30.03.2023, 15:01
541
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде тәрбие жұмыс органдарының құрылғанына отыз жыл толып отыр. Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған сала мамандарына мың алғыс!
Тәрбиеші офицерлердің негізгі міндеті – әскери ұжымдағы моральдық жағдайды жақсарту, әскери және құқықтық тәртіпті нығайту. Сонымен қатар бұл қызметтің беделі мен имиджін арттыруда офицерлердің еңбегі айрықша.
– Қоғамдағы басты және негізгі күш – ол адамның жоғарғы рухани байлығы мен патриотизмі. Әрбір азаматты қазақстандық патриотизмге баулу қажет. Елдің әрбір азаматы мемлекеттің тағдырына үлес қосуы керек, – деді Тараздағы мәдениет үйінде әскери қызметкерлердің қатысуымен өткен салтанатты жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының міндетін атқарушы Тілек Серікбаев.
Жиын барысында өз шеберлігі мен біліктілігімен көзге түскен офицерлер назардан тыс қалмады. Оларға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысы атынан арнайы алғыс білдірілді.
Барлық офицерлер мен командирлер әскери тәрбиешілер десек, олардың басты міндеті – әскери қызметшілер арасында әскери-патриоттық сезімді нығайту. Дегенмен осыған байланысты жауапкершілік әскери бөлім командирлеріне, тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарларына жүктеледі.
Тәрбиеші офицерлер өздерінің қызметтік міндеттеріне орай білім беру құқығына ие болумен қатар, олар педагогика, психология саласында да білікті қызметкер болуы тиіс.
– Жеке құрамның, сарбаздардың, офицерлер мен сержанттардың моральдық рухын, психологиялық жай-күйін көтеріп, соғыс жағдайында болсын, бейбіт өмірде болсын, жаттығуларға дайындау маңызды. Егер де тәрбиеші офицерлер болмаса, біздің қарулы күштерімізде жеке құрамның жоғары моральдық рухын көтеру қиын болар еді, – дейді 85/395 әскери бөлім командирінің орынбасары Ербол Оспанов.
Патриоттық тәрбие талқыланған жиында азаматтарды мерзімді қызметке шақыруды ұйымдастыру және жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге атсалысып, сарбаздарды нағыз жауынгер болуға үндеу тасталды.
Айта кетсек, қазір қарулы күштерде тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы тексерілуде. Шымкент, Тараз, Гвардейск, Қонаев, Жетіген, Сарыөзек және Алматы гарнизондарының әскери бөлімдерін әділет полковнигі Тілеухан Басхожаевтың басшылығымен тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің офицерлері тексерді.
Жергілікті жерлерде «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасының және тәрбие жұмысын ұйымдастыру жөніндегі басшылық құжаттардың орындалу барысы тексерілді. Барлық санаттағы әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайына ерекше назар аударылып, әскери қызметшілерді әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз ету және тамақтандыруды ұйымдастыру сапасы мәселелері зерделенді.
Тексеру барысында әскери бөлімдер командирлері мен олардың орынбасарларының әскери тәртіптің жай-күйі, әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы проблемалық мәселелер, тұрғын үймен қамтамасыз ету және «Отбасымен бейнеқоңырау» бейнесервисі жұмысының қалай ұйымдастырылып жатқаны жайлы баяндамалары тыңдалды.
Әскери тәртіп пен әскерлердегі құқықтық тәртіптің жай-күйіне арналған наурыздағы кеңейтілген кеңесте Қорғаныс министрінің тапсырмаларына ерекше ден қойылды. Әскери бөлім басшылығының құқық қорғау органдарымен өзара тығыз іс-әрекеті пәрменді алдын алу шарасы болып табылатыны атап өтілді. Әскери полиция органдарымен ынтымақтастық орнатылған жерде құқықтық, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, құқық бұзушылықтардың төмендеуі байқалатыны тәжірибеден көрініп жүр. Тұлғааралық қақтығыстар мен даулы жағдайларға уақытылы жауап беру моральдық-психологиялық климатты жақсартуға ықпал етеді.
Департамент бастығы кез келген мемлекеттегі Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығының негізгі элементі әскери қызметші екенін, сондықтан оның отбасы мүшелерінің қызмет ету жағдайлары мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыс басты назарда деп атап өтті.
Мерзімді қызметтегі сарбаздарға әскери, азаматтық жоғары оқу орындарына түсу шарттары және әскери қызметке келісімшарт жасасу тәртібі түсіндірілді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР