Мамандық таңдау машақаты

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ

27.05.2021, 15:59

1210

Таңдау… Осы бір сөздің мағынасына әдетте көп мән бермейтініміз рас. Бірақ ол үлкен сұрақ болып, үнемі алдымыздан шығып отырады. Мысалы, бір жол бар – алыс, бір жол бар – жақын, қайсысымен жүру керек? Сырттай қарағанда оңай болып көрінгенімен, оның дұрыс жауабын табу тіптен жеңіл емес. Сонда өмірдің өзі сан тарапты таңдаулардың табан ізімен шиырланған тарау-тарау жолға айналады.

Расында, таңдау – оңай шағылатын жаңғақ емес. Өйткені адамның өмірі қысқа, мүмкіндігі шектеулі; ал «болсам», «жетсем» деген арман-қиялында шек болмайды. Қайтпек керек? Қазір Карл Маркстің атын атасаң, шалшық судағы бақаларша шұрқырап қоя беретіндер көп. Не көріп шуылдайтынын өздері де білмейді. Сол Карл-екең он сегіз жасында жазған «Жас адамның мамандық таңдаудағы толғаныстары» атты эссесінде «алдыңа қойған мақсатың мүмкіндігіңе сай келіп, сол жолда аянбай тер төксең, құдай да тілегіңе жетуіңе көмектеседі» деген ой айтады.  Мұның қай жері қате? Тіпті «құдай» деген сөзді де Маркстің аузына біз салып отырған жоқпыз, кезінде өзі солай жазған. Бұдан көріп отырғанымыздай, мақсатқа жету проблемасы қажеттілік пен мүмкіндіктің арасында өтетін философиялық диалог арқылы шешілмек керек. Яғни адам бір нәрсеге қол созғанда өмірлік мұқтаждықтары мен ішкі тілектерінің емеурініне ғана ере бермей, ең алдымен өзінің нақты «салмағын» таразыға тартып алуы тиіс. Мамандыққа қатысты айтар болсақ, бұл «салмақтың» құрамды бөліктері: сол мамандыққа деген сүйіспеншілік, соған лайық білім-қабілетіңнің болуы, таңдаған мамандығыңның бүкіл машақатын алдын ала түйсініп-түсінуің, ақыр аяғында барлық қиындықты жеңіп, мақсатыңа адал еңбек, таза біліммен жететініңе деген сеніміңнің болуы.

Егер біздің жастарымыздың 75 пайызы осындай сенімнің сертіне жеткендер болса, мен мұндай мақаланы жазбай-ақ та қойған болар едім. Өкінішке қарай, шынайы өмірде бұл цифр 180 градус кері бағытты көрсетіп тұрғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Тіпті әрбір жүз маманның жетпіс бесі емес, жиырма бесі ғана дұрыс жолға түсіп үлгерген болса, қазіргі таңда осының өзі де аз олжа болмас еді. Онда біздің еліміз анау айтқандай отыз озық елдің қатарына жуықтап қалуы да ғажап емес-тін. Шындық осындай ма?!

«Жаман айтпа» деп, ауызға қақпақ қоятындар бар. Жантыныштықты ғана ойлайтын, жақсыаттанғыш жалпақшешейлер көп. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «қазақты жамандады» деп, Абайды репрессиялағысы келгендер де болды. Шоқанның, Ыбырайдың, бүгінгі Олжастың ойы жеткеннің бір пайызына да бойы маңайламай тұрып, оларды күстаналайтындар әлі де бар. Мимен түсініп, зердемен бағамдайтын құбылыстарды байыптай алмасақ та, құлақпен естіп, көзбен көре алатынның бағасын беруге шеберміз. Білім көгінің ажарын ашатын биіктегі алып шамшырақтарымыз азайып, есесіне ергежейлі «сахна жұлдыздарының» көбейіп бара жатқаны, бәлкім, содан ба екен? «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның провинциялық университетін бітірген екі қазақ баласының біреуін Жапония, екіншісін АҚШ елу мың долларлық жалақы төлеп, өздеріне шақырып алып кеткенін айтып жүрген ешкімді көрмедім. Сол АҚШ пен Еуропаның ең дуалы ауыз мамандарын өнерімен тәнті еткен Рахат би Әбдісағин деген пианист қазақ баласының талантына қошемет көрсетіп соғылған қол шапалақтаулар симфониясының қазақ даласын дүрілдеткен дүбірлі даусын да естімедік. Өйткені музыка құдіретін түйсіну үшін құлақ пен көзден басқа да «бірдемелер» керек. Бұл «бірдемелердің» аты – іргелі білім мен биік талғам. Бізде, міне, осылар жетіспейді. Сахнаға жаңа киімдерін көрсетуге шығатын әншікештер мен бірінің үстіне бірі секіріп «ойнайтын» әзіликештерге алақанымыз қызарғанша қол соқсақ та, әлгі айтқан Рахат би секілді шынайы таланттардың есімдерін естіп-білмейтін себебіміз де осыдан.

Жә, бұл айтылғандардың мамандық таңдау дегенге қандай қатысы бар?

«Баланы – жасынан» дегендей, әлі оң-солын толық танып үлгермеген жас ұланның мамандық таңдаудағы алғашқы кеңесші-ақылшысы – ересектер, әсіресе баланың ата-анасы екені түсінікті. Сондықтан баланың дұрыс таңдау жасауындағы жауапкершіліктің басым бөлігі де ата-ананың мойнында. Онда осындай «пойыз» міндетке «еріксіз» жегілетін «паравоз» ата-ананың өзі қандай? Жоғарыда біз айтқан, «сахна жұлдыздарын» қолпаштап қол соғудан арғыны көре бермейтін қалың көпшілік, әлде сол ата-аналар мен ата-әжелерден емес пе?! Әрине, басқа кім болсын. «Қояннан көжек туады, көжекті бөжек қуады» дегендей, жақсы болсын, жаман болсын, талғам да өзінің орнын түбі бір табады. Сөйтіп, қолынан келгендер – сот пен әмірші-әкімші, оған жете алмағандар – саудагер-сатушы, жан қинамай, жеңіл жолмен күн көргісі келгендер – тәуіп-құшынаш, қушыкеш-пысықаш, әншікеш, әзіликеш, асаба-тойшыкеш болып кете барады. Қазіргі таңдағы ең танымал, табысты «кәсіп» түрлері де осылар. Жастар, олар ғана емес, бурыл бастар да, ұлы Абай болжағандай, «есек артын жуса да, мал таптың» жолына түскелі қашан. Неге түспесін, өзгеге масыл болмай, өз күнін өзі көру замана талабы екенін жұрттың бәрі-ақ түсініп болған. Сондықтан мамандық таңдаудың да бастышарты – оның материалдық тиімділігі. «Қыздың жігітті ұнатуы міндет емес – байлығы болса, ең болмаса жан бағарлық айлығы болса» дегендей, мектеп бітіруші өспірім жас та, ата-анасы да мамандықтың өзін емес, одан келер пайданың көзін таңдайды.

Мектеп бітіруші… Көптеген бітірушілер болашақ мамандығын қолына аттестат тигеннен кейін бір-ақ таңдайтынын қайтерсіз. Яғни таңдап жатуға уақыт та жоқ. Ақшасы жеткен немесе «түйесі шөккен» біреуіне қойып кетеді. Бұған «балалық қой» деп жеңіл-желпі қарауға болмайды. Мамандық таңдаудағы мақсаттылықтың орнын кездейсоқтық басуының өзі ілуде бір болатын кездейсоқ жағдай емес, қазіргі білім беру саласын жаппай жайлап алған жағымсыз құбылыстың бұлтартпас көрінісі дер едік. Өйткені бір нәрсені таңдау үшін де күш керек. Мамандық таңдауға қатысты алғанда, бұл күштің аты – білім мен қабілет. Осы екеуінен құралақан адам (біздің мақаламызда – бала немесе мектеп бітіруші-абитуриент) нені таңдасын. Ата-анасының ақшамен бе, басқамен бе, тауып берген оқуына түсіп, алып берген дипломына ие болса болғаны. Мұндай «маман» жұмыстың да шекесін қыздырмайтыны күнделікті тәжірибеден белгілі. Жалпы, кез келген жұмыстың қалыптасқан схемасы, ғылым тілінде айтқанда, алгоритмі бар. Сол алгоритмді жаттап алумен ғана жұмысты «тындыратындар» жетерлік. «Оптимист» әдіскерлердің мектепте 10-12 жыл «шығармашылықпен» оқытқанынан шығып жүрген нәтиже осы ғана. 4-5 жыл «оқып», алған дипломы бір жақта, тапқан жұмысы басқа жақта болып жүретіндер аз емес.

