Мүгедектер мүсіркеуге ғана керек пе?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

29.12.2021, 08:00

2207

Қазақстанда «мүмкіндігі шектеулі жандар» деген  топ бар. Тура мағынадағы ұғымы – кембағал жандар. Десе де, нағыз жанкешті тұлғалар  осылар. Үкіметтен үзіліссіз қамқорлықты күтетін  қажырлы кісілердің халі нешік?

Бүкіл Қазақстанды айтпағанда, қарағандылық кембағалдардың өмір сапасы сын көтермейді. Олардың ең басты қажеттілігі – баспана мәселесі ежелгі түйін ретінде қалып отыр. Аймақтағы мүгедектерге кезек арқылы пәтер алудың өзі қиямет. Себебі Қарағандыда тұрғын үй құрылысы қарқын алғаннан бері пәтер нарқы елордан кем емес. Бір бөлменің құны 20 мың долларға табандап тұр. Осыдан кейін қоғамның әлжуаз мүшелері алдында «көмірлі өлкеде тұрғын үй салу рекордтық көрсеткішке жетті» деп мақтанудың өзі ерсі. Сонда кінәні кімге артамыз? Шалағай заңға ма, бюрократтық кедергіге ме?

                                              «Үмітіміз үзілді»

       Перизат Хасенова, 3-топтағы мүгедек, жалғызбасты ана:

– Өзімнің мүгедектігім аздай, кіші ұлым да  мүгедек болып туды. Қос перзентімді жалғыз өсіріп жатырмын. Перзентіме 48 мың, маған 41 мың теңге жәрдемақы төленеді. Үкіметтің шайлыққа жетпейтін өтемақысы  дәрі-дәрмектен артылмайды. Дастарханымыз жүдеу, киім-кешегімізді несиеге аламыз. Балама шектеулі көмек бар, бірақ ол да жарытымсыз. Басымызға түскен ең ауыр азап жекеменшік баспанамыздың жоқтығы болып тұр. Он жылдан бері екі баламен жалдамалы пәтерде тұрамын. Үй кезегіне 2013 жылы ілінген едім.  Бірақ үміт аз. Әлі де 2380-ші санатта мелшиіп тұрмын. Былай қарағанда «мүгедек», «жалғызбасты ана», «мүгедек баланың күтушісі» статусын иеленіп отырмын. Алайда шығатын тетік жоқ. Пәтер кезегім келсе де, жағдайым келмейді. Әкімдік кезегім келгенде жолдамамен несие рәсімдеуге банкке жібереді.  Ал қаржы мекемесі зейнетақы аударымын талап етеді. Қазақстанда баспана алу үшін ипотека рәсімдеу шарты тек сау адамға арналған. Жұмыс істемейтін мүгедектерде зейнетақы аударымы қайдан болсын? Сайып келгенде, тағдырластарыма пәтерден дәмелену  құр қиял.  

Гүлім Кеңесбай, 1-топтағы мүгедек:

– Банк арқылы бізге несиемен пәтер алуға, расында, мүмкіндік жоқ. Осыдан үш жыл бұрын кезегіміз бойынша үй алуға қадам жасағанбыз. Анам баспананы маған сыйламақшы болды. Өкінішке қарай, амалымыздан дым шықпады. Ол кезде еңбекақы мен жәрдемақымды қосқанда, кірісім 100 мың теңге болатын. Банк менің төлемақым жеткіліксіз деп, өтінішімді қанағаттандырмай тастады. Бізді қинайтыны – зейнетақы аударымы. Әрі қалтаңызда алғашқы жарнаны төлейтіндей кемі 2000 АҚШ доллары болмаса, әрекетіңізден еш нәрсе шықпайды. Ал кәсіпсіз жүрген, өздігінен жүріп-тұра алмайтын бейбақ жандарда мұндай қаражат қайдан болсын? Ақылға сыймайтын талап. Банктердің мүгедектерге қоятын тағы бір қисынсыз шарты – ипотека беретін кезде  жәрдемақыны, жалақыны, коммуналдық шығынды қоса есептейді. Егер жақындарыңызды көндіріп, жиырма жылға кепілденген пәтер  алғыңыз келсе, оның да тауқыметі жетіп-артылады. Мақұл делік, қаржылық институт  мүгедектің сұранысын қанағаттандырғанымен, несиенің ставкасы жоғары. Көбінің төлем қабілеті келмейді. Демек, еліміздегі қаржы секторлары  мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үй алуға маңайлай алмайтындайшарт жасаған.

Осындай кедергілер  мүгедектердің шақшадай басын шарадай қылуда.  Бұдан кейін ұранға айналған «кедергісіз орта»  ауыспалы мағынаға айналғандай.

                        «Баспана бергізетін жаңа тетік керек»

«Тәуекелдігі төмен жандарға» нарықтық институттар несие рәсімдеуде тәуекелге баруда қорғанады. Бұл туралы экономика ғылымының докторы Аяпберген Таубаев былай дейді:

– Банктер кез келген клиенттің табыс мөлшерін есептейді. Бұл – барлық нарықтық институттардың қасаң талабы. Бұл орайда, үкімет мүгедектерді тығырықтан шығаратын амал іздеу керек. Олай дейтініміз, ерекше кісілердің төлем қабілеті төмен екені аян. Әсіресе кәсібі жоқтардың жолы жабық. Сондықтан үкімет мүгедектерге несие беру тетігін жасауды ойлағаны абзал. Ондай әрекет болмаса, мүгедектердің жағдайы осылай қала береді.

Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегінше, бүгінде  аймақта 1306 мүгедек үй кезегінде тұр.  Былтыр әлеуметтік осал топтағылардың 2145-і пәтер алса, биылғы қазан айына дейін өңірдегі 3160 мүгедекке үй берілген.  Қағаздағы мәлімет осылай сөйлейді.

          Еліміздегі «Мүгедектерді қорғау» заңы бойынша осы санаттағылар жеңілдікпен үй алуға, тегін емделуге, қосымша тамақтануға, төмен бағамен дәрі-дәрмек алуға, көмекші жалдауға, шипажайға баруға, арнайы көлік құралдарымен қамтамасыз етілуге, қосымша мамандық меңгеруге құқылы. Заң жүзінде бәрі тамаша. Ал орындалысы мешел. Неге? Салдары айқын:мүгедектерді қорғайтын ұйымдардың үні алысқа жетпейді. Атқарушы билік, әлеуметтік қорғау органдары қамкөңіл топқа жеткілікті көңіл бөлмейді. Тым құрығанда кембағалдарға үкіметтік емес ұйымдар,  қоғам өкілдері жұмылған жұдырықтай болып неге қол ұшын созбасқа? Киесімен қатар, күйігі басым жандардың дауысын жинаған депутаттар қайда қарап отыр? Кем дүниенің кетігін кемірген қарағандылық кембағалдарға жарық дүниенің сәулесі аз түсуде.

Тегтер: мүгедектер мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам үкімет мемлекеттік көмек

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:12
Коронавирус инфекциясын жұқтырған 15 872 жағдай тіркелді
Махамбет САПАРМҰРАТОВ 19.01.2022, 18:15
Әйелдердің қателіктеріне еркектердің де қатысы бар
Сайт әкімшілігі 19.01.2022, 14:00
Тұрғындардың қарулары уақытша сақтауға қойылды
Сайт әкімшілігі 19.01.2022, 11:10
Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд тіркелді
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 19.01.2022, 08:48
«Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
Күлтегін БЕК 18.01.2022, 08:41
Қаралы қаңтар: күдік пен үміт

Аңдатпа


  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48
  • Жарылысқа жол ашқан – биліктің мақтаншақтық идеологиясы
    19.01.2022, 09:05
  • Аренадан Алаңға дейін...
    18.01.2022, 08:39
  • Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?
    18.01.2022, 08:38