Көші-қон саясаты қуантып тұр

Қуаныш ЕРМЕКОВА

19.10.2021, 09:43

792

Соңғы жылдары елімізден шетелге кетушілердің көбейіп бара жатқаны жиі айтылуда. Әсіресе елімізден шетелге тұрақты тұруға кететіндердің көбеюі халықты да алаңдатқаны рас. Атап өтер жайт, елімізден кетушілер статистикасы жылына 29 000-42 000 адам шегінде өзгеріп отырады екен. Пайызға шақсақ бұл халықтың 0,2% құрайды. Көп емес десек те, халықтың алаңдаушылығын туғызып отырған мәселеге журналистік талдау жүргізіп көруді  жөн көрдік.

Кеше ғана Ұлттық статистика бюросы биылғы жылдың басынан бастап, дәлірек айтсақ қаңтар-тамыз айларындағы еліміздегі демографиялық жағдайы туралы жаңа деректерді жариялады. «Ел халқының саны 2021 жылдың 1 қыркүйегіне 19 миллион 42,1 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар — 11 миллион 287,4 мың, яғни жалпы халық санының 59,3 пайыз құраса, ауылдықтар — 7 миллион 754,7 мың екен. Ауылдықтар жалпы халық санының  40,7 пайызын құрап отыр. 2020 жылдың 1 қыркүйегімен салыстырғанда, халық саны 257,1 мың адамға немесе 1,4 пайызға өскен», — делінген департамент келтірген деректе. Статистикадағы оң өсім қуантпай қоймайды. Салыстырмалы түрде айта кетсек, 2021 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы халықтың табиғи өсімі 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 10,1 пайызға өсіп, 178,9 мың адамды құраған. 1000 тұрғынға шаққанда табиғи өсудің жалпы коэффициенті 14,14 болып отыр.

Ал 2021 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында туғандар саны 296,5 мың адамды құрап отыр. Бұл 2020 жылдың сәйкес салыстырғанда 8,4 пайызға көп екен. Яғни табиғи өсімнің көбейіп келе жатқаны қуантады. Дегенмен статистика мұңайтатыны да байқалады. Пандемияның әсері болуы керек, халықтың өлім жітімінде айтарлықтай өсім бар. Осы кезеңде қайтыс болғандар саны 117,6 мың адамды құраса, бұл 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіштен 6 пайызға көп. Өткен жылы 111 мың адам о дүниелік болған екен. Сондай-ақ бір жасқа толмаған 2345 нәресте осы аралықта шетінеп кеткен. Ал 2020 жылдың осы кезеңінде 2 129 нәресте шетінеген көрінеді. Нәресте өлімінің коэффициенті жаңа туған 1000 сәбиге 7,91 жағдайды құрайды.

Шыны керек, еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, ана мен бала өлімінің алдын алуға барынша тырысуда. Медицина саласында осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Сондықтан алдағы уақытта статистиканың оң бағытта жаңаратынына сенім мол! Ал енді халқымызды түгелдеп алсақ, енді елден кетушілер мен келушілерге де мән берсек: көші-қон қызметінің мәліметтері бойынша, 2021 жылдың қаңтар-тамызында елге келгендер саны 6 339 адамды құраса, елден кеткендер саны 22 685 адамды көрсетіп отыр. Елге келушілерден гөрі, кетушілердің қарасы басым екен. Салыстырмалы түрде алғанда шекараның пандемияға орай бақылауының күшеюінен бе екен, елден кетушілер бұрынғы кезеңмен салыстырғанда төмендеу екені байқалады. Дегенмен болашақ өмірін шекараның арғы бетінде елестетіндер баршылық екен. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 84,1 пайызды құраса, кеткендер — мигранттардың жалпы санының 86,1 пайызын құрап отыр. Республика ішінде қоныс аударушылар саны 7,3 пайызға өскен. Қазақстан аумағында азаматтар негізінен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Маңғыстау облысы арасында көп алмасады екен.

 Сонымен елден кеткендердің көбісі негізінен Ресейге қоныс аударған көрінеді. Яғни орыстар барлық кеткендердің 67,5% құрайды екен, бұл 132,7 мың адам; немістер – 11,8 мың адам (5,9%); украиндар – 12,3 мың адам (6,2%); қазақтар – 7,8 мың адам (4%); татарлар – 4,5 мың адам (2,2%); басқа да ұлттар  – 27,8 мың адам (14,1%). Ал олардың елімізден көшіп кетуінің негізгі себептері: тарихи отанына оралу және туыстарымен қосылу екен. Мұндай мақсатта кеткендер негізінен Ресей, Германия, Израиль, Польшаға қоныс аударса, білім алу және кейіннен жұмысқа орналасу мақсатында АҚШ, Канада, Польша, Германияға; өмір мен табыстың жоғары деңгейіне ұмтылу үшін АҚШ пен Еуроодаққа көшіп кетеді екен. Сондай-ақ шет елден отандастарды қайтару бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларымен Польша, Израильге; көршілес мемлекеттердің азаматтары үшін білім гранттарын бөлгені үшін Ресейге кеткендер көбейіп отыр.

Осы орайда айта кетер жайт, еліміз түрлі интеграциялық үдерістерге белсенді қатысушы болғандықтан, көші-қонға Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында еңбек ресурстарының еркін қозғалысы, көптеген елдермен визасыз режимдердің орнатылуы, халықаралық деңгейде жоғары білікті кадрлар үшін бәсекелестіктің күшейтілуі елеулі түрде әсер етіп отыр.  Дегенмен мемлекетіміз де елден кетушілерге қарап, еш әрекетсіз бос отырған жоқ. Мүмкіндігінше елді тастап кетушілердің алдын алу үшін, түрлі қадамдарға баруда. Мәселен елімізден халықтың кетуін азайту мақсатында жастардың тегін жоғары білім алуына 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлінді. Бұл соңғы бір екі жыл көлемінде ғана жастардың елден кетпесі үшін жасалған қадамдардың бірі. Оған қосымша 11 мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс орындарын құру индикаторлары енгізілді, жұмыспен қамту шаралары кеңейтілді. Шағын және орта бизнесті қаржыландыру жолға қойылып, еліміздің азаматтары үшін кәсіппен айналысуға көбірек мүмкіндік берілуде.

Осы орайда айта кетер жайт, шетелден жалақысы жоғары жұмыс ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың қызметіне қатысты Қазақстанда жұмыс ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың қызметі «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеледі. Яғни елімізден жұмыс іздеп кетушілердің құқығы да заңмен реттелген. Бүгінгі таңда елімізде жүзге жуық жеке агенттіктер аталған қызметтерді көрсетеді. Олардың қызметі жеке тұлғамен келісімшарт жасау арқылы жүзеге асырылып, жұмыс іздеп шетелге кеткен отандастарымызды осы компаниялар арқылы бақылау жолға қойылған. Халықты дұрыс ақпараттандыру үшін мүмкіндігінше шетелге кеткендердің өмірі, сәтсіздігі мен жетістігі жайлы үнемі ақпарат беріп отыру жолға қойылған.  Сондай-ақ мамандардың шетелге кетуінің алдын алу бағытында ұдайы жұмыстар жүргізілуде. «Нұрлы көш» бағдарламасы тоқтаса да, шетелден елге қайтамыз дегендерге қол ұшын созу тоқтаған емес. Шет елдердегі қандастарымыз жағдайы келгендері яғни өз күшімен көшіп келе алатындары квотаға қарамай өз қаражаттарымен келуде. Аздап болса да ниеттілер баршылық. Әсіресе елде дүрбелең басталып кеткен кезде «есім барда елімді табайын» деп, елге қайтуға асығатындардың көбейетіні байқалады. Мұны Ауғанстандағы жағдайдан соң қатты байқадық. Қанша жерден басқа елде үйренісіп қалдық дегенмен, оларды еліміздегі тұрақтылық, бейбіт өмір, қалыпты жағдай қызықтырмай қоймайды. Сондықтан мүмкіндігінше елге келгісі келгендерге қашан да құшағымыз айқара ашық.

Жалпы елімізге Қарақалпақстандағы қазақтардың үштен бірі, Түркіменстандағылардың үштен екісі қайтқан көрінеді. Осының арқасында елімізде халық саны айтарлықтай артты. Алайда алдағы уақытта да шетелден елімізге қайтқысы келгендерді қолдау тоқтамақ емес. Олардың басына қандай да бір қиын жағдай туа қалса да атамекенінде құшақ жайып қарсы алуға еліміз дайын. Соның бір мысалы жақында ғана Ауғанстаннан эвакуацияланған алғашқы 35 қазақты көшіріп әкелдік. Тағы да әкелу жоспарлануда. Олардың барлығын Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандырып, Ауғанстаннан келген әрбір отбасына 204 мың теңгеден жәрдемақы беріп, бір жыл бойы ай сайын баспана жалдауға 87 мың 500 теңге қаржылай көмек көрсетілуде. Бұл жеңілдіктер Ауғанстан қазақтары аталған облыстарға қоныстанса ғана беріледі. Бұл жоспар да бекерден бекер емес. Нағыз қазақы салтты ұстанған, Оңтүстік өңірдің халқын Солтүстікке көшіру жұмыстары соңғы жылдары елімізде қарқынды жүруде. Осындай әдіспен Солтүстік аймақты қазақыландырып қана қоймай, бос қалып жатқан Солтүстік аймақтағы жерлерге көбірек тұрғындар әкеліп, бос жатқан жерлерді игеру, қазақ даласын иесіз қалмау да ойластырылған. Сондықтан Ауғанстаннан келген қандастарымызды да осы өңірге тартудың сыры осында. Яғни көші қон мен еліміздегі қоныс удару легін басқарып отыруды мемлекетіміз ешқашан естен шығарған емес.

Жалпы көшіп келудің түрлі қиындықтарына  қарамастан  көшті тоқтатпау жоспарлануда. Қандастарымызды қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар да нәтижесіз емес. Атап өтер жайт, қандастарымызды көшірудегі мақсаттың бірі ол өмір сүріп жатқан халыққа сіңісіп кету қауіпі артып отыр. Қаржылай қиындықтарға орай өзге елдегі қазақ тілді мектептердің жабылуы, етек жеңімізді ертерек жинау керектігін сездіртуде. Қазақстандағы халықтың санын 20 млн адамға жеткізу табиғи жолмен ғана емес, елімізге келгісі келетіндерді құшақ жая қарсы алумен де өлшенуде.  Қандастарымызды әкелу өз республикасында саны аз қазақ ұлтының көбеюіне яғни үлес салмағының артуына ықпал етуде. Сондықтан елден кетушілер, рухани толысып, білім алған соң кері қайтса құба құп. Ал қайтпай қалған жағдайда халық санын түрлі жолдармен реттеп отыруды еліміз басты ұстанымы етіп отыр. Сондықтан алаңдауға да негіз жоқ сыңайлы...

Тегтер: көші-қон миграция мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:54
Қайта құрудан егемендікке дейін: Теміртауда «Өзгерістер уақыты» көрмесі ашылды
Сайт әкімшілігі 12:52
Жезқазғанда «Мен – Жас Қазақстандықпын» қала жастарының форумы ұйымдастырылды
Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30