Мұғалімнің мәртебесі министр мен экс-министрді мұңайтпай ма?

26.11.2018, 16:36

51

Қадірменді қазақ зиялылары және оқырман қауым!«Жас алаш» сайты арқылы Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Тоқаев көшесінің 27-үйінде 03.11 күні өткен мұғалімдерді ұлттық тестілеудің жай-жапсары жөнінде «Түркістан облысындағы тест базары» атты мақала жаздым. Мақаланы жазудағы мақсатым – Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі мен ел назарын шындыққа аудару болды.Түркістан облысындағы мұғалімдердің Ұлттық тестілеуі өткізілгеннен кейін, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің берген жауабына қанағаттанбадым. Министрліктің мән-жайды зерделемей жатып, «Түркістанда тест базары болған жоқ» деп, дабыра салуы білім саласындағы былықты әшкерелейді.Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрінің баспасөз хатшысы Әйгерім Әлібекованың өздеріңізге, (маған емес, құрметті «Жас алаш») сіздерге жолдаған хатында:«А.Әшірбаева Шымкент қаласы, Тоқаев көшесі, 27 мекен-жайы бойынша орналасқан тестілеу пунктінде «педагог-модератор» 25 мың теңге, «педагог-сарапшы» 40 мың теңге, «педагог-зерттеуші» 70 мың теңге, «педагог-шебер» біліктілік санаттары 100-130 мың теңгеден саудаланғанын ашық айтады». (Барлық аудиториядағы мұғалімдер мен айналамдағы әріптестер тізім бойынша бақылаушыларға тапқан-таянғандарын  тықпыштады. Алдын ала есеп айырысып, жайбарақат отырғандар да болды. Ұлттық тестілеуге қатыспай-ақ, тестілеуден өтіп кеткен мұғалімдерді көзім көргесін, пікірімді жарияладым. Сот залында олардың атын атап, түсін түстеп беруге мен дайын.) «Жарияланған аталмыш мақала фактісі бойынша ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы филиалының қызметкерлері Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық сотына талап арыз берген». (Берсін. Не деп береді, сотқа? Тестті 4-5 сағат кешіктіріп бастадық деп бере ма? Жоқ әлде, тесттен «мұғалімдердің бәрі өз деңгейінде өтті» деп жазғызып, қол қойғызып, артынша сотқа жетелеп, мұғалімдердің мәртебесін одан әрі көтермек пе? ҚР БҒМ ұлттық тестілеу орталығының Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанындағы филиалының қызметкерлері сотта ұлттық тестілеу барысын түсірген бейне-бақылауды назарымызға ұсынар...)«Талап-арызда мұғалім мәртебесін түсіретін аталмыш жалған ақпаратқа тойтарыс беріліп, тестілеуден өте алмаған адамның жала жабуы делінген». (Министр мырза жоғары санатты мектеп мұғалімінің құқын қорғап, оқиғаның ақ-қарасын айырудың орнына, неге бұлай деді?! Сағадиевтің пікірінше, 03.11.2018 күнгі тестілеуден сүрінбей өту үшін, менің де «тест базарына» қатысып, олардың сұраған «сыбағасын» беруім керек пе еді? Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Тоқаев көшесінде тест тапсырған мұғалімдердің құқын таптап, ұстаздық қадір-қасиетін түсіру, Ұлттық тесттің кешіктіріліп басталуы, апелляциялық шағымның қабылданбауы, оған дұрыс жауаптың берілмеуі, менің өзіме емес БАҚ арқылы министрдің жариялаған негізсіз жауабын өздеріңіз айтқандай, «Мұғалімнің мәртебесі мен абыройын түсіру» деп білемін.)«Педагог-зерттеуші» біліктілік санатын алу үшін шектік ұпай жинай алмаған хат авторы Айсұлу Амангелдіқызымен тестілеуді бірге тапсырған мұғалімдер де бұл ақпараттың жалған екендігін растап отыр. Яғни, тестілеу үрдісіне осылайша жала жабу мұғалім мәртебесін төмендетуді көздеген іс-әрекет деп анық айтуға болады». («Тест базарына» қатыспаған маған тестілеу орталығының апелляциялық комиссиясы мына жауабыңыз дұрыс, мына жауабыңыз бұрыс деп, нақты айта алмай, мені қасақана сүріндіріп отыр. 04.11 күні шағымыңызды жазбаша әкеліңіз деп алдаусыратса, 05.11 күні «Кеше әкелмедіңіз бе?» — деді. Тіпті шағымым бойынша мені қабылдаған адам (аты-жөнін, кім екенін білмеймін) 3258 нұсқа кітапша мен жауап парағымды маған көрсетпей, алақанымен жауып отырды. Егер бұрыс болса, қысылып-қымтырылмай, бәрін көрсетер еді. Мен қатемді көзіммен көріп,  мойындар едім.)