Нұр-Сұлтан өңірінің өңдеу өнеркәсібі 10 еседен астам өскен

Нұрай РАХЫМ

08.10.2021, 09:34

460

Бұл Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында Үкімет алдына қойған талабы. «Экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру» деген болатын.   

         Бұл тұрғыда қазір «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң да әзірленіп жатыр екен. Қазақстандағы өнеркәсіп саласын жандандыруды көздейтін бұл заң шикізатқа қол жеткізу кезінде кездесетін қиындықтардың реттелуін де қамтамасыз етуі тиіс. Себебі Мемлекет басшысы: «Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет» деп атап өтті. 

Былтыр «ҚДБ-Лизинг»АҚ негізінде құрылған «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы 2021 жылдың басынан бастап еліміз бойынша 60 млрд теңгеден астам сомаға 235 жобаны қаржыландырыпты. Қор өңдеуші кәсіпорындарды қаржыландырудың ауқымын кеңейту әрі экономиканың нақты секторын қолдау үшін құрылған еді.  

Жалпы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің соңғы мәліметіне сүйенсек, ең жоғары өсім көрсеткен өнекәсіп түрлері фармацевтика өнеркәсібі (140,8%), машина жасау (123,9%) мен құрылыс материалдары өндірісі (111,6%) екен. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 296 млрд.теңгеге 28 жоба іске асыпты, соның арқасында 3,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Жыл соңына дейін барлық өңір 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 1,23 трлн теңге болатын 128 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Ал бұл ел экономикасын одан әрі дамытуға оң серпін береді деген болжам бар.     

Мәселен, соңғы 10 жылда Нұр-Сұлтан өңірінің өңдеу өнеркәсібі 10 еседен астам өскен. Елордалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы соңғы 10 жылда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 111,3 млрд-тан 1 184,4 млрд теңгеге дейін өскенін, бұл ретте өңдеуші сектор 12 есеге (84,8 млрд-тан 1 080,8 млрд теңгеге дейін) өскенін хабарлады. Қала аумағында 30-ға жуық ірі және 32 орта өнеркәсіптік кәсіпорын құрылған. «Елорда өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетіп отыр. Негізгі өндірістер №1 Индустриялық паркте орналасқан, қазір бұл аумақ 99%-ға толық. Мұнда 79 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың 50-і пайдалануға берілді. Парктің кәсіпорындары құрылған сәттен бастап 3,1 триллион теңгенің өнімін шығару шебінен өтті. Мұнда 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Төленген салықтар есебінен, оның сомасы 104 миллиард теңге, парк құрылысы толықтай ақталды», — деді «Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы» ММ басшысының орынбасары Бауыржан Мұхиядинов.

№1 Индустриялық парктің арқасында қала бүгінде жүзге жуық тауар түрін шығарады. Оның ішінде елімізде баламасы жоқ телекоммуникациялық модемдер, коммутаторлар, электрондық-оптикалық аспаптар, эвакуациялық құтқару капюшондары бар. Мұндас іске асырылған жобалардың ішінде «ModeX Astana» ЖШС компаниясының блоктық үй құрылысы зауыты бар. Сонымен қоса, аз ғана уақыт ішінде ай сайын 12 млн дана маска мен 90 мың дана қорғаныш костюмін қамтамасыз ете алатын «Skinwood», «Bionick-PRO» ЖШС, «Болашақ-2019», «Akbarys Protection» деп аталатын жаңа кәсіпорындар құрылған. Обаға қарсы комбинезондар тігумен «Q product» ЖШС (айына 50 мың тал) және «Vita Pharma» ЖШС (40 мың тал) айналысып отыр екен.

Осы жылдың соңына дейін Индустриялық паркте 3,5 млрд теңгеге жуық тағы 5 нысан іске қосылмақшы. Онда 160-қа жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Атап айтқанда, кеңсе тауарларын өндіретін «AQ-Qauyrsyn» ЖШС, «ЛС Групп» ЖШС лифт құрылысы зауыты, «Аромат» ЖШС парфюмерлік зауыты, құрылыс материалдарын (қадалар, газоблоктар) өндіру жөніндегі кәсіпорын «Spectrum плюс» ЖШС, сол сияқты тоттануға қарсы және оттан қорғау жабындарын өндіру бойынша «ВМП Астана зауыты» ЖШС. 

Бұдан бөлек, 2017 жылдан бері елордада № 2 Индустриялық парк пен «Назарбаев Университетін», сулы-жасыл бульвар, сондай-ақ, 800 орындық көпфункционалды аурухана аумағын қоса алып жатқан 737 гектарлық жер «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Қазір мұнда 153,2 млрд теңгенің 11 инвестициялық жобасы ресми тіркеліп, іске қосылып жатыр.

Бұл аумақтарда Қазақстанның салық, кеден, жер заңнамасымен реттелетін қатысушы компаниялар үшін арнайы құқықтық режим құрылған. Инвесторлар үшін бірқатар кедендік және салықтық жеңілдіктер қарастырылған: КТС төлеуден, объектілер құрылысы кезінде ҚҚС төлеуден, жер салығынан, мүлік салығынан, жерді жалға беруден босату. Сондай-ақ, еркін кедендік аймақ және шетелдік жұмыс күшін әкелу кезінде жеңілдетілген режим қолданылады екен.      

         Жалпы, бұдан өзге еліміздегі кәсіпорындарға шығындардың бір бөлігін өтеуге көмек көрсететін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ биылғы 8 айда 56 өтінім бойынша жалпы сомасы 250 млн теңгеден астам сомаға кәсіпорындардың шығындарын өтеген екен. Бұл туралы бір апта бұрын есеп берген «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Бекенов айтқан болатын. Оның айтуынша, орталықтың «Жеткізушілерді дамыту қызметі» деп аталатын жобасының пайдасын біраз кәсіпорын көрген. Өйткен бұл жоба аясында 200 кәсіпорын іріктеліп, әр компания үшін жеке даму жоспарлары әзірленген. Жұмыс соңында кәсіпорындардың 82%-ы өздерінің бизнес-процестерін жақсартыпты.  

         Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттерге сәйкес 2025 жылға қарай 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда еліміздегі өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 1,7 есеге өсуі керек, өңдеуші өнеркәсіп экспортының көлемі 2,3 есеге өсуі тиіс. Инвестицияны 2 есеге, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санын 2,3 есеге ұлғайту көзделген. Ондағы индустриялық-инновациялық дамудың мақсаты – Қазақстан Республикасының халықаралық экономикалық ұйымдарға мүше болуы шеңберіндегі өз алдындағы міндеттемелерін ескере отырып, еліміздің өңдеуші өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға жағдай жасау боп отыр.

Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін республикамыздағы өңірлер 101 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 13,7 трлн теңгеге 500 жобаны іске асыруды жоспарлап отырғандарын айтады.

Тегтер: инновация инвестиция ғылым өндіріс өнертапқыш

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АРЫҚБАЙ 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:57
Тоқаев тапсырмаса, Шөкеев те, Аймағамбетов те үнсіз
Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ 20.10.2021, 12:35
Телеарналардағы ағаттықтың алдын алу керек
Нүкен БЕЙСЕНҒАЗЫ 20.10.2021, 10:03
Ескерткіштер – елдігіміздің белгісі

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31