Мағауиннің «ҮШ АНЫҒЫ»

04.02.2020, 14:26

11

Шын-өтірігін қайдам, «естіген құлақта жазық жоқ». Моңғолияға барған бірсапарында жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Мағауин Күлтегін бабасының басына түнеп,мінәжат қылатыны туралы аңызға бергісіз әңгімені естігенім бар. Түн ортасында түнепжатқан қосынан шығып, балбал тасты құшақтап, үсті-басы малмандай су болған сұлбаныбірге жүрген ақын інісі найзағай жарқ еткенде көріп қалыпты. Осы әңгіменіестігенде-ақ қаламгердің «өзі тектес даналар алдында көз жасын бұршақтай төккенбейнесі» біздің де көкейге қонақтап үлгерген. Тәңірдің тәбәрігі секілді ғажап сәт.Мінәжат. Жазушы «күн отырмай, түн ұйықтамаған» бабасының басында тұрып нетіледі екен деші? Әлқисса, әңгімені қайраткердің «Ұлтсыздану ұраны» аталатынпублицистикалық зарлы толғауынан бастайық. Жазушының жанайқайын ұғарға аз даболса үмітіміз бар.

Жас мемлекеттің жасы бір мүшелге толды. Мағауин «Ұлтсыздану ұранын» сонау2004 жылы жазды. Жер бетінде көлемі жағынан тоғызыншы орында, асты-үсті толғанбайлық, әупірімдеп оң-солын танып қалған елдің қайда бара жатқанын бағамдайтынуақыт. Өнеркәсіп, ғылым-білім, өнер, мәдениет, әлеуметтік өміріміз қай деңгейгежеткенін саралап, салмақтайтын шақ. Яғни ес біліп, етек жапқан кезең-тұғын. Өкінішкеқарай, билік арқылы баюды ғана мақсат тұтқан азғантай топ, олигархия, асқынғанбюрократия санасы сергек Мағауин секілді қайраткер ұлдардың сенімін сетінетті,арманын адырам қалдырды. Қаламгер қаламын алып, қағазға шер төкті. «Қазақтың ұлан-байтақ қонысы – неше мыңжыл бойы ата-бабаларымыз жаннан кешіп, қисапсыз қан төгіп қорғаған, ұрпағынамирас қалдырған қасиетті жеріміз, міне, шын еркіндікке жеттік деп отырғанбейбіт күнде, сырттан жау шаппай, алапат майданда қолдан кетпей, ел аман, жұрттынышта көз алдымызда талапайға түсті. Жалмауыз болса да, жебір болса да, қазақалса жөн, бұрыннан орныққан келімсек пе, әлейім-тәлейімде барымызды тонап байлыққажеткен жаңа отаршыл ма, тіпті қолжаулық тұлғалар арқылы керегін түгел ойып алғаншетелдік алпауыт па – кім болса да, бүгінгі біз ғана емес, мыңжылдық болашақ әулетімізигілігін көруге тиіс ежелгі құтты жұртымыз осындай ақырзаман тажалдарының көмейінекетіп бара жатыр».

Елбилігі мен байлығын шексіз иемденген бұл топ (бюрократия, олигархия) ұлт мәдениетін,тілі мен ділін тәрк етті. Отау иесі болар он үшке келгенше тілі «шықпай»,мелшиген мешел қоғам жазушының жан жарасын асқындырды. Кейде осы он алты жыл бұрынжазылған еңбекті («Ұлтсыздану ұранын») оқып отырып, «бізге бәрібір болып кеттінемесе ақыры бәріне көндік» деген ой келеді. Әйтпесе қазақ тілінде іс жүргізгенмемлекеттік тұтас құрылым, тұтас жүйе қане? «Ең соңғы деректемебойынша, биыл, жыл басы 2004 жылдың 1 қаңтарында Қазақстандағы қазақтың жиынсаны 8 миллион 550 мың 846 жанға жетіпті, елдегі халықтың 57,2 пайызы. Егербіздің қазақ республика тұрғындарының 80-90 пайызына жетіп, оның ішінде туғантіліне жат, тек қана орыстілді (оған қосымша ағылшын, неміс, испан, түрік,эскимос, чукча т.т.) бауырларымыз миллион емес, жүз мың; бес мың емес, жаңағы дөңгелектенозып тұрған 846 ғана кісі болсыншы, бәрібір қазақ тілінің көсегесі көгермеседі. Үкіметіңіз де, парламентіңіз де дәл қазіргідей қазақ тілін аяқасты етіп,орысша сайрап отырар еді. Өйткені бар билік, бар билік болмаса да, президентіңізбен соған тетелес тағы екі-үш адамнан басқа, дүниенің тұтқасын ұстап отырғанбарлық қожайындарыңыз қазақша білмейді – небәрі 846 кісі, бірақ жол – солардыкі,неше пайыз, неше миллион халқыңызға пысқырмайды да. Мұны көп көрсеңіз, мен қазіргі елбасыңыз – қазақортасынан шыққан, қазақша сөйлей алатын ең соңғы президентіміз болмағай деп қауіптенем».Аталмыш еңбекте осындай жолдар бар. Құдай көп көрмесін, он алты жылдан кейінжалпы халықтың саны өсті, қазақтың да үлес салмағы артты. Бірақ не өзгерді? Әрине,ештеңе. Жаңағы Мұхаң айтқан «дөңгелектен озып тұрған аздың азаншысы» – көптің көнбістағдыры, «көне» жолы. Бұл күндері, расында, елбасының қазақшаны мүдірмей, асашешен сөйлейтіні еміс-еміс еске түседі.

Бұл жолға неге түстік, неге көндік? Мұның да жауабын жазушы зар толғауындаашық айтты. Тәуелсіздік алған жылдары ұлт руханиятын (әдебиет, мәдениет, тілін,ділін) жоқтайтын жоқшылары берген серт, айтқан анттан тайып, ақырып кірген Ақ ордаданталай рет «жынын алған бақсыдай» жуасып шығыпты. Ол жуастықтың артында баспайдасының бақай есебі бұғып жатыпты. Біреуге атақ, біреуге ақша, біреуге тағыбірдеңе керек екен. Ел-жұрттың қамын ойлап, азабын арқалаған санаулы қаламгер үнішықпас – жалғыз, шаңы шықпас – жаяуға айналыпты. Саған керек емес тіл мен діленді кімге керек болсын. «Егер адалын айтсақ, тәуелсіздіктіңалғашқы кезеңі –  экономикалық дағдарыс,тұрмыс таршылығы жылдарында ұлттық идеяны насихаттауда, заманның шынайы суретінжасауда, уақыттың көкейкесті мәселелерін көтеруде жазушылар қауымы марғаулықтанытты да, барлық жүкті журналист ағайындар атқарды».

Жағдайосылай болса, әлгі «дөңгелектен озып тұрған аздың» дариға-дәурені жүрмей қайтсін.Жүрді. Әлі жүріп келеді. Әрине, мемлекеттік тілдің тұғырына қона алмауының басқада толып жатқан факторлары бар шығар, бірақ «қой» дейтін қожа бола алмаған,мінезсіз қалам ұстағандарға біздің де өкпеміз бар. Жазып-сызатын азырақ қауқарыбар бізге де өкпе-реніш артатын ұрпақ келеді. Өйткені біз де санаулы, батыл журналистердіңрепортажын, тікелей эфирін (елдегі кейбір жағдайларға байланысты) смартфоннансығалап қарап отыратын жазарманбыз. «Бір заманда «Сталинге тең таппай қиналған» қауымның бар ықыласы ендіНазарбаевқа ауды. Көреген дедік, білгір дедік, дана дедік. Алаша ханға теңедік,Абылай ханға жеткіздік. Өзіміз ғана айтқамыз жоқ, бүкіл қазақ жұртын хорғажетеледік». Ендігі ықылас-ниеттің не боларын да қу ішің сезеді кейде. Баржеткен жетістік, арқалаған арман-мұрат осы болса, өнбес дау – тіл, діл деп өзеуреудіңқажеті қанша? Оданша он алты жыл өтсе де, бүгінгіден еш айырмасы жоқ кешегі қоғамның(анығында, бүгінгі) кескін-келбетін кестелеген публицистикалық еңбектің тағы дабірер тұсын еске ала отырайық.

«Қайда барсам алдымнан үш шал шығады»деп күйінеді қаламгер. Біртұтас халықты үшке бөліп, үш биді қазақ бірлігініңсимволы қылып, сурет салып, мүсін қашаған сорақы идеологияны сынайды. Қазақбаспасөзінің дәрменсіз, пұшайман халін айтып ашынады. Сол кездегі қазақ мүддесін(тілін, ділін) мансұқтаған оппозицияны онша ұнатпаса да, Алтынбек бастағанжігіттердің «Ақ жолына» сенім артады. «Ақ жол» партиясының бүгінгі бағыт-бағдарымаған жақынырақ екенін жасыра алмаймын. Бұл жерде ұлтын сүйетін, парасатты,жігерлі жас саясаткер бауырым отыр». Ақсақал Алтынбекті айтады. Көп өтпей Мұхаңғана емес, мұқым қазақ сенген Алтынбек атылды. Жазушы да шетел асты. Түңілді,торықты. Тәуелсіздіктің бір мүшелдік шерлі шежіресі тасқа басылып, тарихта қалды.Бұл – бір анық.         

«Жармақ»– зар толғауға («Ұлтсыздану ұранына») жүк болған шерлі шежіренің көркемформасы, роман түрі. Шығарма «Ұлтсыздану ұранындағы» көтерілген ұлттық мәселелердітолық қамтыған картина болмаса да, жартыкеш қазақтың жармақ-тағдырын өрісінесыйдырып, өзегіне қондырған.  Бұл шығармашылықжетістік – жазушының мінезі, өзі тұстас, замандас қаламгерлерден бұрын басқан(тәуелсіздіктен кейін) екінші қадамы. Жаңа заманның кейіп-кеспірін жаңа тәсіл,жаңа образбен сомдап шыққан әдеби шығарма. Туындыда кейіпкерлер диалогы,монологтары арқылы заман шындығы, қоғам сұмдығы қозғалады. Публицистикалық зартолғаудан кейін бұл шығарманың жазылуы заңды еді.

«Меніңбалаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанғабоялып жатыр». Кімді кім атып, кім кімнің қанын төкті? Көкірегі қарс айырылып,«балаларым мен немерелерім» деп күңіренген кім? Әрине, Мағауин. Жаңаөзентрагедиясы. Табан ет, маңдай терін даулап, жеті ай бойы алаңда тұрған бейуазхалықтың оққа ұшып, опат болғаны қайраткердің қабырғасын қалай қайыстырмасын. Қаламыналып, «Қан төгілді!..» деді. Халықты қаралап, айыптай сөйлеген өзінің тұстас,замандас жазармандарға, өнерге таласы бар өзге де жұртқа ашынып айтты. Аласұрды.Қанды қырғыннан жеті жыл бұрын, яғни «Ұлтсыздану ұранында» қайраткер: «Әлемнің қайелінде, қай жерде дәл осы біздегідей, еңбек адамының қақысын соншама жеген,жеке басын соншама қорлаған жағдай бар екен? Біз келіп, байырғы жұртқа тиесілібар байлықты тегін иеленген шетелдік кәсіпкерлер үшін қазақ – арзан жұмыс күші ғанаемес, дәрменсіз, құнсыз, сорлы халық. Және қазақты дәл осындай қорлық, құлдықжағдайға жеткізген – әуелі өзіміздің егемен өкіметіміз, содан соң, біз, қазақ –өзіміз» деп айтудай-ақ айтты. Мәу деген өкімет, мән берген ешкім жоқ. Сол теңсіздіктіңақыры қантөгіске ұласты. Талай жас қыршынынан қиылды, талай шаңырақ ортасына түсті.Жылаған жұртты жұбатып, «бауырым, балам» деп басынан сипағаны – Мағауиннің (әрине,тәуелсіздіктен кейінгі) адамдық, азаматтық, саяси портретін анық көрсететінмінезі.

Осықанды оқиғадан бірер жыл кейін қиыр қонып, шет жайлаған қандастар қамы жайындағы«Қазақсыз Қазақстан» жарияланды. Ол мәселе бұрын да зарлы толғауда жеріне жетеайтылған. Жақында ғана Қазақстан үкіметінің қаулысына сәйкес, 2020 жылғыоралмандарға берілетін квотаның былтырғымен салыстырғанда 653 адамға қысқарғаныбелгілі болды. Осындай шешімдер қайраткердің ертерек жазған дүниелерін есіңесалып, қайта қарап шығуға жетелеп тұрады.

P.S. Сүлеймен пайғамбарғабір күні құмырсқа келіп: «Саған Жаратқан ием желді не үшін бағындырып бергенінбілесің бе?» – деп сұрапты. Сүлеймен пайғамбар қапелімде жауап таба алмай, мүдіріпқалыпты. «Ол сенің патшалығыңның түбі желге ұшатынын меңзегені», – депті. Солсияқты Жаратушы пендесіне дарын, қабілет беріп, қолына қалам ұстатқанда нені меңзедіекен? Маған Мағауиннің бір өмірі осы сауалдың жауабы құсап тұрады.

80 жасқа толып жатқанклассик жазушының шығармашылығы, ғалымдығы жайында газет-журналдар жарыса жазыпжатыр. Біз классиктің қайраткер, азаматтық һәм саяси портретін көрсетуге қолданкелгенше тырысып, аз-кем сөз саптадық.  

Автор: Ырысбек ДӘБЕЙ

Фото: magauin.com


Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ 24.09.2020, 10:28
Халық алдындағы жауапкершілікті сезінбеу қылмыс
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:25
Пандемия білім саласына серпін бере алды ма?
Жарлы БАЙҒАНИН 24.09.2020, 10:16
"Арзанның сорпасы татымас"
Айжан БҮРКІТБАЕВА 24.09.2020, 09:51
Қазақстанда қандай қылмыс жиі жасалынады?
Қарлығаш Зарыққанқызы 24.09.2020, 09:34
«Бесоба» синдромы сабақ болмады ма?!
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 11:05
МӘМС аясында қандай медициналық көмекке жүгінуге болады

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27