Неке неге бұзылады?

Әдина Ерқараева

24.06.2021, 11:49

1848

       Отбасының сәні – сыйластық. Солай  десек те,  өкінішке қарай, шаңырағы шайқалып, керегесі қайысқан, берекесі қашып, махаббаты сөнген жас отбасылар да аз емес. Тіпті жыл сайын күрт өсуде. Мұның себебі неде? Неге шаңырақ шайқалады? Неке неге бұзылады?  Иә, елімізде жыл сайын ажырасу мәселесінің өршіп бара жатқанын жасыра алмаймыз. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәлімдемесіне жүгінер болсақ, жыл сайын 139 504 неке тіркелсе, 59 796 ажырасу тіркеледі екен. Ең қиыны, жыл өткен сайын ажырасу көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді.

        Ұзақ жылдар бойы етене араласып, бірін-бірі жақын таныған жастар отбасылық өмірде түрлі қиыншылықтарға келгенде әлсіздікке бой алдырып, төзім, сабырлық танытпай, бірден екі жаққа кетуге асығады.  Себебі неде?  Әрине, бұл сұрақтың нақты жауабын табу өте қиын. Бұл  жөнінде Алматы әйелдер орталығының директоры, психолог Лаура  Сейітбекова былай  дейді:

         – Бүгінгі жастар арасындағы ажырасу мәселесінің күрт өсу себебін нақты топшылап, осындай себеп деп айтуға келмес. Өйткені әрбір  отбасының бөлек тағдыры, оқиғасы, себебі бар. Көбінесе көңілдің жараспауы, тіл табыса алмау, материалдық жағдайға, тіпті денсаулыққа да байланысты, яғни бала сүйе алмау дегендей түрлі-түрлі жағдайлар кездеседі. Кейде оған үлкендердің де араласуы бір себеп болып жатады. Осы айтылған мәселелерді болдырмаудың да жолдары жоқ емес.

      Мәселен, біз  зейнет жасына дейін ғана жұмыс жасайтын бір дүниелік мамандықты алу үшін 11 жыл мектепте, төрт  жыл университетте оқимыз. Ал өле-өлгенше негізгі өміріміздің маңызды функциясы – біреудің анасы, біреудің жұбайы, біреудің күйеуі атану үшін, яғни отбасын құру үшін білім алуды, дайындалуды керексіз  санаймыз. Және осы тұрғыда ата-ана бойжеткен қызын, ержеткен ұлын осындай бір үлкен өмірге қадам басуға келгенде физиологиялық, психологиялық, рухани, имани жағынан білімді, дайындықты қажет емес деп санайды. Міне, мәселе қайда жатыр.  Сезімнің жетегінде бірін-бірі дұрыс танымау, бейсаналы тұрғыда ойлау, бәрін жеңіл-желпі қабылдау, үлкен мәселелерге немқұрайды қарау жастардың ажырасуына алып келеді. Сондай-ақ көптеген жастардың санасында бала позициясы қалыптасып қалған. Бұл дегеніміз – балаша бірін-бірі шексіз кінәлай беру.

        Біздің орталық бастапқыда тұрмыс құрған қыз-келіншектермен жұмыс жасаған болса, кейіннен тұрмысқа дейінгі жастарды дайындау басты мақсатымыз болды. Себебі өзі тұлға бола алған бойжеткен ертең қоғамға нағыз тұлға, саналы азаматтарды тәрбиелей отырып, бақытты отбасының ұйытқысы, шаңырағының шаттығы боларына сенеміз. Яғни қыз-келіншектер тұрмысқа шықпай тұрып та, өздерін дамыту, денсаулыққа көңіл бөлу өте маңызды. Дәл осындай дайындық ер адамдарға да қажет. Отбасын құру деген маңызды дүние, өз-өзімен-ақ болып кете беретін құбылыс көреміз. Жеме-жемге келгенде дайындықтың, білімнің болмауынан алдымыздан неше түрлі сынақтар шығып, оларды қалай шешуді білмей, мәселеден ажырасып құтылуды таңдап жатамыз. Дегенмен бұл шешім емес. Мәселен, бухгалтерлікке еш білімсіз жұмысқа тұрсаңыз, қалай қиналар едіңіз, жұмыстан шығып кеткенмен, білім алмай, басқа жерге қайта бухгалтер болып жұмысқа тұра алмайсыз. Тура сол сияқты.

        Жалпы, әрбір отбасында түрлі мәселелер туындап жатады. Кез келген мәселе тек біліммен, жан-жақты ақпарат жинаумен шешіледі. Және есею, яғни бала позициясынан ересек тұлғаға өту. Өзін тану, өз өміріне, алып отырған жұбайының өміріне, отбасына, ер де, әйел де, екі жақ бірдей жауапкершілікті алып, түсініп, бір-бірімен дұрыс коммуникация құра білуі керек. Кейде физиологиялық жасымыз ересек болуы мүмкін, бірақ психологиялық жас айырмашылығы әлдеқайда баланың жасында қалып қояды. Демек, екі бала бірігіп, шала бүлініп, мәселелер дұрыс шешілмей жататын себептер де осында. Сондықтан әркез әр нәрсеге дайындықпен, алға қарай дамумен, біліммен, пайдалы ақпараттармен және де Аллаға деген дұғамызбен қадам басайық.

      Маман  осылай  дейді. Бұған  біздің  алып-қосарымыз  жоқ.

                                                                                       

Тегтер: отбасы қоғам мәселе тұрмыс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»
Сайт әкімшілігі 11:34
Вирус жұқтырғандардың саны 7778-ге жетті
Дайындаған Айдын ОЛЖАЕВ 09:00
Ей, енді не істейміз?
Дарын ЗАМАНБАЙ 29.07.2021, 08:41
Жалқау қазақтың ғалымдары да жалқау болды
Еркежан АРЫН 28.07.2021, 08:45
Заң көмегінің сапасы артуда
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15