«Көзі тірісінде ескерткіш те қойдық. Онда тұрған не бар?»

25.03.2019, 22:37

54

Бүгін Семейдегі Абай театрында Астана қаласының атауы өзгеруіне орай «Астанамыз – Нұр-Сұлтан» атты патриоттық акция өтті.Ұлыстың ұлы күнін кеше ғана атап өткен үлкен-кіші, кәрі-жасы аралас бір қауым ел театр залын толтырып-ақ тастапты. Зал ішінде ине шанышар жер жоқ. Бірнеше тұсқа мемлекеттік ту ұстаған жастар тікесінен тік тұра қалса, отырғандары «Ақ Ордам, Астанам, «Нұр –Сұлтан» — Бас қалам!» деген жазуы бар ұрансөзді төбелеріне көтере ұстап, демдерін ішіне тартып-ақ отырды. Акцияға куә болуға ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Ерлан АЙМҰҚАШЕВ та Өскеменнен әдейілеп келіп, қала әкімі Ермак СӘЛІМОВТІҢ желке тұсына жайғасты.Жүргізушілер тарапынан Тұңғыш президент ретіндегі Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ел басқарудағы маңызы, оның есімінің өзі ерекше рух сыйлайтыны сияқты сөздер айтылып бола салысымен, сахнаға қала әкімі Е.Сәлімов көтерілді. Қала басшысы семейліктер Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтың ықыласы мен көңілін жеткізу үшін жиналып отырғандығын айтып өтті. Сәлімовтің сөзіне сүйенсек, «Бабалар аманаты мен ел сенімін арқалаған Назарбаевтың атын білмейтін дүниежүзінде адам жоқ». «Бүкіл әлем Қазақстанның даму жолын «Назарбаев феномені» деп таңдана айтады», деген Сәлімов мемлекеттің тәуелсіздік жылдарындағы кезеңін меңзегенде «Құрмеуі қиын маселе» деп мүлт кетті. Дегенмен, Назарбаевтың «сарабдал саясаты жаһан жұртына үлгі-өнеге» екендігін қағаздан оқып айта келіп, «28 жыл ішінде қазақ елі мың жылдық мәні бар тарихи кезеңдерді басынан өткізгендігіне» тоқталған соң ойын қамшы салдырмастан орысша жалғастырып әкетті.[caption id=«attachment_27098» align=«alignnone» width=«1280»]Арап ЕСПЕМБЕТОВ[/caption]Қала әкімінен кейін сөз алған профессор Арап ЕСПЕМБЕТОВ те Назарбаевтың есімі ел есінде қалуға лайықты тұлға болып қалыптасқандығын, оның басты ерлігі ретінде Семей полигонын жабуы және Астана қаласын салуы деп білетіндігін атап өтті. Ғалымның пайымдауынша, «қазірде еліміз мамыражай күй кешіп отыр» екен. Алайда, осы акцияға қатысты хабарласқан Сұңғат ҚАЛИЕВТЫҢ ойынша Назарбаев полигонды жапқанымен, Семей жұртшылығын, соның ішінде Абыралы халқының әлеуметтік мәселесін көтеруге көңіл аударған жоқ.«Рас, Назарбаевтың әлем аждаһасына айналған Семей полигонын жабудағы еңбегі зор. Бірақ, сол кезде 1991 жылы аудан ретінде ту тіккен полигон ошағындағы Абыралы халқының мәселесі әлі күнге дейін өзекті күйде келе жатыр ғой. Аудан орталығы болған Қайнарда алғашқы жылдары Жапониядан, басқа елдерден дәрігерлер, зерттеушілер келіп қаптағанда түбі жақсылық болар деп ойлаушы едік. Не өзгеріс көрдік содан? Не денсаулығы түзелген ел жоқ, аудан тарап ауылдардың әкімшілік орталығы Семейге қарағанымен жылдан жылға адам саны азайып барады. Тіпті, «Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау туралы» Заң талаптарына өзгеріс енгізу керектігі байқалып тұрса да оған көңіл аударып жатқан билікте ешкім жоқ. «Бізде бәрі керемет» деп «шалдарымыз» сайрағанда осыны неге айта алмайды?», — дейді С.Қалиев.Театрдағы акцияның қарасын көбейткен жастар ішінен бір-екі студентті әңгімеге тартудың сәті түсті.«Меніңше Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі бар. Толық қолдаймын. Тіпті, дүкен салғандар да өздерінің я болмаса, балаларының есімін қояды ғой. Назарбаев енді Астананы салды емес пе?.. Оны айтпағанда АҚШ астанасы Вашингтон, Англия астанасы Лондон да адам есімдері ғой. Өз қалауыммен келіп, осы акцияға қатысқаныма қуаныштымын», — дейді М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенті Қайсар БЕДЕЛХАН.«Алғашында «Қайда бара жатырсың? Нұрсұлтанға» деп айтамыз ба? деп абдырап қалғаным рас. Бірақ, біртіндеп үйреніп кетеміз деп ойлаймын. Астана қаласын «Нұр-Сұлтан» деп атағанда тұрған ештеңе жоқ, меніңше. Тіпті, көзі тірісінде ескерткіш те аштық қой. Әлемнің қаншама қалаларында Назарбаев көшесі бар. Көше беру демекші, өткенде облыстардағы қаланың басты көшелеріндегі өзгерістерге есімін бергенде біраз кемшіліктер орын алып кете жаздады. Сәтбаев тұлғасы қашан да биік, оның да еңбегі зор. Келешекте Тұңғыш президент атына көше беретін болсақ, кеңестік атаулардан құтылсақ екен», — дейді Шәкәрім университетіне қарасты аграрлық колледж студенті Бекзат Болатов.Белгілі қаламгер, шежіреші-этнограф Молдабек ЖАНБОЛАТОВТЫҢ айтуынша, бұл – арыдан ойластырылған жай.«Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгеруіне қарсы емеспін. Бірақ, неге тасымалданып жазылғанын ұққам жоқ. Біз «Нұрсұлтан Назарбаев» деп айтып жүр емеспіз бе?! Шындығына келсек, Астананың аты өзгеруі керектігі о баста арыдан ойластырылған жай. Президент пен айналасындағылар әлемде мемлекет орталықтарының барлығы «Астана» деп аталатынын білмеді дейсің бе?.. Түбі өзгерту керектігін жақсы білді. Соның реті енді, міне, бүгін келіп тұр,-дейді М. Жанболатов.№17 мектеп мұғалімі Эльмира БАЗАРОВАНЫҢ ойныша, Астананың тұра бергені дұрыс.«Негізі өзіміз үйренген Астана тұра бергені дұрыс еді. Мойындаймыз: Нұрсұлтан Әбішұлының оның негізін қалап, жаңа орталық салған еңбегі мен басқа да істері ұшан-теңіз. Мүмкін Әзірет-Сұлтан деген тарихи ескерткішпен байланыстырғандары шығар. Меніңше, бәрібір де Астана жақсы еді. Өйткені, Қазақстан дегенде «Астана» деп білетін шетелдіктер де үйреніп қалды ғой. Олар қандай әсерде болар екен, кім білсін?.. Бірақ, бізді кім тыңдап жатыр?» — дейді Э.Базарова. Фотолар автордікі.
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 12:49
Алматыда азық-түлік апта сайын қымбаттап жатыр, бұған тоқтам бар ма?!
Сайт әкімшілігі 10:40
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
Мариям МАҚСАТ 09:40
Көп балалы аналар қоғамнан неге теперіш көріп жүр?
Дана Жарылқасынқызы 09:35
Арақ арқалатқан азап
Сайт әкімшілігі 09:30
Еліміздің төрт қаласында ауа ластанады
Сайт әкімшілігі 09:24
Бір тәулікте 720 қазақстандық коронавирус жұқтырды

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42