Мәдениет министрлігі өз өтірігін өзі әшкереледі

04.10.2018, 04:28

6

Жас Алаш сайтына биыл 200 жылдығы тойланып жатқан күйші Құрманғазы САҒЫРБАЙҰЛЫНЫҢ туған жылына қатысты екі бірдей материал жарық көрген еді. «Министр Құрманғазыны ойыншық қылып отыр» және Мәдениет министрлігі Құрманғазының қай жылы туғанын біле ме? деп аталады. 

1 қазан күні белгілі күйші Шәміл ӘБІЛТАЙМЕН сұхбат жасаған әріптесіміз Алмас НҮСІПКЕ Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫНЫҢ баспасөз хатшысы Айдар ҚЫРЫҚБАЙ хабарласқан еді. Министрліктің өкілі ресми жауап беретіндерін айтқан-ды. Біз күттік. Жауап келді. 

[caption id=«attachment_18704» align=«alignnone» width=«576»]Құрманғазы энциклопедиясы[/caption]

Шәміл ӘБІЛТАЕВ әріптесімізге өз сұхбатында биыл Құрманғазының 200 жылды еместігін айтқан еді. Ұлы күйшінің туған жылы 1823 жыл екені сол (1998 жыл) кездегі вице-премьер Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВТЫҢ төрағалығымен мемлекеттік коммисия бекіткенін айтса, тілшіміз Қозыбай ҚҰРМАНҒА сұхбат берген күйші, музыкатанушы Жарқын ШӘКӘРІМ Құрманғазы 1823 жылы туған деп жазылған кесененің ашылуында мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі қатысқанын жеткізген. Бұл жайлы жоғарыда көрсетілген мақалалардан оқуға болады. 

Енді жауапқа келейік. Жас Алаштың электронды поштасына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен біз күткендей жауап келмеді. Арнайы бланкіге толтырылған ресми қағаз жоқ. kalamger Azamat ( kalamger@mail.ru ) атты азаматтан Алмас Нүсіп мырзаға деген бір тілім хат кепті. m agent әлеуметтік желісі арқылы тексеріп көріп едік, kalamger Azamat­ — Айдар Қырықбай болып шықты.

Баспасөз хатшысы біз үшін аннотация да жазып жіберіпті. Той деп шапқылап жүрген министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қолы жетпеген бе, күйшілер, музей қызметкері мен халықаралық ұйым басшысының пікірін жазып жіберіпті.  

Қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының туған жылы туралы бүгінге дейін түрлі пікірлер айтылуда. ЮНЕСКО-ның 2018-2019 жылдары атаулы күндер күнтізбесіне және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 16 наурыздағы №73 бұйрығымен бекітілген 2018 жылы өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне ұлы күйшінің 200 жылдық мерейтойы енгізілген. Алайда кейбір деректерде Құрманғазы Сағырбайұлының туған жылы – 1806,  1818, 1823 жылдар деп көрсетілсе, қайтқан уақыты — 1879, 1889, 1896 жылдар деп берілген. Мысалы А. Жұбановтың «Құрманғазы» атты кітабы бойынша күйшінің туған жылы – 1818 жыл. Ал 2016 жылғы Қазақ халқының тарихи тұлғаларына арналған жинаққа сүйенсек, күйші 1923 жылы жарық дүниеге көрінген. Осыған орай күй өнерін дамытуға үлес қосып жүрген мамандардың пікірін білген едік.(kalamger@mail.ru поштасынан келген хат)

Жас Алаш екі тарапты сөйлетуге қашан да ықыласты. Сондықтан да Айдар Қырықбайдың еңбегін де ескере отырып, мамандар сөзін беріп отырмыз. Бірақ олардың ләмі Ұлы күйшінің тойын тойлау артық емес дегенге саяды. Құрманғазы бабамыздың 1823 жылы туғанын жоққа шығарған бірі жоқ.

[caption id=«attachment_18706» align=«alignnone» width=«741»]Фото: silkadv.com [/caption]

Айтжан ТОҚТАҒАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйші-домбырашы, фольклортанушы:

– Құрманғазы Сағырбайұлы – ұлы күйші. Батыс Қазақстан өңірінің көрнекті өкілі, күй мәдениетіндегі ерекше тұлға. Төкпе күй дәстүрінің тамаша жетістіктері Құрманғазының есімімен байланысты. Халық берген «Күй атасы Құрманғазы» деген күйшіні аса жоғары қастерлеудің белгісі ғана емес, ол ең алдымен күйшінің ұлттық музыка мәдениетіне қосқан зор үлесінің айғағы. Құрманғазы дәстүрлі домбыра өнерін көптеген жаңа жетістікке жеткізді, жанрлық, мазмұндық-бейнелік шеңберін кеңейтті, жаңа тәсілдер енгізіп, орындаушылық дәрежесін көтерді. Осының бәрі Құрманғазының өнерін ұлттық музыка мәдениетіндегі қайталанбас бірегей көрінісі ретінде танытады. Соңғы зерттеу жұмыстарға байланысты Құрманғазының туған жылы туралы түрлі пікірлер айтылуда. Ұлы күйшінің туған жылы туралы нақты деректің болмауына орай ғасыр тұлғасы ретінде оның мерейтойын ағымдағы жылы атап өтуді, рухты күйлерін насихаттауды жөн деп есептейміз.

Айдар Қырықбай жіберген тағы бір күйші Едіге НӘБИЕВ өз пікірінде Құрманғазының 1823 жылы туғандығын растайды. Сонда бұл баспасөз хатшысының Мәдениет министрлігінің қандай той өткізіп жатқандарын білмейтінін мойындауы ма?..

Едіге НӘБИЕВ, күйші:

– Құрманғазы теңдесі жоқ, дарынды күйші. Ол бүкіл қазақтың Құрманғазысы. Нарын құмында туып-өскен. Жиделіқұм, Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысына ортақ құм. Осы жерде қаншама тарих жатыр. Мұнда Құрманғазы, Дина өнерін асқақтатқан, Исатай мен Махамбет көтерілісі болған Тастөбе де бар. Құрманғазының туған, қайтыс болған жылдары да зерттеген ғалымдардың деректерінде әртүрлі. Бірақ өзінің шәкірті Ыбыр Досалиев пен ұлы Құбаш өз қолымен Құрекеңді жерлеген. Сонда Ыбыр Досалиев 19 жаста едім дейді. Ал Құрекең 73 жасында қайтыс болса, ол 1823-1896 жылдар аралығында өмір сүрген болып шығады. Биыл ЮНЕСКО шешімімен Құрманғазының 200 жылдығы тойланып жатыр. Оның туған күнін екі рет тойласақ та, биылдан бастап 2023-ке дейін бес жыл тойласақ та айырмашылық жоқ. Себебі ол қазаққа құдай берген қайталанбас тұлға, дарын. Құрекеңді Атыраудыкі немесе Оралдыкі деп те айтуға келмейді. Ең бастысы ол өз жерімізде туған. Ол біздің ортақ Құрманғазы. Мұндай адамдар мың жылда бір келеді. 

Құрманғазы бабамыздың мың жылда бір туатын тұлға екеніне біз де қосыламыз. Бірақ 2023-ке дейін бес жыл тойласақ та айырмашылық жоқ деген сөзіне үрке қарадық. Ертең Арыстанбек Мұхамедиұлы Абай, Шоқан, М. Әуезов сынды тұлғаларымыздың 200, 250, 300 жылдығын да тойлауды бастап кетсе қайттік?..

Асқар ТҰРҒАНБАЕВ,

Түріксой Халықаралық ұйымының Қазақстандағы директоры:

 – Түркі тілдес елдер құрған алғашқы халықаралық ұйым ретінде бүгіндері «түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы» деп танылған  ТҮРКСОЙ ұйымының негізгі міндеті – түркі тілдес халықтарының әлем мәдениетіне қосқан үлесін, мәдени мұраларымыздың ең озық үлгілерін алдымен өз халқымызға, яғни түркітілдес халықтарға, содан кейін барлық адамзатқа таныту және осы құндылықтарды келешек ұрпақтың санасына сіңіру. Қазақтың дәстүрлі күй өнерінің ең көрнекті өкілі Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толу мерекесі құтты болсын. Ұлы өнерді ұлықтаған ұландар аман болсын.

Мирболат Ерсаев ,Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры: 

– Домбыра – қазақ    үшін  жай ғана  музыкалық аспап емес,  одан әлдеқайда  биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға  үкі тағып,  төріне ілген, күйшілерді  төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Қыркүйек айында  күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының  200 жылдық мерейтойына арналған республикалық домбырашылар байқауы өтті. Сондай-ақ өнер додасында халқымыздың табиғатын әлемге танытар домбыраның сәні мен салтанатын одан әрі айғақтар 1500 домбырашылардың қатынасуымен кең ауқымда «Нағыз қазақ домбыра» атты мерекелік акциясы ұйымдастырылмақ.  Арал маңынан табылған  домбыра ұстаған адамның мүсіні  біздің дәуіріміздегі  төртінше ғасырға тамырын жайса,  Алтайдан табылған  домбыра  біздің дәуірімізден бұрын бесінші ғасырға тиесілі екен. Бұл осы уақыт аралығында сан ұрпақ осынау құдіретті үнмен оянып, осынау үнмен өмір сүріп келе жатыр деген сөз. Ендеше,  күй де күйшіде қазақпен бірге мәңгі жасай берсін!

Біз Асқар Тұрғанбаев, Мирболат Ерсаев мырзалардың ұлы музыкант жайлы айтқан сөздеріне қосыламыз. Бірақ Жас Алаш көтерген мәселе мүлдем басқа. Десе де, біз алдағы күні «ЮНЕСКО» мен «Түріксойды» да шатастырған министрлік басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы жауап береді деп күтеміз. Бәлкім, министр той тойлатып болған соң жауап берер...

Фото: facebook.com

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 11:11
10 жыл халықаралық іздеуде жүрген шетелдік Алматы облысында ұсталды
Сайт әкімшілігі 11:08
Алматыда Көк базар жабылады
Сайт әкімшілігі 09:21
Індет жұқтырған 98 адамның жағдайы ауыр
Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 24.09.2020, 10:28
Халық алдындағы жауапкершілікті сезінбеу қылмыс
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:25
Пандемия білім саласына серпін бере алды ма?
Жарлы БАЙҒАНИН 24.09.2020, 10:16
"Арзанның сорпасы татымас"

Аңдатпа


  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39