Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?

Әлия ТАУКЕНОВА

24.06.2022, 12:50

2140

Жақында редакцияға арнайы келген Ақбота Жетпісбайұлы тарихи оқиғаның орын алғанын баян етті. Ол Жаманқыстау қорымына Қадылбек Бейсенұлының қорымы деп жаздыртып, тас орнатылғанын сүйіншіледі. Мәлім де беймәлім Қадылбек әулеті туралы мәнді, мазмұнды ақпарат берген Рахымбек (Ақбота) Жетпісбайұлы – Қадылбековтардың інісі, Әбіштің немересі.

Қадылбек кезінде орта шаруа болған адам. Баянауылдан 18 шақырым жерде Жаманқыстау қорымында тұрған. Ақсаң ауылы маңайындағы ел бұл қыстауды «Қадылбек қорасы» деп атайды.

Қадылбектің үшінші баласы Мерғали – 1907 жылы туған. 1920 жылы Орынбордың мектеп-интернатына түсіп, үздік оқыған. 1928 жылы Москваның тау-кен барлау институтын бітірген. Оңтүстік Қазақстанда, Орталық Қазақстанда Қырғыз Республикасының тау-кен барлау жұмыстарымен жұмыс жасап, көп жер пайдалы қазбаларын ашқан. Қарағанды облысының Қайрақты, Қарағайлы, Оңтүстік Қазақстанның Текелі, Кентау, Ащысай, Байжансай, тағы да басқа көп кен орындарын ашқан. 1935 жылы ҚР түрлі-түсті металл мекемесінің бас инженері болған. Орыс тілдегі геология, минерология, петрография кітабын қазақшаға аударып, 1935 жылы редакцияға берген. Орталық Қазақстанның полиметалл картасын сызып кеткен. 1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылған.

Зерттеуші Мерғали Қадылбеков зерттеу еңбектерін газет беттеріне жариялапты. Газет қиындыларын бізге А.Жетпісбайұлы ұсынды. Латын қарпінде жазылған сарғайған газет беттерін шамамыз келгенше оқып көрдік. Газеттің толық беті емес, мақала қиылып алғандықтан, нақты қай басылым екенін аңғара алмадық. Десек те, мақала бұрышына «26/VII №170 «Социалистік Қазақстан» газеті, 1936 ж. деп қаламмен жазылыпты. «Текелі» деген мақаладан үзінді келтірейік: «Социалистік Қазақстанның кен байлығы жыл санап көбеюде, өндірістің қай тарауын, металдың қай түрін алсақ та, өрге ұмтылып, құлаш ұрып, дамумен келеді. Жыл сайын қорғасын, мыс, мырыш, басқа керекті сирек кездесетін металдар, көмір, мұнай, түрліше халық шаруашылығына өте қажет басқа заттар он мыңдап, жүз мың тонналап көбейіп отырады. Социалды еліміз күн санап баюда. Бұл өте қуанышты, маңызды нәрсе.

Біздің керегіміз көп. Әлі де болса қорғасынды аздап, шет елдерден алтынға сатып алып отырамыз. Сондықтан да қорғасын зауыттарымыз қорытатын қорғасын қорын көбейтуіміз керек. Ол үшін тау қазу жұмысын жүргізетін кен орындарын көбейтуіміз керек. Ең алдымен зауыттардың бәрінен күшті, бәрінен маңызды Шымкенттегі қорғасын зауытының қорсыз болмау жағына қам жасауымыз керек. Бұл зауыт Қазақстанда болғандықтан, Шымкент зауытына орайлас жерде Қазақстан топырағында жаңадан көбірек кен орындары табылып тұруы өте құбылысты іс. Бұл жағынан ақырғы жылдардағы жаңадан табылған қорғасын кен орындарының ең маңдайалдысы «Текелі» қорғасын кен орны болады. Мұның табылуының өте бір айрықша маңызды жері Текелінің рудасы жоғарыда айтқан Шымкент қорғасын зауытына барады… », – деп келетін мақалада Текелі кен орнындағы жұмыстар туралы баяндапты.

«Елімнің байлығын ерінбей, жалықпай зерттеймін» деп аталатын екінші бір мақалада «Совет дәуірі орнаған соң өте-мөте бірінші бесжылдықтан бастап Қазақстанның ауыр өндірісі жақсылап қолға алына бастады. Әсіресе кен зерттеу жұмысы түзу жолға қойылып, үлкен байлықтар табылды. Соның арқасында Қазақстан топырағында жаңа зауыттар, рудниктер салынды. Сыласы, бүкіл Советтер одағының мыс байлығын алсақ, соның 64 пайызы Қазақстанда. Міне, осының арқасында жылына 100 мың тонна мыс шығаратын үлкен Балқаш өндірісі салынып жатыр. Жылына 150 мың тонна мыс беретін Үлкен Жезқазған салынбақшы. Біздің Советтер одағында бұдан басқа бай жер жоқ...», деп, еліміздің аса ірі кен орындарын, байлығын келтіріпті. Сөз соңында «Мен бар күшімді кен зерттеу жұмыстарына, отанымыздың ұлы байлығын зерттеуге, Қазақстанның өндірісін көтеруге күш саламын. Менің сертім осы» депті.

Мерғали Қадылбеков қазақ зиялыларымен үзеңгілес болған. «Ағайынды Қадылбековтар» атты тарихи эссесінде жазушы Медеу Сәрсеке былай жазады: «Социалистік Қазақстанның 1936 жылдағы сандарынан Қазақстан қыртысындағы қорғасын мен мырыш металдарына бай кен орындары туралы инженер Қадылбековтың 6 мақаласын оқыдым. Бәрінен де техникалық сауаты мығым азаматтың мемлекеттік көзқарасын аңдадым. Содан-ақ, бұл кім, қазақ қауымы оны неге білмейді деген сауал көкейімде көлбеңдеді». Мерғали Қадылбеков Алматыда Дзержинский 37 көшесінде тұрғанда аталас немере туысы Қаныш Сәтбаев жұбайы Таисия Кошкина екеуі келгенде түн ортасына дейін жерасты байлықтарының қай жерде барын зерттеу туралы, түрлі тастарды дискуссия жасап отыратын, дейді бір естелігінде Рузима Мерғалиқызы.

Мерғали Қадылбековтың еселі еңбегі кеш ескерілді. Оның ел үшін еткен еңбегі орасан. Кен даланың кенін тапқан инженер техника кітаптарын да қазақшаға аударған. Қарағайлы және Қайрақты түстіметалл кен орнын, Текелі қорғасын-мырыш кен орнын ашқан геолог есімімен бір көшенің аталмауы – тарихқа салғырт қарау емес пе?! 1999 жылғы 27 желтоқсанда шыққан «Майқайың поселкесіндегі Геологическая көшесін Мерғали Қадылбеков көшесі деп ауыстыру туралы» аудан әкімінің шешімі шыққан. Бірақ бұл жұмыс та аяқсыз қалды.

Ел ішінен шыққан дара тұлғалардың өмірі қайта жандану үшін, тарихи әділеттілік орнау үшін бұл істі қайта қарар уақыт жетті. Баянауыл ауылынан бір көшеге Мерғали Қадылбеков есімі берілсе, жазықсыз ажал құшқан халқының патриоты, ел мақтанышына деген құрметіміз болар еді. Баянауылдық жұртшылық Қаныш Сәтбаевты қалай мақтан етсе, Мерғали Қадылбеков жайлы да мол мағлұматқа қанық болуы тиіс.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:11
ШҚО тұрғындары ауыл әкімін сайлау әділетсіз өтті деп шағымдануда
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49