Маралды мекеннің мехнаты: Табиғат қорғаушылар қашанғы қорлық көреді?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

11.09.2020, 10:23

962

 Тұяғын маң-маң басқан марғау маралдардың маңғаз мекені жазира далаға  көрік береді.  Осы өлкеге табан тірегенде  жан дүниеміз  жақұт жырға толып, шабытымызды  шырқау биікке самғатты.  Суреттеуіміз сап тыйылмас па еді, сағым дала сақшыларының сарғайған күйін көріп, көңілге көлеңке түсірмегенде...

Бұйратаудың бұла тірлігі

      «Бұйратау»  мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2011 жылдың  11 наурызында  ҚР Үкіметінің жарлығымен құрылған. Көлемі 88 968 гектар  жерді құрайды. Аумағы Ақмола және  Қарағанды облыстарына тиесілі. Мекеме бастапқы  кәсібін  марал өсіруден бастаған. Осы шаруашылықпен дендеп айналысатын  Қатонқарағайдағы, Көкшетаудағы, сондай-ақ Қарқаралыдағы ұлттық парктер  әріптестеріне сүтқоректілер тобына жататын осынау жануарды сыйға тартқан. Осылайша 35 бас маралды алдарына салады.  Арада алты жыл өткен соң, төл басы көбейгенде оның тең жартысын  далаға шығарады. Күтімге алған  жабайы жануарлардың осы күнге дейін   шығыны болмаған.  

    – Жұмысқа машықтанып алдық. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек, 500-ден астам  маралды табиғатқа жіберіппіз.  Себебі олар жабайы дала жануарлары. Қазір қарамағымызда  100  төл бар. Оның 50-і  күйек кезеңінде жүр, көктемде төлдейді.   Алдағы  жазда  олардың  тең  жартысын еркіндікке жібереміз. Күйектегілердің жай-күйін  тәулік бойы  бақылап отырамыз, – дейді мемлекеттік ұлттық  табиғи паркінің табиғат кешендерін қорғау бөлімінің басшысы Хавдалмұрат Қаhарман.

      Мәртебесі жоғары парктің жұмыс аясы  біртіндеп кеңейе түскен. Қазір мұнда сүтқоректілердің 55 түрі бар. Албарда  Қызыл кітапқа енген сегіз құс  мекендеп жүр.  Сирек құстардың санатындағы сұңқылдақ аққуды  осы арадан таптық.   Аядай көлде  жүзіп жүрген  құс төресінің  сұңқылдаған даусы  әудем жерден  құлаққа шалынады.  Жайылымға  бас қойған 50 құлан,  250 елік,  30 қабан керім өлкеге сән беріп тұр. Әсем көріністен Африка құрлығының фаунасына тап болғандай әсерге бөленесің. Адамның аялы алақаны аясында күтіп-баптауы келіскен бұл адал аң-құстар мен  жайқалып өскен орманды өлкенің жағдайына алаңдауға негіз жоқ.  Жемшөп қоры жеткілікті, қауіпсіз мекенде қамсыз тіршілік етуде. Тек бейқам күйдегі жануарларға  браконьерлер бүлік салмаса...

                          Браконьерлер шаң қаптырып кетеді

      Бұл маңның мүлгіген тыныштығын бұзатын  қауіпті жауы браконьерлер болып тұр. Себебі олар  сапарға сақадай-сай болып сайланып шығады. Табиғат қорғау инспекторлары кетеуі кеткен техникаларымен  қайраңдап жеткенше, табиғат қаскөйлері шаң қаптырып кетеді. Хавдалмұрат Қаhарманның айтуынша,  ұлттық парктегі көш кейін қалатын  «Уаз», «Нива» секілді көнерген көліктер  суыққолды мергендердің мықты техникаларының ізіне де ілесе алмайды. Қорықшылардың қыста жүретін мотоциклдері де шабан. Былтыр табиғат қорғау инспекторлары полицияның көмегімен  бір топ браконьерді   қолға түсірген.  Олар маралды жайратып салып, сайран салып отырған жерінде ұсталды. Қарақшылар қамаудан құтылып, есесіне мемлекет қазынасына 700 мың теңге айыппұл төлеп құтылған-ды.  

                                                  Мылтықсыз майдан

      Табиғат қорғаушылары да екіаяқтылардан секем алып, сескенеді.  Жануар түгіл,  жолында тұрған жанға мылтық кезеп, мерт қылудан  тайынбайды. Өз ісінің адалдары  керек болса, кеуделерін оққа  тосуға бар. Алайда үкіметтегілер табиғат қорғаушыларының мүддесін ескермей келеді. Былтыр оққа ұшқан қорықшының қазасынан соң, мемлекет басшысы құзырлы органдарға  ұмыт қалған сала мамандарына жіті назар аударуды қадап тапсырғаны есте.  Президенттің  пәрменінен соң,  ұлттық паркке  11 «Байкал»  тапаншасы берілген.  Бірақ оның қайырын басшылық көріп отыр. Жетекшілері беруге бейілді, алайда заңға бағынатын заман. Бар гәп –  инспекторлардың пайдалануына рұқсат жоқ.  Бұл оспадар заң  2000 жылдың  3 тамызында  ел үкіметінің қаулысымен шығарылған. «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау  жасау туралы» заңы деп көрсетілген.  Ұлттық парктің жанкешті  мамандары  әзірге сырттан келген жаумен мылтықсыз майданға шығып жүр.

    

                                               Тұрлаусыз тірлік

      «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи  паркінде 81 инспектор жұмыс істейді. Бір басқа бірнеше міндет жүктелген. Қорықшының, орманшының, көлік жүргізушінің шаруасын қатар атқарады. Қыстың қақаған аязында, күздің қара суығында, жаздың аптап ыстығында тәулік бойы түзде жүреді. Күнкөрістері бел жазбайтын  бейнеттен тұрады.  Жағдайларын айтқанда аза бойымыз қаза болды. Әйткенмен  кәсіби киіммен қамтамасыз ету міндетінен мін таппайсыз. Бірақ біркиерлердің сапасы сын көтермейді. Арнайы формалары бойды жылытпайды, ыстықтан қорғамайды,  денеге панасы жоқ.  «Арқаның ақшаңқан аязы тұла бойыңнан өткенде сүйегіңді сырқыратып, құйқаңды шымырлатады», – дейді біз тілдескен инспектордың бірі. Ал тендерді ұтып алушы фирма көзбояушылыққа салынып, мемлекет қаржысының басым бөлігін оң жамбасына  басып қалуды ойлайды. Жекеменшік иесі табиғат қорғаушыларына  арналған киімдерді  сапасыз матадан тіктіреді.  Мұндағы азаматтардың дені тапқан-таянғандарының  бір бөлігін жылы киім  сатып алуға  жұмсап келеді. 

     Бірнеше  міндетті арқалаған  ұлттық парк қызметкерлері бар болғаны 100 мың теңге жалақы алады. Кәсіби міндетін атқару барысында алда-жалда  жазатайым оқиғаға тап болса, оларға әлеуметтік төлем төлеу  мүмкіндігі  қарастырылмаған. Инспекторлардың көпшілігінде жеті бала, кейбірінде кем дегенде екі перзенттен бар. Көпбалалы отбасыларға орман және аң шаруашылығы комитеті тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер көрсетілмейді. Мұндағы жарытымсыз жалақыға телмірген  атпалдай азаматтар күн ұзаққа ашқұрсақ жүреді.  «Кеңес дәуірінде консервідегі бұқтырылған ет тағамдары мен кептірілген нан, қант, қалташықтағы шай салынған «құрғақ тағам» орамасымен қамтамасыз ететін. Келмеске кеткен заман көзден бұлбұл ұшты. Енді сол кезді аңсап отырған жайымыз бар», – деп қапаланды жұмысшылар.

     Инспекторлардың алды зейнеткерлік жасқа жақындады. Олардың қатарын толықтыруға жастарды шақырса, келгілері жоқ. Құзыреті мен қаупі полициядан кем емес, қайта екі есе артық табиғат сақшылары барлық жеңілдіктен қағылып отыр. Базыналарын кімге айтып, кімнен араша сұрайтынын білмей дал. Республикалық орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің өкілдері есеп алу үшін жылына бір рет бой көрсетеді. Жалғыз-ақ тындырған істерін тергеп, жіпке тізіп әкетеді. Комитеттегілер ешқашан  инспекторлардың жеке бас жағдайын сұрап,  жақ ашпаған. Соған қарағанда жақын арада еліміздегі табиғат жанашырларының еңбегі еленетін түрі көрінбейді.

Тегтер: экология табиғат мәселе инспектор байлық жанашыр майдан тіршілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 13:50
Қазақстанға құс тұмауын жабайы құстар әкелген болуы мүмкін
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 11:16
Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:34
Өткен тәулікте пневмониядан 1 адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:38
Ұшақ құлап, 25 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:35
Пневмония: науқастар саны тағы артты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:26
Өткен тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43