«Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін»

Айжан БҮРКІТБАЕВА

24.11.2020, 12:54

5988

Қазан айының соңында орысша қойылған сұраққа қазақша жауап берген автобус жүргізушісіне қатысты жанжал ел пікірін екіге бөлген еді.  Оқиға «Саяхат» автобекетінен Талғар ауданына қатынайтын №207 автобуста орын алған. Танымал суретші Салтанат Тәшімова қоғамдық көлік жүргізушісі Қастер Серікті «менің сұрағыма орысша жауап бермеді» деп айыптап, Facebook желісіне тікелей эфирге қосылған. Қытайдан атажұртына былтыр ғана оралған Қастер Серік орысша түсінбейтінін ескертіп, сұрақты қазақша қоюын өтінген. Алайда Тәшімова «жүргізуші екі тілді білуге міндетті» екенін алға тартады. Оқиға кезінде жүргізуші сөзін сөйлеген жолаушы Қаныкен Атантаева мен Салтанат Тәшімова арасында кикілжің орнап, арты дауға ұласқан.

Жақында Алматы облысына қарасты Талғар ауданының соты оқиғаға байланысты әкімшілік кодекстің 73-2 – «ұрып-соғу» бабы бойынша дауласқан екі келіншекке 10 айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салуға үкім шығарды. Автобус жолаушысы Қаныкен Атантаева айыппұлды төлейтін әзірге ақшасының жоқ екенін, алайда аппелияциялық шағым түсірмейтінін айтады. Ал қоғам белсендісі Салтанат Тәшімова бұл істі оңайлықпен қалдырмайтынын мәлімдеді. 

Біз қоғамдық көлік жүргізушісі Қастер Серікке арнайы хабарласып, жұмыстан қандай шара қолданғанын сұрап көрдік. Ол әлі де жұмыста екенін ескертіп, түскі ас уақытында ғана босай алатынын жеткізді.

Қастер Серіктің айтуынша, жанжал Бесағаш ауыл маңына келген уақытта өрбіген. «Бір келіншек маған орысша сұрақ қойды. Мен «қазақша қойыңызшы, русский не понимаю» деген едім, әлгі әйел телефонын шығарып, видеоға түсіре бастады. Мен мән бермей, өз жұмысымды атқара бердім. Салондағы жолаушылар мені қолдап шулап кетті. Сол тұста жол полициясы тоқтатып, құжаттарымды көрсетуге кеткен едім. Келсем, автобус ішінде жанжал болып жатыр екен», – деп мән-жәйды баяндады.

«Мені ұрып-соққаны үшін өзім жазаландым» деген Салтанат Тәшімоваға қоңырау шалғанымызда бірден «журналистерге өкпесі қара қазандай» екенін айтты. Қоғам белсендісі «сөзімді бұрмалап, мені халыққа жау етіп қойды» деп өзінен пікір алған тілшілерден көңілі қалған. Сондай-ақ, ол сот шешімінің әділетсіз екенін және аппелияциялық шағым түсіретінін айтады: «Мен көлік жүргізушісінен «автобус Талдыбұлаққа барады ма?» деп орыс тілінде сұрадым. Ол маған қазақша баратынын айтты. Яғни ол орысша түсініп тұр деген сөз. Кейін «Талдыбұлаққа жақындадық па?» деп сұрап едім, жауап бермеді. Мен екінші қайтара сұрадым. Ол «тәте, орысша түсінбейтін едім» деп айтқан жоқ, «сұрақты қазақша қойсаңыз ғана жауап беремін» деді.  Сол кезде мен телефонымды алып, «жүргізуші аялдаманы айтудан бас тартып жатыр» деп видео түсіре бастадым. Салон ішіндегі біреуі – жас, біреуі – егде әйел, жарты сағат бойы мен балағаттап, қарғап келді. Аялдамаға жақындағанда «аяғымды бастың» деп мені жұлқи жөнелді. Кейін Талғар ауданына келгенде егде жастағы жолаушы әйел учаскелік бөлімшеге барудан бас тартты. Егер ол да мен сияқты зардап шеккен болса, неге бармасқа? Оны күшпен көлікке отырғызып, бөлімшеге алып келді. Бірақ ол дәрігерлік сараптамаға бармай қойды. Себебі ол ешқандай зардап көрген жоқ. Мен оған қол көтермедім, тек өзімді қорғадым. Маған сараптама «жеңіл түрдегі дене жарақаты» деп көрсетіп берді. Екі күннен кейін жолаушы әйел медициналық анықтама әкеліп берді. Оны қайдан, қалай алғаны белгісіз. Ал Талғар аудандық әкімшілік соты жол бойы таяқ астында қала тұра, өзіме айыппұл төлеуге шешім шығарды», – дейді Тәшімова.

