«Ленин туы»

Жарлы БАЙҒАНИН

07.04.2022, 14:40

1915

Бұрын сырттай атын естігенім болмаса көз көрмегесін көп мән бермейді екенмін. Бүгін жұрт аузынан тастамайтын қос орденді қойшының сол ұлымен танысудың сәті түсті. «Сырт көз сыншы» дегендей өзімше сыртынан сығырая сығалап қоямын. Ет жеп өскен балаға ұқсаса не дерсің. Малшының баласы мығым, тақымы тастай болып келуші еді...

Мынаның тыриғаны былай тұрсын, балқи бастаған балауыз шамның балтырындай өмірі түзелмейтіндей тізелері ұзынтұра бойын әрең көтеріп тұрғандай әсер етеді екен. Қараңғыда қапталынан қарасаң тілерсегі дірілдеп, ауыр қапты әзер арқалап келе жатқан біреу ме деп ойлап қалуыңыз да бек мүмкін. Иір мойынға әшейін іле салғандай қауға басымен қайыруға көнбейтін сойди шаштары көлеңкелеу жерде күнге ұмсына өскен күнбағысты елестететін бұл жігіттің аты да қызық – Ленин туы.

Менің де сонша сұқтануымның басты себебі сол ерсілеу естілетін есімінде болатын. Қазекем де шіркін, ат қоюға келгенде шебер-ақ қой. Әсіресе осындай кертартпалыққа келгенде кенжелеп қалмасын білесіздер.

Осы тұста неге, өзі-ақ сұранып тұрған Күнбағыс емес? Неге, Ленин туы? – деген оғаштау сұрақ туындайтыны да орынды.

Бір қарағанда өз-өзінен теңселіп тұрғандай көрінетін денені желді күні желбіреген жалауға да ұқсатып, неге бұлай қойғанын түсіндік дегендей іштей мырс ете қалатындар, бұл сабаздың не үшін – Ленин туы аталғанын естігенде естен танбаса да ішек-сілелері қатары даусыз. Бұл – Еркебайдың азан шақырып қойылған шын есімі «ескіріп», ертеректегі ертекке бергісіз «ерліктері» ел есінде осылай Ленин туы болып жатталып қалса керек-ті.  

Әлқисса!

Өткен жүз жылдықтың жетпісінші жылдары екі жасар Лекең құлақтан қала бастайды. Біреудің жар дегенде жалғыз ұлы. Ата-анада ес жоқ. Ауылдағы жалғыз враш, мал доғдырға да көрсетеді. Не қайыр? Лекең керең секілді. Құлағының түбіне келіп айқайлаңқырап айтпасаң назар да салмайды. Содан арнайы ат басын бұрып көрші ауылдағы көріпкел кемпірге кемсеңдеп жағдайды түсіндірген болады. Білдей бір озат шопанның жалғыз ұлын емдеуден қандай бақсы бас тартсын. Естіген күннің ертесіне-ақ артынып-тартынып жеткен «Ақ бақсының» алдынан ақсарбас айтып ата-ана жүр. Асықпай отырып шәйына қанғасын – тәспі, қамшыларын қоржынынан шығарып, көлдей қып жайған ақ шүберегінің бір бұрышына қойып-ап күбірлеп бірдеңелерді оқи жөнелген «Ақ бақсы» ара-арасында ырқ-ырқ етіп терең кекірік атып қояды. Ұзақ оқыған дұғадан соң тағы да бір тереңірек кекірік атқан кербез кемпір үйдегі пештің аузын ашып тағы біраз бірдеңелерді іштей күбірлейді. Одан соң әкесіне үйдің төбесіне шығып мұржадан баласының азан шақырып қойған атын дауыстап үш қайтарадан екі мәрте айқайлауды бұйырды да өзі Еркебайдың екі құлағын кезек-кезек пештің аузына тосуға ыңғайланған. Ырым! Ерекеңде үн жоқ. Айналасын селқос қана көзбен шолып отыр. Не қарсылық танытпайды. Екінші құлағын айналдыра тосқан кезде ғана әкесінің даусын естіді ме, әлде қызық көрді ме сәл кірпігін керіп, керең құлағын тосқандай кейіп танытып еді. Піссімілләлай жөнелген кербез кемпірге жалынышты көзбен жәудірей қараған анасының жанарына лезде шық байланып шыға келді. Тфә, тфәлап тірлігіне риза болған бақсы кемпірдің қолын шылпылдата сүйген ана байғұста ес жоқ. Төбедегі мұржадан төмен қарай айқайлаймын деп аузы-мұрны қара күйе болған әкесі де әлгіні көрмесе де ести сала бас салып баласын сүйіп мәз. Баласы ыржаң-ыржаң етеді. Оны көрген әке байғұста мүлдем ес қалмаған. Әке бетіндегі күйеге күліп отырғанын ұғынатын халде емес. Естігенге күліп отыр деп есі шығып ебіл-дебіл болып жүр.

– А, Құдай, Ақсарыбас! Ақсарыбас!

Барлығының көздерін бақырайтып қойып бақсылығын дәлелдеп шыққан кербез кемпір: енді қалай екен?!, – дегендей бір керіліп алады. Содан қайтадан қазан көтеріліп, ұзын сонар әңгімеге көшкен көңілді топ кеш бата қоржын тола кәде-сыйымен бірге құнан қойды қоса өңгерген бақсы кемпірден тағы бір бата алып шығарып салған.

Аллаһу әкпәр!

Содан күн санап Еркебайдың есту қабілеті мүлдем нашарлай бастады. Ата-ана балаларын жатқыза алмай әуре. Төрге салынған төрт қабат төсегі ол да бір жиылмайды. Бірақ ойын баласы оған жата қоя ма? Кешке дейін есік алдында меңіреу адамдай сенделіп жүргені. Не күлмейді, не сөйлемейді. Әбден амалдары таусылған. Ветбрашқа да, тәуіпке де көрсетті. Енді не істемек керек? Аудан орталығы да алыс. Не көмекші шопан жоқ. Малды кімге тастамақ?..

Бұлардың жағдайына өздерімен бірдей жаны ауырып жүрген совхоздың апталәпкі айдайтын дүкеншісі бір мың болғыр жан еді. Сол келесі кезекте ауданнан доғдыр баланы арнайы ала келіпті.

Баланы айналдыра бір қарап, аузы-мұрнына үңілген әлгі доғдыр әп-сәтте күле жүріп Еркебайдың екі құлағынан пинцетпен қыстырып шиыршықтап тығылған газет қиындыларын шығара бастады. Сөйтсе, әлгі ауданның барлық тұрғынын зорлап жаздыратын жалғыз газет «Ленин туы» екен. Оны бұл үйде оқып жатқан да ешкім жоқ. Ерекеңнің ермегіне айналып, ақыр соңы саңырау қыла жаздаған бәле осы боп шықты. Ал кеп күл! Ерекеңнің есту қабілеті де лезде екі жүз пайызға артып шыға келген.

Арада біраз уақыт өтті. Әке-шешеде ес жоқ. Төрдегі төсек жиылып, кешегінің бәрі ұмытыла бастады. Босағадан көңілді күлкілер де жиі шығады. Еркебайлары енді сыбырлағанды да естиді. Бұлар әдейі сыбырлап сөйлеп соны ұлдары естіп қойса соған мәз. А, Құдай, – деп қояды іштей, жалғыз ұлды жарымжан ете көрмеші әйтеуір! 

Сөйтіп жүрген Ерекең енді бірде мұрыннан қалды. Демалысы қиындап жақындасаң тіпті жағымсыз иіс шығатындай. Байғұс ата-ана тағы да әбігерге түсті. Содан «Соқыр көргенінен танбайды», – деп, өткен жолғы білгіш дәрігерге ала жүгірген. Ол да тура бұларды күтіп отырғандай күле қарсы алды. «Аттың сыры иесіне мәлім», баланың психологиясын түсінді ме, дәрігер көп бөгелместен бұл жолы мұрын қуысынан «Ленин туының» тағы біраз шиыршығын алып шықты. Түбіндегілері ендігі іри бастаған. Кәдімгідей иістеніп кетіпті. Ешкім оқымағасын Ерекеңнің ермегіне айналған аудандық «Ленин туы» газеті ата-ананың өтініші бойынша содан кейін бұл үйге келуін мүлдем тоқтатты. Жо, жоқ, жазылмайды емес, жазылады, әрине. Тек поштабай шал ол гәзитті енді бұл үйге жібермейді. Бұл оқиғалардан кейін қай нәрсенің де соңын жақсылыққа балап үйренген бала көңіл қазекемнің ниетімен Еркебайды не жазушы, не доғдыр болады деп үміттенген ата-ананың үміті ақталмапты...

Осы аталған екі оқиғадан соң еріксіз – Ленин туы аталып кеткен Ерекеңді жұрт әлі күнге газет оқымайды деседі. Кім білсін?..

«Қойшының мінген аты топай торыға, жылқышының астындағысы арғымаққа айналады», – дегенді айнытпай айта білген қазекем малдың жайын баласының тәрбиесінен де жоғары қойғаны дұрыс па? Оның да жауабын уақыт көрсеткен секілді. Тек «Қой бағып құйрық жегендердің...» көбі өткен уақыттың еншісінде қалып қойғандай. Сол өкінішті. Балам адам болсын десеңіздер, көзінше оқымастан қол сүртіп тастай салмай, газет оқып жүріңіздерші...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 18:00
Тоқаев Ақордада Абу Даби шейхін қабылдады
Бифат ЕЛТАЕВА 26.05.2023, 15:00
Жамбыл облысы: Отандық БАҚ саясаты
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 12:11
Алматы облысында энергия тапшылығы қалай шешімін табады?
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 11:00
Министр БАҚ пен журналистиканың жайы туралы айтты
Жарас ШӨКЕ 26.05.2023, 09:51
Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 12:24
Шымкент – 100 пайыз

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31