Медициналық көмек неге көңілден шықпайды?

Сағындық ОРДАБЕКОВ

04.03.2022, 10:19

2459

45 жылдан астам уақыт халық денсаулығын қорғау саласында еңбек еткендіктен еліміздің осы саласындағы мәселелер жанымды ауыртпай қоймайды.

Соның бірі денсаулық сақтау қызметін жақсартамыз деген ниетпен 2017 жылы елімізде арнайы заң қабылданып, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген болатын. Құзырлы министрліктің дерегіне сай, бұл сақтандырумен ел халқының 94,5 пайызы қамтылуы керек болатын. Жаңа реформа бойынша халқымыз жарна аударып жатыр. Жұмыс берушілер жалақы қорынан 2 пайыз, жалдамалы жұмыскерлер жалақының 1 пайызын төлейді. Онда азаматтарға көрсетілетін медициналық көмектің екі пакеті белгіленген. Оның біріншісі, базалық пакет немесе мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек. Бұл пакет азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етуді көздеп және толықтай республикалық бюджет есебінен қаржыланатын болды. Сондай-ақ бұл көмек түрлеріне жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік мәні бар аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектер, жаппай егу секілді бірқатар көмектер жатады. Ал ондай көмектер Қазақстанның барлық азаматтары мен оралмандары үшін қолжетімді болу керек еді. Бірақ жалпы халық сол жылдары оған әлі дайын емес болатын. Өйткені, ел ішінде жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейі жоғары еді. Күндерін әрең көріп, балаларына тамақ тауып бере алмай сіңірлері созылып жүрген олардан қаржы жию жеңіл іс болмады. Содан ауруханаларға түскендерден медициналық сақтандыру қорына аударған мәліметті талап еткен дәрігерлер жаман атты болып, әр өңірде  кикілжің туындады, арыз-шағым көбейді. Қазіргі күндері МӘМС жүйесінде сақтандырылған халық  саны 16 миллионға жетіпті, яғни халықтың 82,8 пайызын құрайды. Бірақ медициналық көмектің сапасы кереметтей жақсарды деп айта алмаймыз.

Аурухананың ахуалы жақсарудың орнына керісінше нашарлауда...

Сөзіміз дәйекті болуы үшін мына бір мысалға жүгінейік. Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласына 2021 жылы  мемлекеттік бюджеттен 128,8 миллиард тенге бөлініпті. Оның 8,6 миллиарды дәрі-дәрмекке жұмсалған. «Коронавирустық инфекция» нозологиясы бойынша амбулаториялық деңгейде 76,3 миллион  теңге қаражат жұмсалыпты. Биылғы жылдың қаржысы да одан кем емес. Бірақ әр жеке ауруханаларға бөлінген қаржы керісінше азайып барады. Өйткені, Тараз қаласында жыл өткен сайын жеке клиникалар, жеке медициналық орталықтар көктемгі жылы жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп барады. Олардың әрқайсысы облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржыға ауыз тосып, әрбіріне орынды, орынсыз миллиондаған теңге қаржы бөлінуде. Ол қаржыны бөліске түсіртіп жатқан МӘМС-тің облыстық филиал бастықтары. «Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» дегендей кімге қанша қаржы бөлінуін сол өзі шешеді.  Бұл әлгі бір бүтін тортты ортаға алып бір сәтте ондаған адам жабыла қол салғанындай болып отыр. Сөйтіп, әркімнің аузына түскен торт бөлігі жыл сайын азайып барады. Мысалы, облыстық көпбейінді ауруханасына бөлінген қаржы өткен 2021 жылы  4,5 миллиард теңге болса, келген  2022 жылы оның көлемі 300 миллион теңгеге жуық кеміпті. Бұл дегеніңіз, аурухананың ахуалы жақсарудың орнына керісінше, нашарлайды деген сөз.

Халық МӘМС-тің қазіргі қызметіне наразы

Премьер-министр Ә.Смайылов таяуда МӘМС қор жұмысын қатаң сынға алып, оған терең тексеріс жүргізуді және былықтарын әшкерелеуді тапсырды. Бұл ретте денсаулық сақтауға бөлінген триллиондардың 90 пайызын ДСМ емес, әлгі қор жұмсайтыны анықталды. Халық МӘМС-тің қазіргі қызметіне наразы. Халық маңдай терімен тапқан табысынан жырып, тірнектеп қорға жиған қаржыға сапалы медициналық көмек талап етуге хақылы. МӘМС қорының қызметі көпшілік үшін әлі бұлыңғыр, жұмбаққа толы  жағы  аз емес. Көпшілік оның тазалығын, әділеттілігін көргісі келеді. Мүмкін, оның біздің бар болғаны 19 миллион халқы бар мемлекетімізге қажеті жоқ шығар? Денсаулық сақтау саласын мемлекетіміз толық өз мойнына алып, оны қаржыландыру реттелгені дұрыс болар еді. Бар болғаны 19 миллион халықтың денсаулығын өз құзіретіне алу елімізге аса қиындық тудырмайды-ау деп ойлаймыз.

Халық дәрігерге емес, емшіге сенетін болды...

Казіргі кезде қарапайым халық дәрігерлерге емес, емшілерге, тәуіптерге, сынықшыларға, құмалақшыларға көбірек сенетін болып бара жатқанын байқап отырмыз. Неге олай болды?  Өйткені, медициналық көмек алу мәселесі ертерекпен салыстырғанда едәуір күрделеніп кетті. Уақтысында балалар емханасы, әйелдерге кеңес беру орталығы, туберкулез диспансері  жалпы емханадан бөлек, дербес болатын. Қазіргідей бір емханаға барлығы «тоғытылып», ығы-жығы, айқай-шу болмайтын. Бүгіндері дәрігерге көріну қияметтің-қияметі болғанын көріп жүрміз: кабинеттер алдында  топ-топ болып жиылған халық, жылаған жас бала, жөтеліп-қақырып отырған таяқ сүйенген қарт кісі, демін әрең алып отырған аяғы ауыр келіншек қатар отырады.

