Мешіттен «шыққан» мәдениет үйі

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

09.03.2021, 09:51

945

     «Естімеген елде көп» деген рас. Бірақ та о заман да, бұ заман мешітті мәдениет үйіне айналдырғанды кім көрген?!

      Тарбағатай ауданындағы Екпін ауылына жолы түскен қонақ кешкілік сейіл-серуен құрмақ оймен ауыл нысандарын көргісі келсе, көзімен жер шұқитын бір ғимарат бар. Ол – ауылдық әкімдіктің тап қасында орналасқан жергілікті мәдениет үйі. Атап айтарлығы, ол тек мәдениет үйі емес, кітапхана болып та саналады. Ал бұрышы дөңгеленген бұл ғимараттың сыртқы пішіні бұрынғы мешіт екенін еске түсіріп тұратыны тағы бар. Шынында да, солай екен.

      Ауыл ақсақалы Тұрғали Тоқтаровтың айтуынша, бұл кезінде совхоздың кеңсесі болған екен. Ғимарат 1979 жылы салынған. Совхоздар жекешелендіру саясатымен тарағанда бос қалыпты. 2003 жылдан 2009 жылға дейін мешіт болған. 2009 жылы жаңадан мешіт салынды да, бұл ғимарат мәдениет үйіне айналды. Жергілікті басшылық жөндеуден өткізіп, қайтадан пайдалануға берген күннің өзінде, бір жағын кітапханаға айналдырды. Ішіне топ кісі де сыймады, әйтеуір, бос тұрмасын деген тірлік болды.

    – Қазір енді пандемия желеуімен жабық тұр. Бірақ бізге мәдениет үйінің жаңа ғимараты салынуы керек. Кезінде босаған мешіттер төңкерістен кейін кеңсеге, қоймаға, тіпті мектепке айналып кеткенін естуім бар еді. Ал ескі кеңсені мешіт, одан кейін мәдениет үйі жасағаны ұят нәрсе болды. Шын мәнінде Совет өкіметінің саясатынан да асып кетіппіз. Не үлкен залы жоқ. Ауыл жастары не жиылып келе алмайды, не адамша бір шара өткізе алмаймыз, жиырма адамның өзі әрең сыяды. Сонда бұл ғимарат кімге керек? – деп күйінеді Тұрғали ақсақал.

    Тағы бір таңғаларлығы, бұл ғимаратқа шатыр шақ келмейді екен.

«Не құдіреті барын кім білсін, жаңадан шатырланса болды, әлдебір ауа райының сынағын көтере алмайды, бірнеше рет желмен ұшып кеткеніне куә болдық. Бәлкім, мешіттен мәдени нысан жасағанның салдары ма, әйтеуір, жылға жетпей шатыры ұшып кетеді. Тағы бір жасырмайтын жайт, осында жұмыс істеген адам ауырады. Атын атамай-ақ қояйын, кітапхана меңгерушісі де, мәдениет үйінің қызметкері де әлдебір себеппен дәрігерге қаралып жүрді», – дейді ауыл ақсақалы.

       Т.Тоқтаровтың сөзіне сүйенсек, бұл туралы аудан басшылығына бірнеше рет айтылған. Ауыл адамдарының ортақ арманы – жаңадан мәдениет үйін салуға ықпал ету. Алайда оған қазір жергілікті атқарушы биліктің шамасы жоқ көрінеді. Ал Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаевтың айтуынша, мәселені шешу жайының жобасы бар. «Аудан әкімдігінің бұл ғимаратты жөндеуден өткізу жөніндегі жоспары бар. Жаңа мәдениет үйі керек екенін білеміз. Болашақта мәдениет үйі жоқ ауылдарға көңіл бөлінеді», – деп қысқа қайырды Е.Сабырбаев.

      Тоқетерін айтқанда, 2000-нан астам тұрғыны бар, аудан орталығынан үш шақырым ғана жерде тұрған үлкен ауылдың түйткілді мәселесіне айналған мәдениет үйінің жаңадан салынар-салынбасы әзірге белгісіз. Ауылдағы қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, жастардың тұрақтауы да осында мәдениет үйінің болуына көп байланысты. Ал сыртынан қарасаң, мешітті еске түсіріп тұрған мәдениет үйі олардың әзір ойынан шыға қоймайды. Сондықтан да аудан басшысының тарапынан пәрменді қимыл, салмақты жауап керектігін әлі күнге дейін айтып-ақ келеді.

Тегтер: мешіт мәдениет үйі пандемия кеңсе қойма аудан жергілікті әкімдік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 02:26
Қазақстан Қарулы Күштерінде бақылау тексерісі жүргізіліп жатыр
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 17:42
Нұр-Сұлтанда жолда төбелескендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 13:27
Алматыда Аяжан Еділованың жерлеу рәсімі өтті
Еркежан АРЫН 16.04.2021, 02:13
Ресей - әскери-стратегиялық серіктес
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.04.2021, 14:38
Доскейдегі дәруіштің күйін кешкен донор
Мәлік ОТАРБАЕВ 14.04.2021, 16:07
БІЗ КҮТКЕН БАҚЫТ

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24