«Жалпы республикалық апелляциялық комиссияның жоғары санатты сарапшылары тарапынан тестілеуде пайдаланылған сұрақтардың дұрыс жасалғандығы туралы қорытынды берілген». (Олай болса, 3258 нұсқа кітапшаның өзінен бірнеше қате таптым. Соның бір дәлелі  15-сұрақ. «Түбір етістіктер» кітапшада А жауабын дұрыс деп қарастырады, мен В жауабын белгіледім, яғни ол «жамыра, секір». Қазақ тілінің терминологиясына сәйкес, менің қолымдағы Мырзатай Серғалиевтің «Қазақ тілі» оқулығындағы 25-бетте «Сөздің ешқандай бөлшектеуге келмейтін түпкі түрін негізгі түбір деп атайды» делінген. Осы ережеге сүйеніп, мен В яғни «жамыра, секір» жауабын белгіледім. Ал  А жауаптағы «тарай, кеңей»  етістіктері филолог Мырзатай Серғалиевтің айтуынша, «көсемше тұлғалы етістік» болады. Ғалым Жансейіт Түймебаев құрастырған «Қазақ тілінің қысқаша грамматикалық анықтағышында» «Етістікке тән қимыл-әрекеттің себебін, белгісін, сын-сипатын көрсетіп тұратын категория көсемше деп аталады», яғни «тара+й мен кеңе+й» анық  көсемше тұлғалы етістік. Бұл жауабыма не дейсіздер,аса құрметті республикалық апелляциялық комиссияның жоғары санатты сарапшылары?!)«Естеріңізге сала кетейік, педагогтардың ұлттық біліктілік тестілеуі ағымдағы жылғы 3-5 қараша аралығында өткен болатын. Шымкент қаласы бойынша тестілеуге 4719 педагог адам қатысып, оның ішінде 3103-і шектік деңгейден өткен. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті базасында орналасқан тестілеу пунктінде өткен тестілеуге 1758 мұғалім қатысып, оның 1086-сы тестілеуді сәтті тапсырып шықты». (Өкінішке орай, Ұлттық тестілеуді сәтті тапсырған мұғалімдердің көпшілігі не деңгейлік, не жаңартылған бағдарлама бойынша арнайы курстардан өтпегендер. Сөйте тұра, педагогикалық әдістеме пәнінен көп ұпай жинақтауы «тест базарының» белсенді әрекетін дәлелдеп тұр. Осыған министрлік өкілдері зер салды ма?)«Атап өткен жөн, тестілеудің барлық талаптарға сәйкес өтуіне Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі өкілдері тарапынан бақылау жасалды,» — деп «Жас алашқа» асыра сілтепті. (Егер ҚР БҒМ өкілдері тарапынан қатаң бақылау болса, тестте базар болар ма еді?! Ішкі тәртіпті сақтап, қадағалап, «Сәлем хат!» тасымай отырған бақылаушыны өз басым көрмедім.)   «Тест базарынан» олжалы қайтқан мұғалімдеріңіз: «Біз қайда бара жатырмыз? Қандай іс-әрекеттер жасауымыз керек? Одан әрі не істеу керек?» деген критерийлерді теріс қабылдап қайтты («Мұғалімге арналған нұсқаулық».) Мұғалімдерді ұлттық тестілеу мен көрген үлгіде ұйымдастырылып отырса, мектептегі пареқорлықпен күресудің ауылы алыс. Ауылдан басталып, министрлікке дейін жеткен, ұлттық тестілеудегі жең ұшынан жалғасқан ЖЕМҚОРЛЫҚ жойылмаса, мұғалімдерді қияннан қалаға сүйреп, суықта дірдектетіп, есік алдында қойдай иіріп, білімді мұғалімнің намысын таптап, біліксіз, қалталы  мұғалімнің абыройын асқақтатудың қажеті қанша? «Ұлттық тестілеу» деп дабырайтқанымызбен, ұлттық мән-маңызға ие болмағасын, жаңа реформа – жаңартылған білім беру бағдарламалары ұстаздардың мәртебесін көтермей, керісінше, педұжымды іштен ірітіп, министрліктің өзі алауыздықты күшейтіп жатса,  «Ұлттық» деп айдар тағудың не керегі бар?Бұл туралы: «Түркістан облысының білім мекемелеріне жұмысқа орналасу үшін мұғалімнің де, еден жуушының да арнайы ставкасы бар» екенін, сондай-ақ, мұндағы білім саласының сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батып кеткені жайлы» («ЖА»)  Елбасымыздың өзі – өз аузымен айтқан тұста, Білім және Ғылым министрі мен экс-министрдің пәреқорлыққа қарсы пәрменді күрес бастамағаны өкінішті. «Облыс басшылығы жемқорлық деген жегіқұртты жою үшін бар күш-жігерін салып жатқаны» («ЖА») рас болса, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ағамыз неге ләм-мим демейді?Айсұлу Әшірбаева, Мектеп тренері. Түркістан облысы. Коллаж: zhasalash.kz
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16:17
Адам өміріне араша түскен полицейлер марапатталды
Сайт әкімшілігі 13:59
"ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
Сайт әкімшілігі 11:53
COVID-19: 222 адамның жағдайы нашар
Сайт әкімшілігі 10:22
Коронавирустан 900-ден астам бала емделіп жатыр
Бифат ЕЛТАЕВА 09:56
Туған баласынан безінетіндер неге көбейіп кетті?!
Сайт әкімшілігі 29.11.2020, 17:57
"Nur Otan" партиясының қатарына тағы 1,5 мың қазақстандық қосылды

Аңдатпа


  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    13:04
  • Көлік қаққан балалардың құқы аяқ асты таптала бере ме?! (видео)
    29.11.2020, 10:26
  • Оқушының үндеуіне министрліктегілер жауап берді (видео)
    28.11.2020, 17:05
  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09