Құрт ауруымен ауырғандар есепте тұратын, амбулаториялық  ем қабылдап жүргендер үшін қызмет еткен тубдиспансерлер жабылып, енді туберкулезбен ауыратын олар жалпы емханадағы фтивизиатор кабинетіне бару үшін басқалармен бір есіктен кіріп, бір есіктен шығып жүр. Олар басқа науқастардың арасында қақырып-жөтеліп қауіпті инфекцияның таралуына «өз үлестерін қосып жүргені» ешкімді ойландырмайды. Жалпы қазір емханада  бір күнде тексеріліп, ем-дом алуға нұсқау алып шығу мүмкін емес. Осыны көріп, тауы шағылған науқас дәрігерлерге емес емшілерге, сынықшыларға кетуде. Ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек сапасы құрдымға кетіп барады. Халықты дәрі-дәрмекпен қамту ісі де мәз емес. Барлығының бағасы көтеріліп, кедейлікке ұрынғандардың қалтасын аямай қағуда.

Рас, 2022 жылы медицина қызметкерлерінің айлықтары 20-30 пайызға өсті деп ұрандатудамыз. Бірақ себепсізден-себепсіз олардың бұрындары квалификациялық категориясы үшін алатын қосымша қаржы мүлдем қысқартылып тасталды. Сөйтіп, «мүйіз сұраймын деп жүріп құлақтан айрылды» дегендей  табыс мөлшері әжептеуір кеміді. Бұл оларға деген әділетсіздік емес пе?!

Министрліктегілер бұған неге көз жұма қарайды?

Соңғы жылдары көпшілік арасында дәрігерлердің біліктілігі мен білімі төмендеп кетті, сапа жоғалды деген пікір көбейе түсуде. Оларды жұмыс беруші қол астында еңбек ететін  дәрігерлер мен медбикелердің білімдеріне қаржы бөліп, білімін жетілдіруге оқуға жоспарлы түрде жіберіп тұруы тиіс. Бірақ бөлінген қаржының аздығына байланысты ол жоспар көптеген ауруханалар мен емханаларда орындалмай қалуда. Дәрігерлер, медбикелер өз қаржысына оқуға бара бермейді. Ертеде қызмет етіп тұрған Алматы қаласындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институты осыдан біраз жыл бұрын акционерлік қоғамға айналып, екі жыл бұрын мүлдем жабылып қалды. Дәрігерлер білімін қайда барып жетілдіретінін білмей сарсаңға түсуде. Пысықайлардың әр қалада дәрігерлердің білімін жетілдіреміз деп ашып алған ЖШС тек пәленбай ақшаға сертификаттар мен куәліктер сатумен айналысып жүргендері рас. Ал білім жоқтың қасы. Министрліктегілер бұған неге көз жұма қарайды?

Содан кім ұтты, кім ұтылды?

Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі арқылы медициналық көмекті жақсартамыз деген оймен көптеген емханалар жеке кәсіпкерлерге берілді, тиын-тебенге сатылды дегеніміз орынды болар. Біраз ауруханалар да жеке қолға көшті. Олардың құнсыз бағаға жеке кәсіпкерлерге өткені жайлы таяуда еліміздің мәжіліс депутаты Дания Еспаева ашына айтты. Сөйтіп олар «дайын асқа тік қасық» болып, майшелпекке кезікті десек те болады. Әрине бұл әрекеттер науқастардың алдына біраз қиындықтар туғызды, емдік сапасын төмендетті, «қазандағы тамаққа қасық салып» бюджет қаржысына көзбе-көз «құда» болып шыға келді, яғни мемлекеттік ауруханалардың қаржысын бөліске түсірді. Бір өкініштісі, олар ауыр, дерттері асқынған науқастарды қабылдамай, қаржы аз жұмсалатын жеңілдерін емдеуге алуды әдетке айналдырды. Содан кім ұтты, кім ұтылды?

Денсаулыққа кері әсер ететін мәселелермен айналысуды елімізде мүлдем доғардық

Бұрынғы диспансеризация, профилактикалық медицина, еңбек гигиенасы деп аталып жүрген денсаулық сақтау саласы ұмыт қалып, көптеген қиыншылықтармен кездесіп отырғанымыз жасырын емес.  Жыл өткен сайын кәсіби аурулармен науқастанғандар саны көбеймесе азаймай отыр. Денсаулыққа кері әсер ететін мәселелермен айналысуды елімізде мүлдем доғардық. Ертеректе әжептеуір қызмет еткен Қарағандыдағы Еңбек және профилактикалық медицина ҒЗИ жабылып тынды. Заводтарда, фабрикаларда, шахталар мен карьерлерде және де басқа кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың денсаулығын қадағалайтын, денсаулыққа зиян әсер ететін факторларды анықтайтын, кәсіби аурудың дәрежесін анықтайтын медпунктар таратылып, маман-дәрігерлер жұмыссыз қалды.

Қазір отандық медицинада қордаланып қалған, әлі шешімін таппаған мәселелер аз болмай тұр. Оның бәрін бір мақалада тізіп шығу мүмкін емес. Әзірше осымен айтар сөзімізді доғара тұралық.Дегенмен, саланың кері кетіп бара жатқаны өкінішті.                              

Тегтер: медицина сын пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01