Латынға көшу қаржы көзі ме, әлде тілді сақтау ма?

Бифат ЕЛТАЕВА

05.02.2021, 09:22

2101

     Алдыңғы аптада премьер-министр Асқар Мамин латын графикасына көшуге байланысты жиын өткізген болатын. Онда әліпбидің  жаңа  нұсқасы  таныстырылды. Жиыннан соң халықтың пікірі екі бөлінді десек те болады. Алайда латын әліпбиі 2023 жылы енгізілгенімен, кириллица да қатар жүретіні көпшілікті алаңдатуда. Шынында да, латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен 10 жылға жуық уақытты алуында не сыр бар? Бұлай созбалақтап, жылда өзгеріс енгізуінің астарында қомақты қаржы жатқан жоқ па деген күмән да жоқ емес.

    Осы орайда, журналист Серік Әбікенұлы әлеуметтік желіде латын әліпбиіне сыни тұрғыдағы пікірін білдіріпті. Журналист  жазбасында «латын әліпбиінің айналасында шикіліктердің бар» екенін баса айта келе, «Баяғыда бір бригадир сушыларды тексеруге шығады. Ағаштар арасынан өтетін бөлікте шаң бұрқырап жатыр екен, алыстан байқапты. «Әй, жарайсыңдар!» деп іштей қуанып, жұмысшыларға кедергі келтірмеу үшін бұқпантайлап келіп қарапты. Сөйтсе, үш жалқау арық қазу орнына кезектесіп аспанға топырақ шашып, бұрқыратып қойып, әңгіме соғып отыр екен» дейді.

Латын таңбалы әліпби де солай – шаңы алыстан көрінеді. Теңге будақтап ұшып жатыр. «Шаңдатпаса» тұтас институт жабылуы мүмкін. Көп адамның түк бітірмей отырғаны білініп қалуы мүмкін. Ал былай… жұмыс істеп жатыр… ақша жұмсап жатыр… дұрысы – «бұрқылдатып» жатыр… бұрқ еткізіп қойып жатыр» делінген сынын тіл мамандарына емес, осы істің айналасында жүрген көзбояушыларға арналған деп түсінеміз.

   Алайда Серік Әбікенұлы айтқандай, «жалпы, латын әліпбиіне көшуге қанша қаржы жұмсалынуда»  деген сұраққа нақты жауап беретін адам да жоқтың қасы. Бірақ 2018-20 жылдардың бюджетін таныстыру кезінде латын әліпбиіне келесі жылға 300 млн теңге бөлінгені белгілі болды. Ал бұл жолғысына қанша қаражат бөлінгені белгісіз. Тек әліпбидің 2023-31 жылдар аралығында созбалақтауында жыл сайын қомақты қаржының белгісіз күйде желге ұшатыны жатыр ма? Әлде «бастарын бастайық,  кейінгісін көре жатармыз» деген сөз бе?

    Бұл жөнінде қоғам қайраткері Дос Көшім «әліпбиді өзгертумен қатар, «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдап, қазіргі қостілділік жағдайдың болашағы жоқ екенін ашық көрсетуіміз керек» дейді.

– Әлі есімде, 2000 жылы сайлауды бақылауға Әзірбайжанға бардым. Бакудегі қонақүйдің газет сататын дүңгіршегіне барып едім, бес газет тұр екен. Оның екеуі латын әрпімен, ал қалған үшеуі кириллицамен шыққан екен. Егер Әзірбайжанның латын графикасына негізделген әліпбиге 1991 жылы, Әбулфаиз Елшібейдің президенттік кезінде өткенін ескерсек, бұл  тоғыз жылдан кейінгі жағдай.

   Тілдік реформа үш-төрт жылда жүзеге аса қоймайды. Байқайсыз ба, әліпбиді нақтылаудың өзіне төрт жылға жуық уақыт кетті. Мойындауымыз керек, Қазақ елі – Кеңес Одағының ішіндегі орыстандыру саясаты ең терең орын алған, орыс тілі қанымызға сіңіп, миымыздың қыртысына өтіп кеткен республика. Бізде бұл өзгеріс ұзаққа созылатын процесс болатыны анық. Әлі де болса қарсылықтар бар, түсінбестіктер де жеткілікті. Бұл реформаға елімізді жайлаған жемқорлық та, орыстілді басшылар да, орыстанып кеткен қазақтар да  барынша бөгет жасайтыны анық. Бірақ алған бетімізден қайтпауымыз керек деп ойлаймын. Егер 10 жылда жаңа әліпбиге толық өтетін болсақ, шын мәнінде үлкен жетістік болар еді. Бұл екі реформаның қатар жүруі Қазақ елінің саяси-идеологиялық бағытын анықтап, ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытына нақты кепілдік болар еді.

Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне қатысты тағы бір мәселеге пікір білдіргім келеді. Әлеуметтік желіде «Неге латынға тек қазақ тілі ғана көшеді, ал басқалар өз тілінде қалады?» деген сияқты сұрақтар мен реніштер көп кездеседі. Әліпби – халықтың ұлт болғанының белгісі, бұл – ұлттық деңгейге көшудің нақты көрсеткіші. Мемлекеттік әліпби деген болмайды. Әрине, Қазақ еліндегі барлық оқу, білім қазақ тілінде болуы керек, мектептер мен балабақшалар, жоғары оқу орындары тек қазақ тілінде жұмыс істеу керек дегенді сөзсіз қолдаймын. Бірақ әр ұлттың өз әліпбиі болатынын түсінуіміз керек. Демек, қазақ тіліне толық көшуге әліпбиімізді реформалаудың ешқандай қатысы жоқ. Егер 30 жылдың ішінде алдымызға осы бағыттағы мақсатты қойғанда, қазіргі кириллицамен де толық қазақ тіліне көшуге болатын еді, – дейді.

  Жоғарыдағы мақаламызды түйіндесек, біртұтас ел бола тұрып, екі тілді әліпбиді қолдану қаншалықты қисынды? Әрі латын әліпбиінің толықтай енгізілуіне кириллицаның қатар жүруі кедергі келтіретіні анық. Сондықтан әліпбиді құрастырушы мамандардың еңбегі далада қалғандай болады. Оның үстіне латын әліпбиі осыған дейін төрт рет өзгертіліп отыр. 2031 жылға дейін кириллица жағаласып жүрсе, бұл әліпби тағы да өзгеріп кетуі ғажап емес.  Сол себепті бір елде тек бір алфавиттің болғаны да дұрыс секілді. Онсыз да екіге жарылған қоғамға екі әліпби өте қауіпті. Бірақ бұған ешкімнің жаны ашымайтынын аңғардық. Өйтпегенде жоғарыдағылар ақша ұрлаудың жолын іздемей, тіліміздің мәртебесін босағадан төрге шығарып, заңын бекітіп, атсалысар еді.

Тегтер: латын графикасы әліпби ұлттық комиссия

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?
Батыр ЖАСҰЛАН 22.09.2021, 12:00
Заң астарындағы «жасырынған жоба»
Сайт әкімшілігі 22.09.2021, 11:41
Михаил Ломтадзе мен Kaspi.kz Kazakhstan Growth Forum-да үш марапатқа ие болды
Сайт әкімшілігі 21.09.2021, 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39