29.09.2020, 04:28
2576
«Ақшаның да екі түрлі мәні бар:
бейнет шегер – тапқандар,
жұмсағандар – жаңылар».
Жұмекен Нәжімеденов
Алдыңнан шығып амандасқан үш адамның екеуінің банк алдында берешегі бар, үшіншісі де құралақан емес. Қазақстан тұрғындарының ең кішірейтілген көлемдегі несиелік портреті осындай. Қарызға көмілген халықты көріп, қайран қаласың: несиені біреу тоңып алған, біреу тойып алған. «Сен айтсаң, мен де айтамын айым-қайым» деп, адамдардың бір-бірінен қалысатын түрі жоқ. Нағыз «несиемания». Бұл дертке шалдықпаған адам аз. «Сорласа өгіз сорлады, соқаның несі кетті?» демекші, сүт бұлағын ағызған асылтұқымды сауын сиыр секілді банктердің мұрты қисаймайды, тек күліп кіретін қарыздың, жылап шығатынын аңғармай қалатын адамдарға обал демесеңіз. Несиені тоңып, бүрісіп жүріп алғандардың кінәсі – жоқшылық болса, тойып секіріп алғандардың кінәсі – тоқшылық болып отыр.
Біздің үкімет велосипед секілді: үстіңде – руль, асты – шыңжыр. Шыңжыр дегеннен шығады, иттен бір сүйек қарыз халықты материалды тәуелді етіп қойған. Үкіметтің қол баласы – Құдай бере салған ірілі-ұсақты банктер қарызға ақшаны оңды-солды тарқатып беріп, бас ауыртпай, балтыры сыздамай мұрттары майланып мол байлыққа кенеліп отыр. Ел тұрғындарының банк алдындағы берешектері бірнеше триллион теңгені құраса, сырттан алған қарызымыз миллиардтаған долларға өсіп кеткен. Бұл – әрбіріміздің мойнымызда 10 мың АҚШ доллары ілулі тұр деген сөз. Осыдан кейін қайран менің, «Қарызстаным» демеске лажың қалмайды.
Банк пен базар – адамдардың ең жиі бас сұғатын орындарына айналды. Театр, кітапхана, мәдениет үйі, спорт комплексі дегендеріңіз әдірем қалды. Материалдық байлық үстемдік құрып тұрғандықтан, көзімізді шел басып, ақшадан басқаға алаңдамайтын болдық. Ақша ұрласаң сотталасың, сорлайсын. Қарызға ағайын ақша бермейді. Енді қайтпек керек? Қолға ақша ұстаудың ең өркениетті жолы – банктерден несие алу. Бұрынғыдай емес, қазір ешқандай кепілдік затты керек етпейді. Банктер сексеуіл ағашы секілді. Сексеуілді балтамен емес, бірін-біріне ұрып жарады. Сол сияқты бір банктен алған несиені екінші банктен алған несиемен жауып, үшінші, төртінші банктерге аттап кете бересіз. Көлік сатып аласыз, той жасайсыз, ас бересіз, қыдырасыз т.б. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар» деп ұлы Абай айтқандай, қарызды қайтаратын мезгіл жеткенде жаның қиналып, жер тепкілеп қалатының болмаса.
Осы «несие» деген сөз нені білдіреді? Біреудің ақшасына «несіне ие» болып жүрсің дегенді астарлап жеткізіп тұр емес пе?! Еңбек етіп, бейнет шегіп, маңдай тер, табан ақымен таппаған ақшаның берекесі болмайды екен. «Қарыздан да қатын ал, қатының қалар жанында» деген қазақ мақалы архаизмге айналды. Қарызға алған қатын қайбір қатын болып жарытады дейсіз, ағайын-туыстың бетіне күйе жағып, кінә тағып төркініне тайып тұрады.
Біздің айтайын дегеніміз, бір ақылды адамның: «Үкімет халықты тәрбиелей де, бүлдіре де алмайды, халық та оны ұнатуы немесе ұнатпауы ғана мүмкін» деген сөзімен келіскіміз келмейді. Тәрбиелей алмайтыны түсінікті, ал бүлдіре алатынына көзіміз жетіп отыр. Айтып көрелік. Үкіметтің несиелік саясатының қауіпті де жағымсыз екі жағы бар:
Біріншіден, банктерден оп-оңай қарызға ақша алып жан бағу, арқаны
кеңге салып шашып төгу, тойып секіру адамдарды еңбектен қол үзуге, жатыпішер арамтамақтыққа, «еріншек, бекер мал шашпаққа» үйретеді; жалқаулық пен тоғышарлыққа баулиды; мінез-құлықты деградацияға ұшыратады; масылдық психологияны қалыптастырады.
Екіншіден, адамдардың мойнына ілінген триллиондаған теңге қарыз ақша айналымнан адасып, дер кезінде қайтарылмағандықтан, қаражат тиімді жұмсалмай қаншама мектеп, балабақша, жол, аурухана т.б. құрылыс жұмыстары кейінге шегеріледі, не мүлдем тоқтап қалады. Бұл аз дүние емес.
Үкімет несиелік саясатын 180 градусқа өзгертуі керек. Қарызға ақша беріп, халықты алдап-сулап, бағып-қағып қарық қылғанды тоқтатуы тиіс. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов бір замандасына: «Ей, сенің менімен қырғи-қабақ жүргенің, алған қарызыңды қайтармауға дәлел бола алмайды» деген екен. Сол айтпақшы, банк дегеніңіз – балпан басқан бай баласы секілді, алғанын қайдам, бергенін ешқашан ұмытпайды. Оған қырсығып қарсы тұруға қауқарыңыз жетпейді. Енді мына бір ақиқаттан аттап, айтпай кетуге болмайды. Банктерден несие алып, киініп, тойынып, шіреніп шалқыған шіркіндеріңіз, қарызды қайтаруға келгенде шатақ шығарып, шерулетіп, жалаулатып, ұрандатып: «Үкімет қарызымызды кешірсін» деп талап қойып, көше жағалайтынды шығарды. Президент Тоқаев та елге ұнағысы келді ме, қайдам, өткенде бір рет кешірім жасады. Халықтың салығынан жиналған ақшаны арамтамақтарға үлестіріп бергендей әсер қалдырды.
Біздің асыл дініміз де «қарыз алмауға тырыс» деп кеңес береді. Өйткені қарыз, пайғамбарымыздың тілімен айтқанда, «түнде – дерт, күндіз – жүк». Қарызын уақытында өтемегендерді пайғамбарымыз былай деп кінәлаған: «Алары бар адамды алдына келтірген кісіні Алла мейірімінен алшақтатсын».
Қазақ несие – несібең емес деп, қарызды бергенде, парызды алғанда қуанған. Қарызбен келген батпанқұйрықтан, адал еңбекпен тапқан ақшаға алған ас сіңімді болатынын білген.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР