МИБ миды ашытты

Нұрай РАХЫМ

06.10.2021, 09:18

430

Былтырдан бері республика бойынша пәтер иелерінің кооперативін (ПИK) тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына: мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) немесе қарапайым серіктестікке (ҚС) ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Шыны керек, халық арасында қолданысқа жаңадан енген бірлестіктің, орысша айтқанда, ОСИ-дың қыр-сырын түсінбей, әлі де бас қатырып жүргендер көп. Мәселен, көпшіліктің көкейінде «үйдің шаршы метрі үшін ай сайын төленетін тарифтің бағасы қандай болмақ, қызмет көрсету сервистерінің құны қаншаға шығады және пәтер иелерінің ақшасын кім реттеп отырмақ?» деген сұрақтармен қатар, күдіктің де бары анық.

Көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа формасына өтуге себеп – 2020 жылғы 7 қаңтарда  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң қабылданды. Бұл өзгерістерге байланысты бүгінде әрбір көппәтерлі үйдің тұрғындары өздері жиналып бірлестік немесе қарапайым серіктестік құру қамына кірісіп кетті. Мысалы, мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құрғаннан кейін сырттан емес, пәтер иелерінің ішінен бірлестіктің төрағасын анықтайды, үй кеңесі мен ревизиялық комиссия құрылады. Сәйкесінше, МИБ үйді күтіп-ұстауға жауапкершілік алып, заңды тұлға ретінде коммерциялық емес ұйым болып тіркеледі. Сосын аула сыпырушы, электрик, сантехник сияқты мамандар штатқа жұмысқа алынбайды. Олардың қызметін шарт бойынша сервистік қызмет көрсететін ұйымдар орындайды. Ал ай сайын жиналатын ақша сомасын тұрғындардың өзі белгілейді.

Мұндай бірлестікті бір-екі ай бұрын ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы «Торонто» тұрғын үй кешені де тіркеді. Алайда оның төрағасы Марат Әлмұхамедов МИБ шартын енді ғана толық меңгере бастағанын және әлі де анықтауды қажет ететін сұрақтарының барын айтады. Дегенмен тұрғын үйді басқарудың жаңа формасын ПИК-ке қарағанда тиімдірек санайды. «Тұрғын үйде бірнеше пәтердің иелері тұрады. Кейде солардың ішінде белсенділері МИБ туралы мән-жайды анық білмей жатып, өзімен қоймай, басқаларын да қарсы қойып жататын кездер болады. Бұл кішкене қиындық туғызады. Мысалы, жаңа бірлестік бойынша үйге қатысты барлық мәселелер үйдің кеңесінде шешіледі. Онда шешім таппаса, пәтер иелеріне жиналыс өткізіледі. Бастысы, адалдық, қаржылық ашықтық болуы тиіс деп есептеймін. Бұл жұмыстарға кірісе бастағанымыз жақында ғана, бірақ кейбір адамдар көбіне тұтынушы болып үйреніп қалған. Кейде үй кеңесіндегі мүшелер өрт сөндіру қызметін тексеріп алу немесе басқа мәселелерге келгенде уақыт таппай, қолдары тимей қалып жатады. Содан соң өзің жүгіресің бәріне. Сондықтан әрқайсымыз жауапкершілік алуды үйренгеніміз де жөн шығар», – дейді.

Қазір елордада барлығы 400-ге жуық МИБ тіркелген екен. Қазақстандағы жалғыз МИБ орталығының жетекшісі Гүлвира Абетова орталық мамандарының қазір елордалық тұрғындарға бірлестікті тіркеу жолдарын тегін түсіндіріп жатқанын айтады. «Адамдардың барлығы бірдей заңгер емес қой, сондықтан оларға бірлестікті тіркеу, құжаттарды толтыру, т.б. жұмыстармен айналысу қиындық туғызып жатады. Жұмысты жеңілдету үшін астанада арнайы осы МИД орталығы құрылды. Мысалы, тұрғындарды 140 мың теңгеге барлық құжаттарды реттеп береміз деп алдап соққандар болған. Сол үшін біз елордалықтарды толық ақпаратпен қамтамасыз етеміз», – дейді Гүлвира Абетова.

Ал ПИК-тен МИБ-ке өту бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мұнар» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Кенжегүл Тергембай мынадай бір қызық жағдайдың шетін шығарды: «Менің жырым ұзаққа дейін МИБ болайын деп тұр. Қазір үй-үйді аралап сауалнама жүргізіп жатырмыз. 600 пәтерді қамту оңай болмайын деп тұр. «Шешінген судан тайынбас» деген, сонда да берілер емеспіз. Бір масқарасы, тұрғын үйдің 60-70 пайызы квартиранттар. Үй иесіне хабарласыңыз десең, көбісі «қожайын шетелде, мүлдем келмейді» дейді. Басым көпшілігі Ресейде тұрады екен. Ал жергілікті қазақ бір баспанаға зар болса,  пәтерін жалға беріп, өздері шетелде шайқап жүргендерге әзірше  «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ», – дейді.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:15
Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды
Сайт әкімшілігі 09:58
Зейнетақыны Kaspi Gold картасына алу жеңілдей түсті
Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ 09:03
Ұлы даланың болашаққа жеті арманы
Бифат ЕЛТАЕВА 09:02
"Мен қазақ қыздарына қайран қалам"
Қуаныш ЕРМЕКОВА 16.10.2021, 15:38
Балаға қамқорлық - болашағымызға жасалған жақсылық
Нұрай РАХЫМ 16.10.2021, 14:34
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасынан үміт көп

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29