқызы

23.02.2022, 17:17

3122

Еліміздің батыс өңірінен Алматыға қыдырып келген туысымыз ұялы телефонымен сөйлесіп болып, «екпе де онлайн болды ғой қазір» деді. Елең ете түстім, «онлайны қалай»? «Учаскелік дәрігерім ғой. Ревакцинация жасап жатыр едік, сыртыңыздан өткізе салсам бола ма деп сұрап жатыр» деді күліп. Артынша «е, міне, хабарламасы да келді, ревакцинациядан сәтті өттіңіз деп жатыр, алдыңғы екеуін де осылай жасап беріп еді» деді. Таң тамаша болдым...

Оның алдында да декреттік демалыста бірнеше жыл отырған танысым «үйде баламен отырып, екпе қажет болмап еді, жазға қарай жұмысқа шықсам екпе паспортын сұрайды-ау деп уайымдап жүр едім, терапевім хабарласып: «келісіміңізді берсеңіз болды, екпе салынды» деп жаза берем деп хабарласты дегенде, бұл қоғам жалған екпе паспортын сатты деп кінәлап едік, енді тіпті су тегінге айналған ба» деп таңғалғанмын. Байқап қарасам, Алматы ғана емес, еліміздің басқа өңірлері де өтірік есеп үшін екпені «қағаз жүзінде салуға» көшкендей...

Шыны керек, дәл қазір көзбояушы қоғамға айналғанымыз соншалық барлық саладан адалдық, тазалық қашып кетті. Осы орайда айта кетер жайт, бірнеше жылдан бері коронавируспен күреске қыруар қаржы бөліп келеміз. Былтырдан бастап індеттің алдын алу үшін екпеге де мемлекеттік бюджеттен қаржы бөле бастадық. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Әсел Артықшинова ұсынған ресми мәліметте 2021 жылы коронавируспен күресуге жалпы жиыны 313,3 млрд теңге бөлінгені көрсетілген. Оның – 18 млрд теңгесі халықты иммундауға, яғни екпеге бағытталған көрінеді. Алайда, былтыр жыл бойына жалған екпе паспортын жасатушылармен алыстық, қолға түскенін жазаладық, тұтылмағаны құтылды. О баста екпе ерікті деп алып, артынан мәжбүрлеп міндеттей бастадық. Кейбір елдер арасында індетті жеңіп, соңғы науқасты салтанатпен шығарып салып жатқанда да біздің еліміз індетті толық ауыздықтай алмады. Сонда да министрлерді қайта-қайта ауыстырып жүріп, жауапкершілікті кімнен талап етерімізді де білмей қалдық. Саладағы жемқорлық салдарынан істі болған экс-министрдің соты әлі жалғасуда. Індетпен бір, жемқорлықпен екі алысып жүргенде медициналық қызмет халықтан алыстай берді. Тіпті Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы халықтың қалтасын қағып, ұсталатын қаржы көлемі ұлғайып жатса да медициналық қызметтің сапасы жақсармады, халыққа қолжетімділігі де артпады. Соның дәлелі көзім ауырып тіркелген емханама хабарласқанымда, көзді диагностикалық тексеретін циклоскопия зерттеуін жасау үшін сәуірдің ортасында келуім қажет екенін, оған дейін орын жоғын ескертті. Ауруды асқындармау үшін ерте диагностикалау маңызды екенін еліміздің медицина қызметі әлі күнге түсіне алар емес. Салаға жасалған талай реформа да медициналық қызметті қолжетімді ете алмады. Есесіне салада жемқорлық, көзбояушылық асқынып барады.

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екпе науқаны баяу жүріп жатқанын сынап, сол кездегі денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға шүйліккен болатын. Осы бір шүйлігу, одан қалды межеленген есепке жету саладағы көзбояушылықты одан сайын арттырды. Негізі 2021 жылдың аяғына дейін 800 мың адамға, ал биыл 2 миллион адамға екпенің үшінші кезеңі салынатыны алдын ала айтылған болатын. Белгіленген межеге жете алмау медицина қызметкерлерінің екпені «қағаз жүзінде жеделдетуіне» ықпал етуде.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын алғандар 8 миллионнан асқан. Ал 50 мыңнан астам адам ревакцинадан өткен. Ресми мен шынайының арасы қаншалықты екенін енді өзіңіз бағамдай беріңіз. Тек бөлінген миллиардтарға обал...

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01