Мәдениет министрі неге өтірік айтты?

30.01.2018, 19:45

516

Басқа – басқа, айтыс өнеріне деген елдің ықыласы алабөтен. Қайбір жылдары  айтысқа тұсау салып, тізгіндемек болғандардың өздері жұрттың сөз өнеріне деген ыстық ықыласын, құрметі мен махаббатын тұншықтыра алмады. Міне, енді бірнеше жылдан бері «Алтын домбыра» республикалық айтысы өткізіліп келеді. Алдымен жыл бойы еліміздің 16 аймағында сөз додасын өткізіп, 16 мықтыны даралап, жыл соңындағы қорытынды айтыста сол 16-ның ішінен нағыз жүйрігін анықтайтын бұл байқау қазақ айтыс өнерінің тамырын бұрынғыдан бетер бүлкілдетіп, тіршілігін тіптен сапырып жібергені анық.

Өткен жылғы «Алтын домбыраның» қорытынды айтысы Ақтөбе қаласында өтіп, жеңімпазы анықталса да, көкейде көп сұрақ қалды. Өйткені жыл бойы 16 облыста айтыс өтіп, ел енді қорытынды доданы күтіп жүргенде шу шығып, мәдениет және спорт министрлігі «Алтын домбыраға» мүлдем қатыспаған айтыскерлермен бұл байқауды қорытындылап, айды аспанға шығарды. Сонда жыл бойы «Алтын домбыра» аймақтарда не үшін өткізілді? Мәдениет және спорт министрлігі өзімбілермендік жасап, өздері қалаған айтыскерлерді додаға қатыстыра берсе, жыл бойы аймақтарда айтыс ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтап, босқа арамтер болудың қажеті қанша еді? Бұл министрліктің аймақтарда өткен «Алтын домбыраны» мойындамауы ма?

«Бұған дейін аймақтарда өткен «Алтын домбырада» үздік деп танылған айтыскерлердің ешқайсысы Ақтөбеде өткен айтысқа қатысқан жоқ. Министрлік бұл ақындардың барлығын шеттетіп тастады. Яғни осыдан алты жыл бұрын қабылданған айтыстың ережесіндегі «Қорытынды айтысқа тек аймақтардағы додада бірінші орын алған айтыскерлер ғана қатысады» деген ереженің талабы бұзылды» деп шырылдаған Жүрсін Ерман, амал жоқ, өткен жылдың желтоқсан айының соңында аймақтарда бағы жанған 16 мықтының басын қосып, өз алдына басқа айтыс өткізді. Қалай айтсақ та, Ақтөбеде өткен аламан айтыс жыршы қауымның арасына жік түсіргені жасырын емес.

«Жас Алаш» газеті сол кезде осы мәселені көтеріп, жан-жақты зерттеп, соңында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының пікірін білмек болып қанша жанталассақ та, бұл мүмкін болмады. Министр ұялы телефонын көтермеді. Баспасөз қызметі арқылы да жарытымды жауап ала алмадық. Содан өткен аптада үкімет үйінде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізеді дегенде, көктен іздегеніміз жерден табылғандай қуанғанымыз рас.

Бірақ мәдениет министрі біздің сауалдарымызға өте мәдениетті түрде жауап бергенімен, беті бүлк етпестен өтірікті соғып жібергенін өзі де сезбей қалғандай. «16 облыста айтыс өткізілді. Ал соның жеңімпаздарымен «Алтын домбыра» айтысы неліктен өтпей қалды? Жүрсін Ермандар неге басқа айтыс өткізді? Осыған қарағанда айтыс екіге бөлінгені ме?» деген сұрағымызға министр былай жауап берді.

– Әрине, айтыс біздің төл дәстүріміз, – деп Арыстанбек Мұхамедиұлы  әңгімесін әп-әдемі бастады. – Қазіргі кезде Қазақстанда кеңінен дамып келе жатыр. Айтыс  жекелеген тұлғалардың меншіктеп алған кәсібі емес. Ол – бүкіл халықтың,  қазақ халқының рухани байлығы. Сол себепті  біз қазір айтысты жергілікті әкімшіліктермен келісіп, аймақтарда ұйымдастырамыз. Мәселен, Ақтөбеде, еліміздің басқа да аймақтарында өтті.

Дегенмен де жыл бойы еліміздің аймақтарында өткізілген «Алтын домбыраның» жеңімпаздары қорытынды айтыста бой көрсетпей, басқа айтыскерлер қатысты ғой. Сонда ақ тер, көк тер болып «Алтын домбыраны» аймақтарда өткізудің не қажеті бар еді?

– Жоқ, Ақтөбеде өткен айтысқа «Алтын домбыраның» жеңімпаздары қатысты… Мысалы, Айгүлдің өзі қатысты ғой… Ақтөбеде өткен айтыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды...

Неге екенін қайдам, соңғы сұраққа жауап берген кезде министрдің үні құмығыңқы шықты. Бұл, бәлкім, өтірік айтып тұрғаннан кейін тілшілерден ұялғаны шығар. Әйтпесе Ақтөбеде өткен қорытынды айтысқа «Алтын домбыраның» жеңімпаздары қатыспағанын министрдің білмеуі мүмкін емес. Бұл туралы ақпарат құралдарында әбден жазылды ғой. Ақтөбеде өткен айтысқа бес жұптан 10 айтыскер қатысты. Жандарбек Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Сырым Әуезхан, Мұрадым Мирланов, Әсет Дүйсебаев, Жарқынбек Наушабеков, Данияр Алдабергенов, Сағадат Нұрманов, Қуаныш Шарманов. Міне, осылардың қайсысы 2017 жылы аймақтарда өткен «Алтын домбыраға» қатысып, жеңімпаз атанды екен?

Сосын «Айгүлдің өзі де қатысты ғой» деп қалды. Министр мырза қай Айгүлді айтып отыр? Он ақынның ішінен Айгүл есімді ақынды көрмедік. Бәлкім, Айнұр Тұрсынбаева шығар. Иә, Ақтөбеде өткен жыр додасында белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бағын сынап, үшінші орын алған болатын. Сонда мәдениет министрі елімізге белгілі ақынды дұрыстап тани алмағаны ма? Ақтөбеде өтетін айтыстың алдында ғана министр Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов сынды дүлдүлдерді өзі қабылдап, ақ жол тілеп, құрметтеп шығарып салды емес пе? Ең болмағанда елімізге белгілі ақындардың аты-жөндерін жақсылап жаттап алса болады ғой...

Әрине, қазақ айтысын Жүрсін Ермансыз елестету қиын. Оның сөз сайысының дамуына, өркендеуіне қосқан үлесі өте зор. Жасыратыны жоқ, қайбір жылдары да аламан айтысты Жүрсінсіз де ұйымдастырғандар болды. Бірақ бәрібір қазақ айтысының Жүрсін Ермансыз сәні болмайтынына көздері жетіп, жыр жарысын қайтадан өз қолына табыстаған. Бірақ сөз додасын міндетті түрде Жүрсін жүргізуі керек деп айту, бір жағы, артық та болар. Ең бастысы, ақынның сөзі халыққа жетуі керек. Бұл жерде ақындарда кінә жоқ. Бар мәселе – айтысты жік-жікке бөліп, өзінің білгенімен жүргізуді қалайтын басшыларда болып тұр. Енді биыл «Алтын домбыра» жалғасын таба ма? Тапса, қалай ұйымдастырылады, қалай өтеді, соңы қалай бітеді? Әлде министрлік тағы да «қазаншының өз еркі...» деп, өз білгенін істей бере ме?

Сөзбе-сөз

Жүрсін ЕРМАН, ақын:

Министр сәт-сапар тілеп, шығарып салыпты

– «Жас Алашта» менің сұхбатым шыққаннан кейінгі оқиғаларды айтып берейін. Осыдан үш күн бұрын Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев телефон шалды. «Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан телефон шалып отырмын. Біздің «Алтын домбыраға» ешқандай қатысымыз жоқ. Бердібек Машбекұлы сәлем айтты, сізді қалай қарайды екен?» деп. «Сіз де Бердібек Машбекұлына сәлем айтыңыз, айтысты қай жерде өткізеді, қалай өткізеді, министрдің өзі шешеді» деп жауап қаттым. «Біз сізді қолдап отырмыз, ренжіп қалмайсыз ба?» «Неге ренжимін, ренжімеймін» дедім. Содан кейін әлеуметтік желілерден көрдім, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бір топ айтыскерге сәт-сапар тілеп, шығарып салыпты («Жас Алаш» №102-103, 14 желтоқсан 2017 жыл).

Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА, айтыскер:

«Ақтөбеден күтіп аламыз» деді, болды

  –Маған министрліктен хабарласып, «Айтысқа қатысасыз ба?» деп сұрады, «Қатысамын» деп айттым. Соңғы бес жылда айтысқа шақырылған жоқпын. Айтыс  халықтыкі ғой. Шақырып тұрса неге қатыспасқа? «Ақтөбеден күтіп аламыз» деді, болды...

(«Жас Алаш» №102-103, 14 желтоқсан 2017 жыл).

Оралхан ДӘУІТ
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 18:00
Тоқаев Ақордада Абу Даби шейхін қабылдады
Бифат ЕЛТАЕВА 26.05.2023, 15:00
Жамбыл облысы: Отандық БАҚ саясаты
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 12:11
Алматы облысында энергия тапшылығы қалай шешімін табады?
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 11:00
Министр БАҚ пен журналистиканың жайы туралы айтты
Жарас ШӨКЕ 26.05.2023, 09:51
Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 12:24
Шымкент – 100 пайыз

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31