Миллиондардың күлі көкке ұшты

Мариям МАҚСАТ

26.04.2022, 05:00

1872

Павлодар қаласында бір апта аралығында екі бірдей мектеп отқа оранды. Абырой болғанда балалар мен мұғалімдер дін аман. Есесіне соңғы екі жыл аралығында миллиондаған қаржыға толығымен жөнделген мектептің кабинеттері мен төбесінен түк қалған жоқ.

Өткен аптада ел жұртшылығының назары Павлодар қаласындағы оқу орындарына ауды. Бірақ бұл жолы елімізде соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы «Ең үздік олимпиадалық құрам» деген атақты ешкімге бермей келе жатқан өңір оқу жетістіктерімен емес, керісінше, олқылықтарымен көзге көрінді. Небәрі бес-алты күннің айналасында жаңадан жөнделген білім ордаларының қызыл жалынға орануы – бұрын-соңды болмаған жайт.

Атап өтерлігі, 15 сәуірде өрт шыққан №1 мектеп былтыр ғана өңірлік «Заманауи мектеп» бағдарламасы бойынша толығымен жаңарған еді. Соның нәтижесінде, жылдар бойы жөндеу көрмеген оқу орны адам танымастай өзгерді. Шынымен заманға сай болып шықты. Кеңестік дәуірден бері келе жатқан парталар мен орындықтар «келмеске» кетті. Дәліздерде демалыс орындары, коворкинг орталықтар ашылды. Қысқасы, оқушылардың өздерін үйдегідей, сезінуіне барлық мүмкіндік жасалды. Ол үшін бюджеттен 550 млн теңге бөлінді.

Бірақ кітапхана бөлмесінде басталған өрттің салдарынан, кітаптар, шкафтар, іргелес жатқан зертханадағы құралдар жанып кетті. Бес бала дәрігердің көмегіне жүгініп, үшеуі ауруханаға жатқызылды. Қазір олардың денсаулығына төнер еш қауіп жоқ. Ал отқа оранған мектеп ғимаратының бір бөлігін демеушілердің қаржысы есебінен жөндеу басталды. Жоспар бойынша ол екі аптаға созылады. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, оқу мекемесіне әлдекімдер әдейі от қойған. Бірақ кімнің, не үшін мектепті өртемек болғаны, әзірше, белгісіз.

Ал бейсенбі күні №28 мектепті шарпыған қызыл жалынның аумағы №1 мектептен анағұрлым ауқымды. Мұнда 1200 шаршы метрден астам аумақ отқа оранды. Ортаңғы корпустың төбесі толығымен жанып кетті. Төтенше жағдай өкілдері бұған электр құралынан шыққан қысқа тұйықталу себеп деп отыр. Бұл білім беру мекемесі де «Заманауи мектеп» бағдарламасы аясында 2020 жылы 200 млн теңгеден астам сомаға жөнделген-ді. Енді жанған ғимаратты қайта қалпына келтіру үшін облыстың резервінен тағы да қаржы бөлінбек. Өрт басталған таңғы 8.04-те мектепте болған 556 бала мен 20-дан астам қызметкер дер кезінде эвакуацияланды. Өрт сөндіру қызметінің 70-тен астам маманы мен 10-ға жуық техника тек екі жарым сағаттан соң отты толығымен ауыздықтады.

Бұл ретте, жөндеуден өткен екі мектепте электр желілері де толығымен жаңарғанын атап өту керек. Бірақ жұмыстардың сапасы қандай болғанын дөп басып айту қиын. Себебі тексеріс жұмыстарын мемлекеттік емес, жекеменшік компаниялар жүргізеді. Ал олардың кейбіріне ақша берсең, қажет қорытынды шығарып берері, айтпаса да түсінікті.

– Жөндеуден соң, екі мектепті қабылдап алу кезінде техникалық, авторлық бақылау өкілдері болды. Олардың тарапынан ешқандай сын-ескертпе айтылған жоқ. Сонымен қатар нормативтік талаптарға сәйкес, мектептерде аудит өтуі тиіс. Алайда оған төтенше жағдайлар департаментінің күші жетпейді. Сол себепті аудитті жеке компаниялар жүргізеді. Осы уақытқа дейін жоспарланған 378 мекеменің 271-і тексерістен өтті. Одан соң, кесте бойынша мемлекеттік аудит те жасалады, – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Әбенова.

Кейін анықталғандай, №1 мектеп осы уақытқа дейін мемлекеттік аудиттен өтпепті. Ал №28 мектепте осы жылдың 24 наурызында төтенше жағдайлар департаменті тексеріс жұмыстарын жүргізді. Сол кезде кемшіліктер анықталып, екі ескерту жасалды. Осыдан-ақ жоғарыдағы сөзіміздің негізді екенін байқауға болады. Яғни жекеменшік компаниялар аудит кезінде олқы тұстарды қалт жіберген.

Оған қоса мектептерде дабыл сигналының жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Айталық, №28 мектепте өрт басталған кезде кейбір қызметкерлер дабыл дауысын естімепті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіру керек.

Тегтер: мектеп қылмыс оқиға

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01