29.03.2023, 05:44
1080
Редакциямызға Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінің тұрғыны Нұртай Базарұлы хат жолдаған. Хатта Нұртай ақсақал кезінде Бозкөл совхозында жұмыс істегенін, кейін «Арал өңiрiндегi экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» туралы заң қабылданып, зейнеткерлікке 1 жас жетпегендігінің себебінен іліне алмай қалғанын, әрі өмірбойы совхозға сіңірген еңбегінің еш кеткені үшін биліктен көмек сұрайтынын жазады. Мәселенің мән-жайын толық білу үшін зейнеткерге хабарластық.
— Нұртай ата, Арал апатты аймағы бойынша не себептен жасыңыз жетпей қалды?
— Мен 1942 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Бозкөл совхозында дүниеге келгенмін. 1958 жылы 16 жасымда мектепті бітірісімен, Бозкөл совхозының І қой фермасында 4 жыл қара жұмыс істедім. 1962 жылы шоферлық курсты бітіріп, 25 жыл бойы совхозда жүргізуші болдым. Кейінірек совхозда автомеханик, инженер-механик болып, зейнетке шыққанша жұмыс істедім. Бір өкініштісі, «Арал апатты аймағы» бойынша зейнеткерлікке 55 жастан шыққандарға 1941 жылғылар ілінді де, 1942 жылғылардың бір жасы жетпей, ілінбей қалды. Сөйтіп, мен 2005 жылы 63 жасымда зейнеткерлікке шықтым. Ал мен зейнеткерлікке шыққан кезде 1996 жылы Арал апатты аймағы бойынша Ауыл шаруашылығының 4-категориясы заңы шығып, оған 1995-96-97-жылдардың еңбек табысымен есептелгенін білдім. Адам құқығы сақталмаған бұл заңның салдарынан 40 жылғы еңбегіміз еленбей, еш қалып отыр. Тіпті зейнеткерлікке шыққанда, сен 95-97-жылдары еңбек еттің бе деп те сұраған жоқ. Сөйтіп, бізді қайыршы қылып, зейнетке шығарды. Жасым болса, 81-ге келді. Енді 1-2 жыл өмірім бар ма, жоқ па білмеймін.
— Сонда 1941 жылғы зейнеткерлер мен сіздердің зейнетақыларыңыздың айырмашылығы қанша болып отыр?
— Айырмашылығы 2 есе. Олар 150-180 мың теңге алса, біз бар болғаны 96 мың теңге аламыз. Кеше телеарнада Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері 120 мың теңге дегенді естідім. Сол 120 мың теңгені берсе де жақсы ғой, ал менің алатыным оған да жетпейді.
— Жергілікті биліктегілерге шағымдандыңыз ба?
— Олардың бізде шаруасы жоқ. Қозғау салып жатқанымызбен, ешкім бізді тыңдамайды. Осы уақытқа дейін «Жас Алаш» газетіне осы мәселені 5-6 рет жаздым. Газетке шығысымен, артынша жергілікті мекемелерден «Сіз заңға сәйкес, зейнеткерлікке дұрыс шыққансыз» деген хат келеді. Болды, сонымен. Бірақ олар да заңды өзгерте алмайды ғой. Бұл заң Гүлжан Қарағұсованың Еңбек министрі болған кезінде шығарған заңы ғой. Қарағұсова заңды шығарарда бізді елеп, ескермеді де. Ауыл шаруашылығын білмейтін адам біздің сонау қиын кезеңде қалай еңбек еткенімізді қайдан білсін. Біз еңбек еткен уақыт ел экономикасының құлдыраған уақыты болатын. Сонда күннің ыстығына күйіп, суығына тоңып, 24 сағаттың 14-15 сағатын қара жұмысқа арнадық. Уақытпен санаспай, түнімен комбайнның алдында жүреміз, не болмаса қырманға барып, дәнді қаптап, елеп, өкіметке пайдамызды тигіздік. Қандай жұмыс тапсырса да, тоқтамай істей беретінбіз. Енді сол еңбегіміздің бәрі далаға кетіп отыр.
— Тым болмағанда денсаулығыңызға байланысты болсын көмек берілмейді ме?
— Қазір тек зейнетақымызды ғана аламыз. Болды. Қан қысымымыз көтеріліп, ауырсақ, жай ғана дәрі береді де қояды. Кейде сол дәрінің өзі де жоқ болады. Дәрі келем дегенше, бір ай күту керек. Ауру жанымызға батқаннан кейін, дәріні өзіміз сатып аламыз. Оның үстіне азық-түлік те қымбаттап кетті. Үстімізге жарытып киім де алып жатқан жоқпыз. Үйде ІІ топта мүгедектігі бар ұлым мен немерем бар.
Тағы бір айтарым, кеше депутаттар сайлауға түскенде, біреуінің аузынан «Зейнеткерлерге мынадай жағдай жасаймыз» деген сөзді естімедім. Әкімдер де іздеп жатқан жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінде де еленбей үйде отырып күйіндім.
Енді Қасым-Жомарт Тоқаев заңды қайта қарап, өзгертуді назарына алса деген тілегім бар. Тоқаев келгеннен кейін заң өзгерді, жаңа депутаттар келіп жатыр, конституциялық сот құрылып жатыр. Осы мәселені де назарға алып, конституциялық сотқа жеткізер деп сенемін. Халықты асырап отырған ауылдар болғаннан кейін ауыл шаруашылығын 4-категорияға өткізгендері дұрыс шешім емес.
— Әңгімеңізге рахмет!
Ауылды гүлдендірген картыңбыз,
Ал бірақ зейнетақымыз жартымсыз,
Қалай тартсаң да жетпейді,
Жартылай ашық артымыз.
Тәуелсіздікке отыз жыл болса да,
Сол баяғы қалпымыз.
Елге қайтқан ақшада,
Біздің де бар ақымыз.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР