Министр мұғалімдерге «мат» қойды

Нұрлан ТОБАҚАБЫЛОВ

21.09.2022, 08:48

2113

     Бұл күні мектепте күнде айқай-шу, ұрыс-керіс, жаға жыртыс! Барын салып бала оқытуға тиіс мұғалімдердің сағат таласынан қолдары босамай тұр. Біреулері бет көріспестей ұрсысып, біреулері арызданып ауданға шапқылап жүр. Қайтсін енді, «мал ашуы-жан ашуы» деген. Алған сағаты – жыл бойғы азығы. Әрбірінің басында екі-үш кредиті тағы бар. Биылғы сағат саны қысқарған оқу жоспарындағы өзгеріс дүниеқоңыз директорлардың да «артын» ашқандай. Есепсіз жұмысқа қабылдаған мұғалімдерін қайда жайғастырарын білмей шарадай бастары шақшадай болды.

     «Қазақстан Республикасындағы  бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы»  Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрінің  2012 жылғы 8 қарашадағы №500 бұйрығы ылғи да өзгеріс енгізіле беретін «черновикке» айналғандай. Былтырғы оқу жылында осы оқу жоспарына министрдің №415 бұйрығымен (20.08.2021 жыл) өзгерістер мен толықтырулар енген. Биыл №365 бұйрығымен (12.08.2022жыл) қайта өзгертіп отыр. Ол да болса әлі  бекітілмеген, нақтыланбаған. Бүкілхалықтық талқылаудан соң тағы бірнеше талқыға салынбақ екен. Әзірге мектептер жаңа оқу жоспарындағы қалаған қосымшасымен жұмыс жүргізуге мәжбүр.

     Аз десеңіз, құбыла беретін №125, №130, №83 бұйрықтарды қосыңыз. Қажеттілікке сәйкес өзгереді дегенімен, әр нәрсенің шегі бар емес пе? Оқу-ағарту министрлігінде ойланбай, асығыс шешім қабылдау үрдіске айналғандай. Бүгін айтқанын ертең жоққа шығарады.

     Бірер ғана мысал: 2021-2022 оқу жылында  «Алтын белгіге үміткер бітірушілер  жазбаша емтиханды Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында тапсырады» деді де, жыл соңында «келесі жылға қалды» деп қоя салды. Назарбаев мектебінде қалыптасқан тәртіпке сай бес күндік оқуға байланысты  сабақ ұзақтығы 40 минут болды. Кейіннен 5 минутты қайтарып берді.Мұғалімдер жүргізетін  міндетті құжаттардың тізбесі де жиі өзгереді. Педагогтарды аттестаттау ережесі де бір орнында тұрмайды. Барынша күрделендіріп, бірде тестілеуде балын жоғарылатып, бірде тапсыратын құжаттарын қиындатып отырады. Оқулықтағы оқылықтарды таңды-таңға ұрып айтуға болады. Қауқарсыз заңдармен, балықтай бұлтыңдаған бұйрықтармен білім саласы құрдымға кетіп барады. Қай министрдің тұсында да бірізділік, жүйелілікке жарымадық. Тәп-тәуір бастайды да, «бояушы дегенге сақалын бояп» кете береді. Айта берсең-сөз көп.

     Сонымен, жаңа оқу жылының ұзақтығы 36 оқу аптасына созылды. Бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспарында 1-2  сағатқа, негізгі орта білім берудің үлгілік оқу жоспарында 2-2,5 сағатқа, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарында 3-4 сағатқа азайған. Өзін-өзі тану пәні жойылып, орнына жаһандық құзыреттілік вариативтік компонент беріліпті. Өзін-өзі тану мұғалімдері жұмыссыз қалатын болған соң түкке қажетсіз «Кәсіби бағдаршы» штатын ашып бере салды. Шетел тілі, орыс тілі, информатика, көркем еңбек пәндері үшін оқу-ағарту министрінің №348 бұйрығында (03.08.2022 жыл) білім беру ұйымдарында сыныпты екі топқа бөлу 24 және одан да көп білім алушылар болған кезде жүзеге асырылады» делінген. Мұғалімдер қарсы наразылық танытып еді, шапанын теріс айналдыра салды. Кей өңірлерде жүктемесі азайған педагогтерге еден жуушы, күзетші болып жұмыс істеу ұсынылды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қайда қалды сонда?

   «Бір күн ұрыс болған үйде қырық күн береке болмайды» дейді халық. Міне, қыркүйек айы аяқталуға таяу. Үлгілік оқу жоспары әлі бекітілген жоқ. Ал мұғалімдер сүйекке таласқан иттей ырылдасып әлі жүр. Қу дүние үшін  әріптестесімен жаға жыртысатын мұғалімде не қадір, не қасиет қалды дейсің? Негативке толы педагогтен сапасыз білім алып жатқан баланың обалы кімге? Мұғалімге ме әлде шешімін өзгерткіш министрге ме?

      Тап қазір мұғалімдердің көкейінде «айлығым шайлығыма жетер ме екен?» деген бір ғана қайғы бар. «Баланы сабаққа қалай қызықтырсам болады деп уайымға салынғандардың қатары аз. Өзгерістердің арты қайырлы болса жарар еді. Айтқанның аузы, жылағанның көзі жаман болып қала бермей. Құдай-ай, осы былтыр ғана емес пе еді «ең көп жалақы мұғалімдерде!» деп елдің шулағаны. Көз тиді ме екен?

    Қысқасы, министр мектепті көптеген айла-тәсілдерді орындайтын шахмат тақтасына айналдырғандай. Соңғы жылдары жиі-жиі мектептің жүрегі –мүғалімдерге «мат» қойып жүр.

Тегтер: мұғалім мектеп министр

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 30.09.2022, 08:50
Билік халыққа жау ма?!
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 30.09.2022, 08:48
Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 29.09.2022, 16:05
Бөкейхан ауданында Әлиханды еске алу неге ұмыт қалды?
Сайт әкімшілігі 29.09.2022, 15:15
ЕЛІМІЗДЕ ОҚУШЫЛАР БОТАНИКАНЫ ҰНАТАДЫ
Сайт әкімшілігі 29.09.2022, 10:51
БҚО Үйлестру кеңесінде шекарадағы ахуал талқыланды
Сайт әкімшілігі 28.09.2022, 16:20
«ҚазМұнайГаз» бен «Шеврон» ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37