Ал Салтанат Тәшімоваға қарсы тарап қорғаушысы Мейірман Шәкеев видеодағы кейібір кадрлардың монтаждалғанын, қоғам белсендісінің шағымы орынсыз екенін айтады:

«Оқиғаға екі жақта да бірдей кінәлі. Қаныкен Атантаева есімді жолаушы Салтанат Тәшімова аяғын басым кеткесін итеріп жібергенін айтты. Тараған видеода Тәшімованың көліктен түсіп, қайта мініп Атантаеваны төмпештеген жері қиылып қалған. Әкімшілік істің үкімінде Қаныкен апайдың жарақаты туралы анықтама көрсетілген. Сонымен қатар, Салтанат Тәшімова Қастер Серіктің үстінен автопарк басшылығына да шағым түсірген. Парк басшылығынан  жұмысқа аларда «екі тілде сөйлеу туралы» заңның бар-жоқтығын сұраған едім. Ондай талаптың жоқ екенін айтты. Мемлекеттік мекеме мен жергілікті атқарушы органдарда да ондай талап көрсетілмеген. Сондықтан, автопарк басшылығы да Қастер Серікті орысша сөйлеуге міндеттей алмайды», – дейді адвокат.

            Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін

Автобус жүргізушісі Қастер Серік орыс тілін мүлдем түсінбейтінін, қытайлардың арасында да қазақша сөйлейтінін айтады. Тіпті орысша түсінген жағдайда да қазақша жауап берер едім дейді: «Талдыбұлақ ауылына жете бергенде мені учаскелік бөлімшеге алып кетті. Басында «сіздің үстіңізден арыз түсті» деген. Шамасы, белсенді «орысша жауап бермеді» деп арызданғысы келген болуы керек. Ол ақылға қонбайтын шағым болғандықтан ба, әйтеуір, арыз түсірмеді. Алайда мен жұмыс  істейтін автопарк басшылығына менің үстімнен арызданған. Басшылық оны маңызды деп қарамай, маған шара қолданудан бас тартты. Бірақ Салтанат Тәшімова салон ішінде дауласқан келіншектің үстінен шағымданған екен».

Тақырыпқа тұздық

№207 автобуста орын алған оқиға жайында адвокат Ләззат Кендейбайқызы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі орыс тілі емес, қазақ тілі екенін айтады: «Конституцияның 19-бабында тіл таңдау еркіндігі, яғни елімізде өмір сүретін кез келген азамат өзі еркін сөйлейтін тілде жауап беруге құқылы екені көрсетілген. Сондай-ақ оқиға Ресей мемлекетінде емес, Қазақстан Республикасында, яғни жергілікті ұлты қазақтар болып табылатын мемлекетте орын алып жатыр. Автопарк директоры көмекшісінің айтуынша, жүргізушілердің 30 пайызы шетелден оралған қандастарымыз екен. Оларды да жұмыспен қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сәйкесінше, олар орыс тілін білмейді. Ол заңдылық. Шетелден атамекенге оралған қандастарымыз Қазақстанда орыс тілін білуге міндетті емес. Бұндай әрекеттерге тосқауыл болып, тіліміз үшін күресуді тоқтатпайық», – дейді.

Қазақтан қазақ орыс тілінде сөйлеуді талап ету – тексіздік

Қоғам қайраткері Жұмаш Кенебай бұл жай ғана кездейсоқ оқиға емес, биліктің өзінен басталып отырған, солардың 30 жыл ішінде жүргізген саясатының нәтижесі деп есептейді.

«Біз тәуелсіздік алғалы бері тілімізді қорлап келеміз. Биліктің үш арбасынан бастап төмендегілерге дейін саналы түрде өз тілімізді шеттетіп келеміз. «Балық басынан шіриді» демейді ме? Үкіметтегілердің өзі шалақазақтанып шүлдірлеп отырса, орыстілді қазатарың «орысша сөйлемедің деп» сотқа бермегенде қайтеді? Мемлекеттік органдарға барсақ та, орыс тіліндегі құжаттарын ұсынып әлектенеді.  Қазақ: «ұстазы талаптының, шәкірті талантты» болады дейді. Орыс тілін білмейтін адамнан орысша талап ету деген тексіздік қой. Керісінше, қазақ тілінде сөйлеуді міндеттеуіміз керек. Конституциямыздың 7-бабында көрсетілгендей: бірінші тармағында «қазақ тілі – мемлекеттік тіл», екінші тармағында: «орыс тілі – ресми тіл» делінген. Біз екінші тармақты орындауға мәртпіз де, бірінші тармаққа келгенде тайсалып қаламыз. Егер, өз тілімізді жоғалтатын болсақ, ұлт тарихын да қоса жоямыз», – дейді.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл қазақ тілі мемлекеттік қызмет білім ақыл ана тілі лауазым мансап әлеумет

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 08:45
Заң көмегінің сапасы артуда
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 09:15
Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың 6 637 жағдайы тіркелді
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 23.07.2021, 14:17
Бал татыған балық сорпасына зар болып қалмайық
Еркежан АРЫН 23.07.2021, 11:18
Қазақстан өнімдерінің сапасы стандарт бойынша қалай артып жатыр?
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 23.07.2021, 08:49
Өзге елдер вируспен, ал біз жемқорлықпен күресіп жүрміз

Аңдатпа


  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15
  • «Жас Алаш» Түркістан төрінде
    07.07.2021, 08:59
  • Жайыққа келді «Жас Алаш!»
    28.06.2021, 09:02
  • "Жас Алаштықтар" "Қазақстанның құрметті журналисі" атанды
    24.06.2021, 13:55