05.11.2020, 04:29
1216
Мемлекеттік мерекелер тізіміндегі 9 Мамыр – Жеңіс күні аталатын атаулы дата жақындаған сайын кеңестік идеологиямен уланып, қатып-семген аға ұрпақтың мереке деп даурыққандары мені мұңға батырады. 1941-45 жылдардағы соғыс жер жүзіне үстемдік жүргіземін деген гитлерлік империя мен өз ықпалын дүниеге арттыра беруді көздеген Сталин басқарған кеңестік империя арасындағы халық үшін мәнсіз, мағынасыз соғыс болды. Бұл соғыста дүниежүзі бойынша 40 млн-нан астам жазықсыз адам құрбан болып текке қырылды.
9 Мамырды Жеңіс күні деп тойласа, Ресей тойлай берсін. Себебі олар кеңестік империя ісін бұлжытпай жалғастырушылар. Ал бізге неге керек? Біле білген кісіге соғыстың басында гитлершілерден Отанды азат ету болғанмен, шекарадан өткен соң, өңі теріс айналған басқыншылық соғыс болды. Герман елін, күллі Еуропаны күл-қоқысқа айналдырып, жанкешті неміс халқының дамуын 30 жылға кері шегерді. Қазақстандықтар қатынасса, тарихқа кеткен Кеңес өкіметінің құрамдас бөлігі болғандықтан, Отан бұйрығын орындау үшін амалсыздан қатысты. Бұл соғыс барша әлем халқына қасірет-қайғыдан басқа ештеңе берген жоқ. Сондықтан бұл соғысқа қатысқан ата-әкелеріміздің көзі тірілерін Отан бұйрығын орындаудағы жанқиярлық ерліктері мен қазақ ұлтының батыр халық екенін әлемге танытқаны үшін қаралы күні көңілдерін жұбатып, мемлекеттік дәрежеде марапаттап, сол сияқты тыл еңбеккерлері мен балалығын соғыс жалмаған аға-апаларымызды да жоғары деңгейде құрметтеуіміз керек. Ал соғыста қаза тапқандар мен белгісіз болғандарға 9 Мамыр күні жұма күнгідей күні бойы мешіттерде құран оқылғаны абзал.
Өткен кеңестік дәуірде осы соғыста мерт болған, хабарсыз кеткен, тұтқын болып амалсыздан шетел асқандарды іздеу экспедициялары сияқты жақсы бастамалар болды. Қазір сол бастаманың жалғасындай, сенат депутаты Дана Нұржігіт бастама көтеріп, үкіметке сұрау жолдап жатыр. «Егемен Қазақстан» газеті осы соғыстың тұтқыны, амалы құрып Америка асқан Мұхтар Қарабайдың қилы да қиын, елге деген сағынышы мен аяулы тағдырын және ұрпақтары туралы мақалалары арқылы соғыс салған жараның мәңгі жазылмайтынын ұрпақ санасына жеткізу үшін жаза бастады. Халыққа қасірет пен қайғыдан басқа ештеңе бермеген сұм соғыстың аяқталған күнін мереке деген аға ұрпаққа кешіріммен қарауға болады, ал сауатты да белсенді жастардың ойланбайтыны көңіл қынжылтады.
Жалпы, мемлекеттік мерекелерді қайта белгілеп, қайсысы халықтық мереке, қайсысы даталы, атаулы күн екенін айыратын уақыт жетті. Мысалы: 8 наурыз, 1 мамыр, 1 қаңтар, 9 мамыр, 16 желтоқсан – атаулы күндер. Мерекелер 14 наурыз – көрісу, 22 наурыз – Әз Наурыз, 25 қазан – декларация қабылданған Тәуелсіздік мерекесі т.б. болып белгіленгені жөн. Сондай-ақ бір күнді «Ерлік күні» деп, Бұланты, Аңырақай, Тастөбе соғысы, Салқым Жәңгірдің жоңғарларды жер жастандырған Орбұлақ шайқасы т.б. ертедегі батырлар мен бейбіт күннің батырлары – Т.Әубәкіров сияқты ерлерді дәріптейтін мереке жасаған жөн. Бұл жас ұрпақты өздері анық біліп, көріп жүрген адамдар ерлігіне еліктеп өсуіне басты үлгі болар еді. 1 Мамыр – ынтымақ күні мерекесі де оң нәтижені беріп жүрген жоқ. Халықты мезі қылған жаттанды көз алдаушылық болуда. Егер сол күнді әр ұлттың еңбекте, өнерде, салт-дәстүрдегі жаңашылдық бастамаларын жыл бойы жарнамалап, соны қорытындылап мерекелесе дейміз. Баяғыдағы стахановшылар, жақаевшылар, берсиевшілер, қуанышбаевшылар, сондай-ақ шұбартаулықтар бастамасы, қозғалыстары сияқты жетістіктер қорытындыланып, барша ұлт өкілдері еңбекте ынтымақтасқан мереке деп өтсе, қандай тамаша болар еді.
8 Наурыз мерекесі Копенгаген көшелеріне жезөкшелердің мемлекетке өз жағдайларын заңдастыруды талап етіп көшеге шыққан күні. Ең болмағанда 8-ін 9-ына ауыстыру әлі есімізге келмейтіні өте өкінішті. Аналарымыздың құрметіне бір күндік мереке аздық етеді, аналарымызға ай сайын, апта, тіпті күн сайын құрмет көрсетсек те артық етпейді. Бір айды «Тұмар ханым» күні, келесі айды «Әз әжелер» мерекесі, тағы бір айды «Алтын құрсақ аналар» мерекесі деп, «алтын, күміс алқа» аналарды құрметтеп, «Әйел – ана, еңбекте ер, қоғамда қайраткер» деп, үлгілі ана, еңбекте озаттарын құрметтесе, жас ұрпаққа баға жетпес өнеге болар еді.
1986 және 2011 жылдардың желтоқсандарында жазықсыз адамдар мен жастардың қаны төгілді. Бұл күндерді Тәуелсіздік мерекесі деп тойлауға мүлде болмайды. Бұл күнді айтулы, даталы, қаралы күн деп, мешіттерде құран оқылып, Желтоқсан батырларын еске алып, ас берілуі өте орынды болар еді. Тәуелсіздік күні – 25 қазан, оған ешкімнің таласы жоқ. Тағы бір қаралы датаны айтқанмен, қолға алмай келеміз. Ол – 1920-22, 1933-34 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық жылдарына бір күн белгіленіп, әр аудан орталығында монумент тұрғызылатын уақыт болғанын барша халық айтып та, жазып та жүргенін ескеретін уақыт болды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР