31.01.2023, 16:35
1064
Еліміздің азаматтары заңға сәйкес әлеуметтік жәрдем ала алады. Дегенмен осы жәрдемді көрсетуде халықтың бар мұқтажы ескерілген бе?
Баласы қайтыс болып, жаңа жыл қарсаңында жылдық асын берген досым жанайқайымен бөлісті. Сырқатына байланысты, әрі отбасын құрмаған күтім қажет болған соң ата-анасымен бірге тұрған. Жүрек қан тамырлары ауруына байланысты мемлекет тарапынан жәрдемақы алған.
Әлемді жайлаған пандемия індеті кезінде кезекті дәрігерлік комиссиядан өтуге дер кезінде бара алмай қалған. Арада уақыт салып, емханаға барғанда Медициналық сақтандыру қорына тіркелмегенін алға тартып, дәрігерлік тексеруден өтуге рұқсат бермеген. Осы жайға ашынған досым ҚР премьер-министрінің атына арыз жолдайды. Оның мазмұны: «әйелім екеуміз зейнеткерміз, баламыз денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз. Сонда Медсақтандыру қорына бір жылдық жарнаны ата-анасы мемлекеттен алатын зейнетақысынан төлеу керек пе? Неге?» Жауап: «қала әкімшілігінің Медсақтандыру қорына жүгініңіз» деген жауап келді. Сонымен досым аталған қорға бір жылдық пайын төлейді. Бірақ емхананың дәрігерлер комиссиясы балаң еңбекке жарамды деген қорытынды шығарады. Бір айдан кейін баласы жүрек ауруынан (дәрігерлік сараптама қорытындысы) қайтыс болады. Мейітханада түнеген баласының денесін ертеңіне әрең дегенде (шамасы, ақша берген шығар деп ойлаймын) тамыр-таныс арқылы алады.
Әйтпесе, екі-үш күннен кейін аласың деп бермей қойған. Жерлеу рәсіміне мемлекеттен қаржы бөлінеді деген соң әкесі Халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Бірақ орталық қызметкерлері балаңызға жерлеуге мемлекеттен қаражат төленбейді деп түсініктеме береді. Себебі, баласы жұмыс істемеген, мемлекеттен жәрдемақы алмаған. Осы мәселені елге барғанда ауыл әкімдеріне айттым. Олар «жұмыс істемейтін ауыл азаматтарын жерлеуге өзіміздің жеке қаражаттарымызбен көмек береміз» дейді. Сонда қалай, біздің мемлекет кедей ме? Неге барлық кодекс заңы қаралып жатыр екен. Досымның жанайқайын, өз пікірімді «Еститін мемлекет» шенеуніктерінің (депутаттар, денсаулық, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлерінің) назарына ұсынып отырмын.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР