Күріш егу – кәсіп, диқанға – нәсіп

,Нұр-Қасым ЖОМАРТ

04.09.2020, 07:28

1016

Сарқылған, суының деңгейі түсіп, қайрылып қалған Сырға бір қарап, су жетпей, күйіп кеткен кей шаруашылықтардың күріштігіне күрсініп жүріп қоңыр күзді де күтіп алдық. «Күріштің арқасында күрмекке су жетпесе» де, Қызылорданың байлығына баланған Сыр салысының суы байланып, егіске орақ түсті.

Бұл жолы егінге алғаш болып Шиелі ауданы жатка салды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауданға қарасты «Ақмая» шаруа қожалығының алқабында орақ салу рәсіміне қатысты.

Шара барысында су тапшылығының алдын алу мақсатында егін түрлерін әртараптандыру қажеттігі сөз болды.

  – Биылдан басталған суармалы судың тапшылығы егін шаруашылығында әртараптандыруды шындап іске асыру қажеттігін айқындап отыр. Осыған орай, алдағы жылдары ауыспалы егіс жүйесіндегі күріш егісінің көлемін 75-80 мың гектарға тұрақтандырып, мал азықтық дақылдар егісінің көлеміне басымдық берілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Биыл аймақта барлығы 184,2 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егілді. Егіс көлемі былтырғымен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артық. Негізгі дақыл: күрiштің көлемі – 89,5 мың гектар. Егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында облыста алғаш рет перспективалы дақылдарға жататын қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1667 гектарға дейін жеткізілді. Ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы богарлы жерлерге 80 гектар күздік бидай егілді. Қазіргі таңда бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталып, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Жиналған дақылдардың орташа өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Жалпы, биыл мамандар «әр гектардан орташа өнім 50-55 центнер аралығында болады» деп болжайды.

Күзгі берекені жинау Сырдария ауданындағы «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов үшін де өте маңызды. Өйткені жыл басында осы шаруашылыққа төрағалыққа сайланып, шағандықтардың ризық-несібесін молайтуға білек сыбана кіріскен болатын. Білікті агроном, бригадир, диқандармен бірге жүріп, көктемгі егін егу жұмыстарын ойдағыдай атқарды. Одан кейінгі егіннің бап-күтімінде де егістік басынан шықпай, тынымсыз еңбектенді. Нәтижесінде алтын күзге ерекше мереймен жетіп отыр.

Шаған ауылындағы науқандық жұмысқа Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов және еңбек ардагерлері куә болды.

– Әлем бойынша 150 млн гектар жерге күріш дақылы егіледі екен. Ал бұған Сыр өңірінің қосар үлесі зор. Биыл сырдариялықтар 21 126 гектар жерге Сыр дақылын орналастырды. Ал аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – «Шаған Жер» ЖШС 2872 гектар жерге күріш екті. Ала жаздай тынымсыз еңбек етіп, агротехникалық талаптарды сақтаған шаруашылық диқандарының мол өнім алуына тілекшімін. Бүгінде Жеңісбек Сыздықов бастаған еңбеккерлер нарық заманына сай жұмыс істеп жатыр. Болашақта өндірісті әртараптандырып, оны кеңейту бағытында ауқымды жұмыстарды қолға алуда. Жаздайғы төккен тердің өтеуі қайтып, қамбаларыңыз астыққа толсын, – деді аудан әкімі.

Шаруашылық биыл күріш дақылынан бөлек, 200 гектар жерге бидай, сол шамада жаңа жоңышқа еккен. Бүгінгі таңда 1000 гектар жердің ескі жоңышқа өнімі жиналуда. Серіктестікте ауылдың 350 тұрғыны жұмыс істейді.

Негізі, әлемде күріш дақылы ғана судың ішінде тұрып өседі. Күрішті көбесінен танитын Сыр елінің диқандары жергілікті күрішті «күміс күріш», «Сыр салысы» деп атайды. Биыл сырдариялық диқандар жергілікті күрішпен қатар, алғаш рет тәжірибеден ресейлік «Партнер» тұқымын бастырып көрді.

«Ақжарма және К» шаруашылығының агрономы Ғалымбек Ізтілеуов жаңа сорттың шығымы жақсы екенін айтты.

– Шаруашылықтың 20 гектар жеріне «Партнер» сорты егілді. Күріш тұқымы 2-3 жыл зерттеліп, Ресейдің Краснодар өлкесінен жеткізілді. Мұның өнімділігі мол көрінеді және суды аз қажет ететін тұқым саналады. Сонымен қатар күріш сабағы да өте ұзын болмайды. Жаңа тұқым болған соң, аурушаңдыққа төтеп беру мүмкіндігі зор. Биыл өңірде су тапшылығы сезілгеннен кейін осы сұрыпты тәжірибеден өткіздік. Нәтижесі жаман емес. Осыдан алынған астықты келер жылғы тұқымдыққа сақтап, егістік көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деді шаруашылық агрономы.

Кеңес Одағы кезінде «Күріш фабрикасы» атанған Жалағаш ауданының диқандары да жиын-терімге кірісіп кетті. Аудан әкімі Асылбек Шәменов Таң ауылындағы «Таң ЛТД» ЖШС-нің егіс алқабында бірқатар ірі шаруашылық құрылымдарымен кездесіп, егінге алғашқы орақ салу рәсіміне қатысты.

– Күріш – біздің елдің негізгі байлығы. Ендігі мәселе – осы байлықты шашпай-төкпей, ысырапсыз жинап алып, халықтың игілігіне жарату. Бұл үшін барлық жағдай бар. Егін жинауда техника қашанда шешуші рөл атқаратыны белгілі. Ауданда өнім жинау науқанына 994 техника қатысуда, – деді аудан әкімі.

Биыл «Таң ЛТД» ЖШС 1912 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын еккен. Былтыр серіктестік күріштің әр гектарынан 76 центнерден өнім алып, рекордтық көрсеткішке жеткен еді. Шаруашылықта 115 адам тұрақты жұмыс істейді.

Облыстың экономикалық дамуында ауыл шаруашылығының алатын орны ерекше. Сыр диқандары соңғы алты жыл қатарынан рекордтық өнім алып, күріш экспортының көлемін арттырып келеді.

Тегтер: күріш егістік ауыл шаруашылығы диқан

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 19:23
Өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31