       Нақты білім мен біліктілікті талап ететін мамандықтан гөрі телефонмен сөйлесіп, барып-келіп істей беретін шенеуніктікке де жастардың үйірсек келетіні содан шығар. Мұның үрдіске, құбылысқа айналатын себебі – қоғамда соған толық жағдай жасалған. Архитектордың дипломын ал да, мал директоры бола бер, мархабат. Әрине, қолыңнан келсе. Осыны білетін жастар бір жұмыстан екінші орынға суша ырғып, құмша сырғи бермек. Осылай болатынын бүгінде 1-сыныптың оқушысы да білетін жағдайға жетті. Неге осылай? Неге жастар мамандығын, нақтысын айтқанда жұмысын, жиі өзгертеді? Себебі ол кезінде мамандықты дұрыс таңдамаған, екіншіден, өйтіп-бүйтіп диплом алып шыққанымен, оған лайық білім мен біліктілік деңгейін меңгермеген. Әйтпесе мамандықтың жаманы жоқ екеніне өз басым сенімдімін. Бұл қыздырма сөз емес, қып-қызыл шындық. Кез келген мамандықтың адамға беретін мүмкіндігі жетерлік, ашылмаған қыры мен сыры да көп, тек өз ісіңнің шебері бол да, сыр пернесін баса біл. Алғыс та, атақ та – сенде. Ал егер байлық пен билікке жеткің келсе, бизнеске, одан әрі мансапқа айналдыруға болмайтын бірде-бір кәсіп жоқ екені тағы сөзсіз. Осының біреуін де істемей не істей алмай, «алма піс, аузыма түс» деп отырсаң, оған мамандықтың ешбір кінәсі жоқ.

Алайда бұл айтқанымыз – мамандықты таңдамай, талғамай, кез келгенінің етегінен ұстап кете бер дегендік емес. Адам киетін етігін де таңдайды. Таңдаған жарың – тағдырың болса, мамандық – өмірің дер едік. Ендеше мамандық таңдау дегеніміз – өміріңді таңдау болып шығады. Нақты жағдайда мамандық дегеніміз – «жұмыс» деп аталатын үрдіспен мағыналас келеді. Жұмыс пен мамандықтың арасына теңдік белгісін қоятын да, қоймайтын да кездер бар. Егер адамның жұмысы мамандығымен 100 пайыз сәйкес келіп жатса, қоғамға да, өзіне де керегі осы болар еді. Жоғарыда айтқанымдай, қойдың оқуын бітіріп, тойдың тоқымын қағатындар аз емес. Бұған керісінше, кейбіреулердің дипломына бергісіз – өз кәсібін мамандығына айналдырған практик-шеберлердің болатыны да белгілі. Оның үстіне қазіргідей заманда бір орында тұрақтап ұзақ жүру де қиын. Осындайда жұмыс орнын өзгерткенімен, дағдылы кәсібін, мамандығын сақтап қалатындар ұтады. Яғни өмірдің өзін бір организмге теңесек, оның қан қысымы күрт ауытқымай, әдепкі қалпын сақтауға мүмкіндік алады. Олай болса мамандық тұрақтылығы – отбасы тұрақтылығынан кейінгі маңызға ие мәселе. Ал тұрақтылықтың түп атасы – тағы да сол таңдай білу бірегейлігі. Дұрыс таңдай білмесең, үтік екеш үтігіңді де жиі ауыстырасың. Бірақ барлық шаруа таңдай білумен ғана біте қала ма? Онда нотариус, адвокат деген секілді «таңдау» дейтін кеңесші мекеме ашып қойып, барлық жұмысты сонымен бітіріп отырмаймыз ба?! Мектепке, университетке барып, уақытымызды (өмірімізді), ақшамызды (еңбегімізді) жоғалтып неміз бар?

Мен жоғарыда таңдай білу үшін де күш керек, оның аты білім мен қабілет деген едім. Рас, қабілет – әр баланың туа біткен қасиеті десек, мектеп пен университетсіз білім алуға болмайтыны анық. Оның үстіне білім – адамның туабітті қабілетін жетілдіретін жетеккүш. Міне, сонымен, әңгімемізді «мамандық таңдау» дейтін сұрақтан бастаған біз енді сол сұрақтың шешуін іздеп, мектеп пен университет табалдырығынан аттағалы отырмыз. Онда бұл мектеп пен университет дегендер не үшін керек? Әрине, балаға білім беру үшін. Ал олар білімді қалай береді? Бұрындары білім беру дегенді оқыту деген ұғыммен мағыналас түсінетін едік. Бүгіндері бұл ескірген көзқарас болып қалған секілді. Өйткені «біз балаға бәрін айтып бермеуіміз керек, олардың өздігінен білім алуына бағыт-бағдар береміз» дейтін сөзді кез келген мұғалімнің аузынан естуге болады. Осы тезистің 100 пайыз орындалғаны сонша – білім ошақтарында (мектеп, колледж, университет) балаға оқытпай, білім беру «жоспары» 100 пайызға жуық орындалып келеді. Әрине, ара-арасында және ара-тұра «оқытып қоятын» ұстаздардың барын да жоққа шығаруға болмас.

 Обалы не керек, бұл дәстүрдің тамыры тым тереңде жатыр. «Бас жаққа барыспағанның» өзінде, «хрущевтік дәуір» басталғаннан бері десек, қателесе қоймаспыз. Бәрі «қабілетсіз бала жоқ, білім бермейтін, оқытпайтын мұғалім бар» дейтін педагогикалық ұстанымнан басталғандай. Негізінде, бұл өте дұрыс тұжырым. Барлық гәп – іс жүзінде оның тонын теріс айналдырып алуда. Яғни сонау 60-жылдардан бастап, «Үлгермейтін бала болмауы тиіс!» дейтін педагогикалық-әкімшілік талап іс жүзінде балаға терең білім берудің орнына, оларға өтірік баға қоюмен ауыстырылғаны өмір шындығы. Ұзақ жылдар мектепте мұғалім болып, көзбен көрген жағдайға негізделіп айтсам, «3» деген бағаны толық меңгерген «медаль» иегерін табу қиын болатын. «Қандай оқушыға 3 деген баға қоюға болады?» деген педагогикалық-дидактикалық талаптың шарт-мәтінін оқысаңыз, бұл айтқанымыздың ақиқаттығына көзіңіз жете түседі. Яғни «үш – үш алудың өзі күш» болып шығады. Шынында да, бағдарламалық материалдың 40 пайызын білмейтін баланы «үлгереді» деп қалай айта аламыз? Ал іс жүзінде сол 40 пайызды ғана толық меңгерген медаль иегерін тапсақ, малақайымызды аспанға атуға тура келеді. Тіпті министр болса да, кезінде дұрыс білім алмаған, әлі де сол деңгейінен аспаған адамдар мұны түсіне алмайды. Өйткені олар мектеп дәлізінен «желіп» өткен, білім алудың қиындығын сезінбеген. Оларға бәрі оңай.

Мақтанып қалу үшін емес, сөз реті келіп тұрғасын айтайын, мен осыдан 50 жылдай бұрын (1967 ж.) өзім мұғалім болып істеген мектептің педагогикалық кеңесінде сөз сөйлеп, «Балаға өтірік баға қойғанды тоқтатайық. Оларға шындап білім берейік. Сонда енді бір он жылдан кейін өтірік баға қоюдың қажеттігі болмай қалады, барлық бала үлгеретін болады» деп ұсыныс айтқан едім. Сол сөзім – әлі де сөз. Өкінішке қарай, қазіргі өтірігімізді көргенде бұрынғы өтірікпен «жылап көрісуге» тура келеді. Оның үстіне ашықтан-ашық ақша жинау, коррупция. Бала мектепке зердесін білімге толтырып қайтудың орнына, қалтасын ақшаға толтырып «бара салғысы» келеді. Сонда басы да «ауырмайды», бағасы да дұрыс болады. Осылай екенін бірінші сыныптың оқушысы да аз уақыт ішінде біліп үлгереді. Осыдан кейін бәрі саудамен бітіп жатқанда, білім кімге керек болсын. Осылайша мектеп іші «базар экономикасының» бір алаңына айналады. Айырмашылығы сол: бұрын өтірік баға тегін қойылатын, жалқау мұғалімнің өзінің жан тыныштығы үшін, ал енді ақылы.

 Осы жағдай ондаған жылдарға созылуының салдарынан оқушы түгіл, мұғалімнің өзінде бір түйір білім қалмай барады. Мектепте оқытудың орнына бағдарламалық материалды үйге тапсырма беру арқылы «орындату» –  «қайсыбір ханның қасқа жолына» айналған.  Бұл аз десеңіз, тест алу, жоба жасату дейтіндер білімі де жоқ, білім берейін деген ниеті де жоқ «кейбір» көптеген мұғалімдердің көктен тілегенін жерден береді. Оқушыға жауабын өздері де білмейтін осындай тапсырмаларды беріп қойып, тиын-тебен санап отыра бер. Бүгінде әр мұғалімнің оқушыға күніне 50-60 тапсырма арқалатып жіберуі «заңдылыққа» айналған. Мектеп пен мұғалімдер тарапынан «оқушыны отарлау саясаты» дегеніміз осы болады. Кезінде Ресейдің қазақ жерін отарлаған қатыгездігінен қай жері кем? Екеуі де бағыныштысын амалсыз мәжбүрлеп, діңкесін құртуға келіп тіреледі. Егер білім берудегі өтірікті бүгін тоқтатпасақ, енді 50 жылдан кейін де осы гөй-гөйді айтып отыратынымыз хақ. «Ештен кеш жақсы» деген.

Біздің білім басшыларымыз «шетелде керемет» деп, шәкіртті одан сайын езгілеп, тепкілей түседі. Сонда бағдарламаны барған сайын ауырлата беруден басқа білері тағы жоқ. Олар «оқушы кітаптан басын алмай оқи берсе білімді болады» деп ойлайтын секілді. Енді қайтсін, өздері білім алу дегеннің не екенін білмей өткен пақырлар емес пе. Мұндай бала білімді бола ма, әлде миы суға айналып, іріңді бола ма?! Білім генералдарының мұнымен ісі жоқ. Шындап келгенде, дамыған шетелдерге жетудің де, тіпті олардан озып кетудің де жалғыз жолы бар. Ол – көзбояушы өтірік атаулыны тоқтатып, оқушыға (студентке) шындап білім беру. Бірақ бұл үшін, ең алдымен, мұғалімнің өзі білімді болып алуы керек. Және мұны мемлекеттің де, оқушы мен ата-ананың да емес, тек өз есептерінен («за свой счет») іске асыруы тиіс. Сын көтермейтін оқулықсымақтарға қарамай қол қоятын шаршаған академиктер мен екі сөздің басын дұрыс құрай алмай қалт-құлт еткен үй шаруасындағы шала сауатты авторшаларды бұл қызметтен босатып, оқулық пен бағдарлама жазуды жігерлі де білімді жастардың қолына берген жөн. Мейлі, олар сол үлгі тұтқан, бізді үнемі таңырқатып келе жатқан шетелдерге барып, оқып-үйреніп, тәжірибе алып отыратын болсын.

Біздің «білім реформасы» дейтінді аш ішектей созып келе жатқанымызға да алпыс жылдың жүзі болып қалды. Бірақ білім саласы жақсарудың орнына кері кетуде. Мұның да себебі – сол баяғы өтірік көзбояушылық формализм мен халтуризм. Өз басым шетелдік болсын, отандық болсын, кез келген дұрыс жасалған реформаға қарсы емеспін. Ал ол өзгерістер қандай ұстанымдарға негізделуі тиіс, осы орайда, өзімнің кейбір жеке (субъективті, бірақ реалды) көзқарастарымды айтқым келеді.

1. Адам, яғни оқушы да – абсолют емес, ал оның өмірі мәңгілік (мәңгі двигатель) емес. Ендеше мәңгілік емес адамға (оқушыға) абсолют талаптар қоюда ешбір мағына жоқ. Білім берудің мақсаты – төменгі, орта және жоғары деңгейлі мамандар дайындау. Сондықтан бағдарламаны да, оқулықты да, шәкірттің біліміне қойылатын дидактикалық талаптарды да «мәңгілік» пен «абсолюттік» идеялардан босатып, өндіріс пен өмірдің сұраныстарына сәйкес нақтыландыру қажет. Яғни ертеңгі (бүгінгі де) дәнекерлеуші өзінің мамандығы мен кәсібін жоғары деңгейде мінсіз атқаратындай білім мен дағдыға ие болсын. Оның миын сутегі молекуласының, Ай мен күн тартылысының шым-шытырық «формулаларымен» ашытпайық. Егер дәнекерлеуші «пысық» адам болса, сол формулаларды білмей-ақ энергетика министрі болып кете алатынын бүгінде көріп отырмыз. Тоқетер айтпағым: қажеті жоқ талаптармен оқушы баланың бағын байламайық, намысына тимейік, миын ашытпайық, денсаулығын бұзбайық, бәрібір ендігіде «әркім өз күнін өзі көреді», оның болашағына, тіпті тұтас өміріне жауапты болып жатқан ешкім жоқ. Бізге таусылып бітпейтін «қажетсіз» формулалармен миы ашып кеткен миғұла «теоретик» емес, өз кәсібін жетік меңгерген, миы тұнық, ойы сергек практик-маман керек. Сонда ғана мұғалім – мұғалім, дәрігер – дәрігер, инженер – инженер болады. Ал қазір орысша айтсақ, «не мясо, не рыба» маман дайындап жүрміз.

