Мәслихаты – Сауранда, депутаты – Кентауда, сонда бұл халықты алдау ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

28.04.2021, 09:10

1884

Түркістан облысында жаңадан құрылған Сауран ауданының мәслихатын жасақтаудан шу шықты. Жұртшылық биліктегілердің қабылдаған шешіміне риза емес. Ал атқамінерлер үшін көпшіліктің талап-тілегінен гөрі жоғарыдағылар берген тапсырманың құны қымбатырақ болғаны ма, түсінбедік.Сауран мәслихатына қатысты арыз-шағымдар елордаға дейін кетіп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы Түркістан облысы құрылған соң, Түркістан қаласының құрамындағы  12 ауылдық округ Кентау қаласына өткен болатын. Былтыр жаңа жылдың алдында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев осы 12 ауылдық округтің Кентаудан бөлініп, өз алдына Сауран ауданы құрылатынын мәлім етті. Бұл кезде «Nur Otan» партиясы праймеризінің нәтижесі шығып қойған, бірақ әлі мәслихат сайлауы өтпеген. Жаңа ауданның мәслихатын жасақтау жөнінде әу баста белгілі бір жоба-жоспар болған сияқты. Алғашқыда бәрі осы жоспардың  сценарийіне сәйкес жүзеге асқан.

Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, басшылар осы сценарий бойынша сайлаудан кейін Кентау қаласының мәслихатын тек кентаулық азаматтардан жасақтаған. Жоғарыдағы 12 ауылдық округтен (дәлірегі – құрылғалы жатқан Сауран ауданынан) ешқандай өкіл енбеген. Атқамінерлер жақын арада Сауран ауданы құрылатынын, сол кезде жаңа аудан мәслихатының құрамына  праймеризде жеңімпаз атанған 10 саурандық азаматтың енетінін мәлім еткен. Көпшілік осыған сенген. Алайда ақырғы сәтте бәрі күрт өзгерген. Жуырда басшылар депутат болудан дәмесі бар саурандық «нұротандықтарды» жинап алып, жоғарыдан келген тапсырма бойынша Сауран аудандық мәслихаты Сарыағаш пен Мақтаарал аудандарының тәжірибесіне сәйкес, депутаттарды екіге бөлу арқылы құрылатынын мәлім етеді. Бәрі лезде іске аса салған. Кентау қалалық мәслихатының құрамындағы 18 депутаттың тоғызы Сауранға өтті. Оның бесеуі «Nur Otan» партиясынан, екеуі «ақжолдық», екеуі «ауылдық» депутаттар. Жаңа мәслихаттың алғашқы сессиясы өтіп, хатшылыққа Мейрамбек Күнпейісов сайланды. Мәслихаттағы тұрақты комиссиялар құрылып, төрағалары белгілі болды. Ал  праймеризден жеңімпаз атанған саурандық 10 азаматтың обал-сауабын ойлаған ешкім жоқ сияқты.

2018 жылы іріленген Сарыағаш пен Мақтаарал аудандары екіге бөлінді. Сол кезде жаңа ауданның мәслихаттары да депкорпусты екіге бөлу арқылы жасақталған болатын. Бұдан ешқандай қиындық туындаған жоқ. Ол  кезде депутаттар жеке мандат бойынша сайланатын. Әр халық қалаулысы өзі сайланған округ қай ауданның құрамына енсе, сол аудандық мәслихаттың депутаты болды. Ал Саурандағы жағдай мүлдем басқаша. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, қаңтарда Кентау қалалық мәслихаты тек кентаулық азаматтардан іріктелді. Әу бастағы сценарийдің неге өзгергені түсініксіз. Қалай десек те, бұл жергілікті басшылардың  принципсіздігін, табансыздығын байқататын сияқты.

Біз осы мәселеге орай, Сауран аудандық сайлау комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Жанболат Ибрагимовпен сөйлескен болатынбыз.

– Мұндай мәселелерді сайлау комиссиясы шешкен жоқ. Сауран аудандық мәслихатының құрылуы Кентау қалалық мәслихатының шешімдерімен жүзеге асты. Барлық мәселені депутаттардың өздері шешті, –  деп қысқа қайырды Ж.Ибрагимов.

Ал Сауран ауданындағы «Азат ел болашағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахматжан Абдусаттаровтың айтуынша, мәслихат осындай жолмен құрылады деген ой ешкімнің басына  келмеген.

– Қазір халық аң-таң болып отыр. Сонда 12 ауылдық округ тұрғындарының пікірімен ешкім санаспай ма? Атқамінерлер алғашқыда басқаша айтып еді. Біз өзіміз қолдап-қуаттаған 10 саурандық азаматқа сенім білдіргенбіз. Мәслихатқа елдің жағдайын жақсы білетін өз азаматтарымыз барады дегенбіз. Енді, міне, Сауран аудандық мәслихатының құрамында Сауран ауданының бірде-бір өкілі жоқ. Тып-тыныш отырған халықтың ішінде шу шығару кімдерге керек болып отыр? – дейді Р.Абдусаттаров. Қазір ол «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап ашық хат жазыпты. Хат әлеуметтік желіде  жарияланды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атына да телеграмма салынған.

– Ендігі үмітіміз партия басшыларында, – дейді қоғам белсендісі.

Сауран аудандық мәслихатының құрамына өткен тоғыз депутаттың барлығы Кентауда тұратынын біз сөйлескен басқа да азаматтар  растап отыр. Айтуларынша, бірі Кентаудағы мәдениет сарайының директоры, бірі мектеп директоры, бірі завуч, бірі колледж директоры, бірі кәсіподақ жетекшісі, тіпті араларында Шымкент, Алматы қалаларында тұратын кәсіпкерлер де бар көрінеді. Қысқасы, мәслихаттың өзі Сауранда, ал депутаттары Кентауда.

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңының 21-бабында жазылғандай, депутат өзі сайланған тиісті әкімшілік аумақтық бөліністе тұруға міндетті. Саурандағы жағдай заңның осы талабына қаншалықты жауап бере алады? Депутаттар өздерінің тұрғылықты мекенжайларын Сауран ауданының аумағына ауыстырып қойған да болуы мүмкін. Бірақ олардың Кентауда тұратынын, Кентауда жұмыс істейтінін бәрі біліп отыр. Сонда, бұл халықты алдау ма?

Тегтер: депутат мәслихат сайлау Кентау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрболат ӘЛДИБЕК 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:19
Қапшағайда демалысқа уақытша тыйым салынды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:12
Бес қалада жаңа шектеулер күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58