Көрші күндес деген бар...

Путин көре алмаушылықтың құрбаны 

Жебе САДАҚБАЙ

10.03.2022, 09:44

3259

 «Ресей сияқты алып елде бар билікті бір адам тым ұзақ уақыт өз уысында ұстаса, ол жүре келе, кәдімгі шынайы өмірден ажырап кетеді. Бәрімізге тым биіктен қарайтын болғасын, өзінің бөлек әлемі пайда болады. Оның өз әлемін қалыптастыруға айналасындағы адамдар атсалысады. Өз маңайындағылардың қолпаштауымен ол өзін мінсіз, ешқашан қателеспейтін данышпан деп қана қабылдайды», деген екен орыс жазушысы Борис Акунин.

Жазушы және тарихшы Акунин блогер Юрий Дудьке берген сұхбатында біраз ой-пікірін ортаға тастапты. Ойшыл кісінің аузынан түскенді түйдектеп, ықшамдап, «Жас Алаш» оқырмандарымен бөлісуді жөн санадық. Сонымен Акунин не дейді?

– Путин әлі күнге дейін интернет қолданбайды, баяғы Брежнев пен Черненко заманындағыдай, оның алдына папкалар келіп түседі. Путинге ақпарат жеткізетіндер бастығына не ұнайтынын, не ұнамайтынын, әрине, біледі. Нәтижесінде, Путин қиялындағы әлемге тап болады. Мысалы, оған мынадай ақпарат жеткізілген болуы мүмкін: «шарасыз украиндер билікті заңсыз басып алған нацистер мен наркомандарға әрең төзіп отыр. Ол жерге әскер кіргізсек болды, нағыз күштің келгенін көрген армиясы әлсіз Украина мен Батыстың қорқақ елдері аяғымызға жығылады», дегендей. Тарих көрсеткендей, Путин сияқты билеушілер «жеңіс әкелетін шағын соғыс», деген қақпанға түсіп қалады. Елдің экономикасы нашарлап, халық жоқшылықтан титықтай бастағанда, билеушілерге жеңіспен аяқталатын шағын соғыс қажет болады. Халық қолын шапалақтап, «мейлі, аш болсақ та біз бәрін жеңетін ұлы мемлекет екенбіз», деп тоқмейілсуі үшін. 1904 жылы тура солай болды. ІІ Николай елде экономикалық дағдарыс басталып, оппозициялық-революциялық пиғылдар үдеп бара жатқанын түсінгенде, әлсіз Жапонияға тап берейік деп шешкен.

Путин де шынайы өмірден алыстап кеткендіктен, өз күшінің мықты екеніне сенді, қарсыласы әлсіз дегенге иланып қалды. Шындығында, ХХІ ғасырдың басындағы Ресей деген – әлем экономикасының екі-ақ пайызы, экономикасы бір Техас штатының экономикасына да жетпейтін, шикізат сатудан басқа түгі жоқ, технологиялық даму жағынан артта қалған ел. Бірақ амбициясы әлемнің ең жетекші елінікіндей. Бар амбициясы ядролық қаруына ғана келіп тіреледі. Енді өзіміз көріп отырғандай, жаңағы «жеңіс әкелетін шағын соғыс» Путиннің қолынан, әзірге, келмей жатыр. Ол енді ядролық қарумен қорқыта бастады, ал Путин қорқытса, шынымен қорқу керек.

1548 жылғы еуропалық революцияға өкпелеген І Николай Ресейдің қуатын көрсетпек болып, әлсіз Түркияны соғыста жеңбек болды. Түркияға ешкім болыспайды деп ойлады. Бірақ түріктерді Англия мен Франция қолдап, Николай империясының қаншалықты әлсіз екенін көрсеткен Қырым соғысы басталды. Ресейдің үлкен армиясы ұрлық пен жемқорлыққа былыққан екен. Коррупция деген қашан да авторитарлық режимдердің ажырамайтын серігі еді.

Полтава түбіндегі соғыста Ресейден жеңілген соң, Швеция тек өзінің ішкі саясатына терең мән беріп, соңғы 300 жылдың ішінде жер бетіндегі ең жетілген, халқының әл-ауқаты ең жоғары елдің біріне айналды. Ал жер жаулауын әлі тоқтатпаған Ресейдің халқы әлі кедей. Империя болу деген мемлекет үшін, оның халқы үшін тым ауыр жүк. Басқа жерлердегі өзге ұлттарға жауап бергенше, өз халқыңның қамын ойлап, ұлттық мемлекет болу әлдеқайда оңай еді. Империя болудан бас тартқан Франция мен Ұлыбритания сонысымен-ақ көп нәрсені ұтты. Халқы еркін өмірге, шалқып жүретін жағдайға жетіп отыр. Қысқасы, империя деген билеушілерге жақсы болғанымен, халыққа зиян.

Осы оқиғалардан кейін Путин билігінің пропагандасы өзінің бұрынғы күшін жойды. Путиннің ендігі қаруы репрессия, қуғын-сүргін мен жазалау болады. Жалпы, осы қателігімен Владимир Путин өз беделін әбден әлсіретіп алды, өзінің биліктегі болашақ мерзімін қатты қысқартты. Енді ақша жоқта оған өз билігін сақтау үшін халықты одан сайын жаншып, қорқытып-үркітіп, ауыздарды күштеп жаптыруға тура келеді.

Ресей, Беларусь және Украина – бір-біріне өте жақын, тым ұқсас, туысқан мемлекет, кәдімгі бір халық. Бірақ осы үш елдің ішінде Путин басқаратын мемлекеттегі халықтың өмірі Путин басқармайтын көрші елдегі халықтың өмірінен нашар болса, көрші елде майдан болып, демократия орнай бастаса – Путин үшін бұл қауіпті. Украинаға қарап, Путиннің халқы да демократияны қалап, майдан ұйымдастыруы мүмкін. Сол себепті Путин қашан да Украинаның жақсы өмір сүріп кетуіне, дамып кетуіне кедергі жасап келді. Енді осы соғыс аяқталғаннан кейін Батыс пен барша әлем Украинаға шындап көмектеседі, деп ойлаймын. Бұрын көмектеспей келгендері қателік болғанын енді түсінеді.

Меніңше, Путин билігінің салдарынан Ресейдің түбі ыдырайтыны анық. «Путин жоқ болса, Ресей де жоқ болады», – деген-ді Володин, негізі дәл айтқан. Орыс пен Ресей дүниесі бұрын-соңды әлем алдында дәл бүгінгідей, сүйкімсіз болған емес. Бірақ Ресей Путиннен мықты, Ресейдің ғұмыры Путиннен ұзағырақ болады, деп үміттенемін. Ресей түзеліп, дұрыс елге айналады деп сенемін, – дейді жазушы.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01