Күйеудің тепкісі – әйелдің соры

Айжан БҮРКІТБАЕВА

05.11.2020, 04:18

1764

        Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық саны статистикаға көнбейді. Себебі көп жағдайда әлімжеттік көрген әйелдер құқық қорғау органдарына және дағдарыс орталықтарына жүгінуден бас тартады. Алайда тіркелген көрсеткіш бойынша да бұрымдыларға көрсетілген бассыздық өткірлікке ие болып отыр. Заң құрығы бір шалып, бір шалмайтын бұл қылмыстың статистикасы биыл 25 пайызға артқанын айтады. Әсіресе төрт қабырғаға қамалып отырған төтенше жағдай кезінде олардың саны күрт өскен.

         Осы тұрғыда психолог Салтанат Серікова былай деп пікір білдірді:

— Карантин басталғалы қабылдауға отбасылық жанжалмен келетіндер көбейді. Олардың бойын қорқыныш билеп, көздері жасқа толып келеді. Кей кезде аяқ-қолдары сынып, көп жылдан бері үйден шықпау салдарынан созылмалы ауруға шалдыққандар да жүгінеді. Өкінішке қарай, бұл жағдайдың барлығы кейбір отбасылардағы жылулық, сүйіспеншілік, құрметтің азаю салдарынан туындап отыр. Тіпті бүгінде ер адамның әйелін құрметтеп, қадірлеуін қорлық санайтындар да кездеседі. «Неге сонша әйелжанды болып кеткенсің?», «Әйелдің ақылын тыңдаған еркек еркек пе?» деген сынмен надандықтан ақылсынған сөздер ер адамның психологиясын бұзады. Мұндай ер адамдар көбіне ақылына емес, жұдырығына сенеді. Демек, оларда психологиялық ауытқу бар деген сөз.

         Биылдың өзінде отбасылық зорлық-зомбылық бойынша 130 мың арыз тіркелсе, оның 8 мыңы ғана соттың қарауына жіберілген. Екі жарым мың арыз бойынша қылмыстық іс қозғалып, қалғандары әкімшілік іс ретінде жылы жабылған. 2020 жылғы көрсеткішке сәйкес, тұрмыстық жанжал салдарынан 33 адам көз жұмған. Жалпы, елімізде отбасылық зорлық-зомбылық көп жағдайда әкімшілік жауапкершілікпен ғана шектеледі. Оның үстіне биыл құқық бұзушылық туралы кодекске жаңарту енгізіліп, төленетін айыппұл сомасын да алып тастады. Енді тұрмыста әлімжеттік көрсеткендер тек ескертумен құтылып немесе 15 тәулікке ғана қамалады.

         Бұл туралы адвокат Елнұр Кішкенбаева былай дейді:

— Әкімшілік құқық бұзушылықтың 73.1-бабының 1-бөлігі 1-тармағы бойынша, күйеуі әйелін ұрып, экспертиза жарақатын жеңіл деп қорытынды берген жағдайда 15 күндік қамауға алынады. 73.2-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, жеңіл жарақат келтірмеген, бірақ ұрып-соққан болса, 10 тәулікке қамалады. Егер алған жарақаты орта дәрежедегі қылмыстар санатына жатса қылмыстық іс ретінде қаралады. ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша, орташа ауырлықтағы қылмыс, ал 106-бабына сәйкес, ауыр дәрежедегі қылмыстық іс қозғалады.

         Қазақстанда тұрмыстағы зардап шегушілердің 90 пайызы ­әйел адамдар. Елімізде жыл сайын 400 бұрымды зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмады. Темір торға таңылған нәзікжандылардың 68 пайызы күйеулерінің тепкісіне жауап беру барысында істі болғандар.

         Ресми мәліметтер бойынша күйеуі тепкіге алған 10 әйелдің екеуі ғана полиция бөлімшесіне жүгінетіні мәлімденген. Жәбірленген әйелдердің 50 пайызы отбасын сақтап қалу мақсатында, қалғандары тұрмыстағы жанжалқой мен тирандардан қорыққаннан шағымданбайтын көрінеді.