2. Бізге әрқайсысы өз орнында білікті қызмет атқаратын төменгі, орта, жоғары санатты мамандар (дәрігер, архитектор, инженер т.б.) ғана емес, ғылым мен техниканы, технология мен индустрияны жетілдіретін жасампаз ғалым-өнертапқыштар да керек екені даусыз. Бірақ бұл үшін сыныптағы 25 баланың миын 11 (енді 12) жыл бойы ашытудың қажеті жоқ. АҚШ-ты соңғы екі ғасыр бойы осындай небары 2 пайыз интеллектуал-гвардия ғана паравозша алға сүйрелеп, әлемдік индустрияның  көшін бастап келеді. Әрісін айтпағанда, біз соңғы 30 жыл бойы сыныптағы 30 баланың бәрін (әрқайсысын!) осындай интеллектуал етеміз деп тыраштанып, бірақ содан миғұла массадан басқа ештеме жасай алған жоқпыз. Сондықтан авангард-интеллектуалды, байдың, бастықтың, ақша бергеннің баласы демей, қабілеті мен таланты, қызығушылығы мен бейіміне қарай таңдап, арнайы дайындаған жүз есе пайдалы. Мұның нақты формасы мен мазмұнын тиісті орындар анықтап, тұжырымдама, бағдарламаларын жасауына болады.

3. Адамның ең бақытты шағы – балалық кезі. Осы кезде ол өмірдің қызығына тойып, ләззатына қануы тиіс. Ал біз оны білім береміз деген желеумен дидактика, методика дейтін темір етіктердің өкшесімен тепкілеп, есі дұрыс баланы жарымеске айналдырамыз. Сондықтан бүгінгі мектеп бағдарламасын қажетсіз қоқыр-соқырдың барлығынан тазартқан жөн. Баланы тапсырма беру арқылы үйден емес, мұғалімнің өзі сыныпта оқытуы керек. Бұл оңай емес, әрісі – алпыс, берісі отыз жыл бойғы өтірік оқытудың «даңғыл жолынан» шығу көп күшті талап етеді. Бірақ қажет. Оның есесіне баланың артық жүктен босаған уақытын оның мәдени-ұжымдық демалысын ұйымдастыруға жұмсаған игі. Сонда ғана біз білімді де білікті, ойы сергек, дені сау адам (маман да) тәрбиелеп шығара аламыз. Қазіргідей жаппай құл-оқушы емес, әркім өз деңгейінде ұлы оқушы болуға мүмкіндік табады. Фальш-пафосқа негізделген псевдо-методиканың диктатурасынан азаттық алады.

Бірақ бұл жол көп адамға ұнамайды. Өйткені білім беру саласы (орта, арнаулы орта, жоғары), оның қызметкерлері қазіргідей жатыпішер жемқорлықпен қош айтысып, маңдай терін тамшылатып жұмыс істеуі керек болады. Одан да қиыны – қазіргі мұғалім-ұстаздардың көпшілігі өз міндетін атқаруға жарамсыз болып қалады. Мұны білім басшылары да ұната қоймасы анық. Алайда басқа жол жоқ. Егер біз индустриалды елге айналғымыз келсе, шындап интеллектуалдық әлеуетімізді көтеруді қаласақ, онда білім берудің бірегей талаптарын мүлтіксіз орындауға мәжбүрміз. Бұл талаптың аты – көзбояушы өтіріктен бас тартып, білім берудің шынайы жолын таңдау. Сонда жас ұрпақтың мамандық таңдаудағы машақаты да азаятыны сө

Тегтер: білім онлайн оқу офлайн оқу қаулы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 19:47
Байбек: Nur Otan-ның сайлауалды уәделері өңірлерде 14%-ке іске асырылды
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 24.09.2021, 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 24.09.2021, 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39