Мамин, сені қайтейін?!

Батыр ЖАСҰЛАН

13.07.2021, 09:29

4175

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты қызметінен босатты.

     Оның себебін «Әкімдіктердің және ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең алдымен осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ», – деп түсіндірді.

        Шынында да, жағдай қиын. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде 3000-ға жуық мал қырылып қалған. Малы қырылған фермерлер не істерін білмей, көмекті қайдан күтетінін білмей дал болды. Үкімет кеш қимылдады. Басқа салалар да оңып тұрған жоқ.

        Елжан Біртановтың орнына келген Цой біршама уақыт өтсе де, әлі денсаулық саласындағы проблемаларды шеше алған жоқ. Пандемия кезінде халықтың денсаулығы күрт нашарлап кетті. Ана өлімі өсті, жүрек сырқатымен ауырғандардың саны 40 пайызға жетті.

       Аймақтағы әкімдер тиімді жұмыс істемейді. Қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан, шаруа қожалықтары 33 миллион гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы. Бұл әсіресе Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр. 

       Қазақстанда 800 мыңға жуық адамның табысы күнкөріс деңгейінен төмен. Кедейшілік 4,5 пайызға өскен. Пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Тоқаевтың былтыр берген тапсырмасын жүзеге асыруда үкімет сылбырлық танытуда. Халықаралық стандартта мойындалған Pfizer вакцинасының 2 миллион  дозасын елге жеткізу ісі тоқтап қалған. Жалпы, қалыптасқан түйткілге тек президент араласса ғана мәселе қарала бастайды. Біздің үкімет жұмысында әлімсақтан дәл осындай жүйесіздік қалыптасқан. Еліміздегі инфляция деңгейі бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға жетті. Бұл болжанған көрсеткіштен тым жоғары.

       Көкөністің бағасын ұстап тұру мүмкін болмай отыр. Алты аймақ – Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана инфрақұрылымы толық, көкөніс сақтайтын қуатты қоймалар бар.

      Бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңгеге жеткен. Мамин үкіметінің жұмысындағы сылбырлықты осылай тізіп, жалғастыра беруге болады.

       Бірақ бүкіл кемшіліктерге бір ғана министр кінәлі сияқты. Кетер-кеткенше «жер сатылуы керек» деген принципінен айнымаған ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қызметінен кетті. Негізі, олқылықтарды түзей алмағаны үшін Омаров емес, бүкіл Мамин үкіметі отставкаға кетуі керек еді. Өкінішке қарай, мызғымайтын Мамин тағы да орынтағын сақтап қалды. Сапархан Омаровтың орнына ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы болып Ербол Қарашөкеев деген келді. Өмірбаянын қарасаң, үнемі белді қызметтер атқарған. Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкін басқарған, «Самұрық-Қазынада» істеген, қаржы министрлігі қазынашылық комитетінің төрағасы болған. Соңғы екі жылда «ҚазАгро» холдинг» АҚ басқармасына жетекшілік еткен. 45 жасына дейін ылғи қаржы, экономика саласында басшылықта жүрген. Ал асфальтта өскен бала егіннің, малдың жайын біле ме? Жалпы, бұл салаға, негізі, ауылдың, аймақтың, аграрлық саланың түйткілдерін жетік білетін маман келуі керек еді. Енді қайтейік, осы уақытқа дейін қаланың өндірісті аймағын ғана аралап қайтатын, әлі түкпірдегі қазақ ауылына барып көрмеген  Маминнің таңдауы осы болса...

       Тағы бір қисынсыз нәрсені қараңыз, президент үкіметтің жұмысын сынап жатқан уақытта премьер мырза кейбір көрсеткіштерді аса мақтанышпен айтты.

    – Мұғалімдердің орташа жалақысы 253 мың теңгеге, медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 320 мың теңгеге, ал әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 180 мың теңгеге, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 267 мың теңгеге дейін көтерілді. Жалпы, соңғы алты айда елдегі орташа айлық жалақы 233 мың теңгені құрады.

      Осы мақтана айтарлық көрсеткіш пе? Айлығың мен шайлығыңды баға мен инфляция жұтып бара жатқан уақытта қолыңа алған жалақың жарытымсыз болып қала бермей ме? Басқа емес, мұны үкіметбасы Мамин ұғуы керек еді.

       Ал қоғам Маминнің жұмысына төмен баға беріп жатыр. Егер халықтан үлкен болмаса, ар-ұятты сезінсе, үкіметбасы ретінде кеше қалыптасқан жағдайға байланысты  өз өтініші бойынша отставкаға кетуі керек еді.

     – Неге тек қана ауыл шаруашылығы министрі орнынан кетті, тұтас үкіметті алып тастау керек еді. Қолынан айтарлықтай түк келмейді. Маминге өз потенциалын көрсетуге жеткілікті уақыт берілді. 2019 жылдан бастап отыр. Осы үкімет ел тарихындағы ең әлсіз, ең сылбыр үкімет-ау.

2020жылдың жазында вирустан қырылып жаттық. Оны «халық вирусқа сенбеді, карантинді ұстанбады»деп,ақтап алғысы келетіндер бар. Солай болған күннің өзінде,дәріханада дәрі жоқ, маска тапшы. Халық вируспен бетпе-бет қалды. Елтыныс алу баллондарын бір-бірінен сұрап, шетелден өздері жеткізіп жатты. Сондай жағдайда жылдам әрекет етуі тиіс үкімет тым баяу қозғалды. Сол баяу қимылдың салдары мыңдаған адамның өлімінеәкелді. Ондай үкіметті неге әлі ұстап отыр?

        Маңғыстау, Қызылордада қуаңшылық. Жұт. Мал қырылуда. Үкімет түрлі күштерді жұмылдырып, жедел әрекет етудің орнына екі апта сылбыр қозғалды. Шөпті қарапайым тұрғындар жеткізіп жатыр. Азаматтар өз мәселелерін өздері шешіп алса, онда үкіметтің не керегі бар? Ондай үкіметті несіне ұстап отыр? Үкіметті тұтас ауыстыратын сәт келген жоқ па? – дейді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

       Жағдай, шындығында, қиын. Жетекші партия делінетін «Nur Otan» неге үнсіз? Кеше «Адал» партиясы мен Қазақстан фермерлер қауымдастығы қуаңшылыққа байланысты премьер-министрдің атына 10 тармақтан тұратын шұғыл үндеу жолдады.

— Елімізде жұттың басы басталды. Ауруды жасырғанмен, ол жазылып кетпейді. Біз мұны жасырмай ашық айтуымыз керек. Мойындамай отырмыз. Өңірдегі жағдай күннен-күнге ушығып барады.  Маңғыстау мен Аралда мал қырылды. Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Түркістан облыстарының шаруалары да жаппай дабыл қағып жатыр. Малға беретін азық жоқ. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Әзірге шулап жатқан ауылдағы ағайын, қаладағылар әлі де болса бейқам отырған сыңайлы. Бұл проблема ешкімді де айналып өтпейді.  Бұл – жалпыхалықтық мәселе. Қуаңшылық, құрғақшылықтың нағыз зардабын жыл аяғында және келесі жылдың басында тартатын боламыз. Еттің келісі 5000 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Үкімет тез арада шұғыл шара қабылдауы қажет, – дейді журналист Мақсат Толықбай.

       Ал қарапайым Түркістан облысының тұрғыны, 24 жастағы жігіт Құрмет Талапқазы мал аштан қырылып жатқан өңірлерге алты вагон шөп артып, елге үлгі болатын бір шаруа бастады. Ал саусағын қимылдатпаған Мамин үкіметі президентті қаншалықты тыңдайды? Президенттің сылбыр Маминге не үшін тісі батпай отырғанын түсіну қиын. Бәлкім, «Мамин, сені қайтейін?!» деп, басы қатып жүр ме екен?! Әйтпесе қоғам тарапынан Маминнің отставкасы туралы айтылып келе жатқалы біраз болды ғой.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»
Сайт әкімшілігі 11:34
Вирус жұқтырғандардың саны 7778-ге жетті
Дайындаған Айдын ОЛЖАЕВ 09:00
Ей, енді не істейміз?
Дарын ЗАМАНБАЙ 29.07.2021, 08:41
Жалқау қазақтың ғалымдары да жалқау болды
Еркежан АРЫН 28.07.2021, 08:45
Заң көмегінің сапасы артуда
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15