— Тұрмыста зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер көп жағдайда  арыз түсіруден қашады. Оның себептері: «маған күш қолдануына өзім жеткізген шығармын» деген оймен таяқ жегеніне өздерін кінәлайды; «балаларымды әкесіз қалдырғым келмейді» деп, отбасын сақтап қалу үшін қатыгездікке көнеді; басқа барар жері жоқ әйелдер; «балалар өскен соң қояр» деген сеніммен төзетін әйелдер көп. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйел дене, психикалық, моральдық зардаптан бөлек, «мемлекет мені қорғай алмайды» деген түсінікпен өзін қорғансыз сезінеді. Сонымен бірге отбасында көрген қиянат жарасының жазылуы да қиын, – дейді психолог Салтанат Серікова.

         Биыл тіркелген қорқынышты деректер:

11 сәуір. Тасқала ауданы Ақтау кентінде Жадыра Жұмағалиева мен кәмелетке толмаған екі қызы тірідей отқа оранды. Күдікті марқұмның күйеуі ­­­­­Серік Кафизов екені анықталған. Қылмыскер бұның алдында да әйелін тепкінің астына алып, электрошокермен азаптаған екен.

6 мамыр. Нұр-Сұлтан қаласында азаматтық некедегі күйеуі әйеліне екі жылдан астам уақыт бойы күш көрсеткен. Соққыға шыдамаған келіншек сәуір айында анасының үйіне кеткен. Алайда ашуға булыққан еркек 27  жастағы жарын ұрлап әкетіп, аяусыз ұрып-соққан.

5 қараша. 38 жастағы ер адам әйелі мен балаларын екі жыл бойы азаптап келген. Махаббат Әбдірайымова есімді жәбірленуші ішімдікке сылқия тойып келіп, өзі мен балаларын аяусыз сабайтын күйеуінің әрекетіне шыдамай, полицияға шағымданған.

Статистиканы сараласақ, елімізде әрбір үшінші отбасында зорлық-зомбылық орын алса, әрбір жетінші әйел – экономикалық, алтыншы әйел – физикалық, әрбір  үшінші әйел психологиялық жәбір көреді екен.

Заңнан бөлек, ерлі-зайыптылардың арасындағы мейірбандық пен сүйіспеншілікті некенің негізі деп қарастыратын ислам дінінде әйелге тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуге тыйым салынған. Алайда «әйелді ұруға болады, дінде рұқсат етілген» деген сөздің жетегіне еріп, жарына қол көтеретіндер де бар.

Бұл туралы «Абуханифа» мешітінің имамы Бабаназар ұстаз былай деп пікір білдірді:

— Әбу Дәуд пен ад-Дарими келтірген хадисте «Алланың құлдарын ұрмаңдар… Әйелдерді ұрмаңдар да, оларға тіл тигізбеңдер» делінген. Сондақ-ақ хадистердің бірінде әйелдерін ұрған еркекке Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алланың қаһарын төгуін сұрағаны келтірілген (Ахматтың «Муснады» хадисі). Сонымен қатар Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыз (с.а.с.) туралы былай деп айтқан: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) ешқашан не әйелдеріне, не қызметшілеріне қол көтерген емес. Тек соғыста әділдік жолын қорғау қажет болғанда болмаса, басқа кезде ешқашан ешкімді ұрмаған». Әйелін ұрып-соғатын еркектер әрекеттерін ақтап алуы мүмкін. Алайда шынайы ислам ешбір зорлық-зомбылық түріне сәйкес келмейді. Әсіресе әйелдер мен балаларға қатысты көрсетілетін болса.

Қайда хабарласу керек?

Егер сіз тұрмыстық жәбірленуші болсаңыз, 102 нөміріне «Сіздерге маскалар мен антисептиктер түсті ме?» деген құпия сөзді айтып хабарласыңыз. Qamqor.gov.kz сайты арқылы онлайн өтінім жіберсеңіз болады. Сондай-ақ 150 сенім нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде НеМолчиkz және tiispe.kz парақшалары әйелдердің құқығын қорғаумен айналысып жатыр.

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған кішкентай Отан. Сондықтан ашуын ақылға жеңдіріп, бала болашағы мен отбасы берекесін сақтайтын ерлі-зайыптылар саны көбейсін дейміз.

Тегтер: тұрмыстық зомбылық арыз қылмыс әлімжеттік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айжан БҮРКІТБАЕВА 24.11.2020, 12:54
«Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 24.11.2020, 12:41
Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 24.11.2020, 10:53
Әкімдік мамандары жәрдемақы есептерде жіпке тізгендей тергеп түгендейді-көп балалы ана
Сайт әкімшілігі 24.11.2020, 09:40
Ақмола облысы коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 15:58
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жарияланды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:40
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыс: үш адам жансақтау бөлімінде жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56