"Өгіз мүдде"

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

05.05.2022, 05:27

3600

ХХІ ғасыр ақпарат ғасыры. Ақпараттық шабуылмен кез келген дүниені тұралатып, жан-жақты жарнамамен жоқтан бар жасап шығуға  болатындай мүмкіндік көп. Сондықтан ақпарат саласында қауіпсіздікті күшейтіп, етек жеңді жинайтын кез келді. Өкінішке қарай, өзге елдермен шекаралас аудандарымыздың көршілес елдердің радиосын тыңдап, телеарнасын көретіні талай рет айтылды. Халқымыз өзге елдің идеологиясымен сусындап отырғанда, ақпараттық қауіпсіздік туралы айту да ұят шығар. Дегенмен әлі күнге Жамбыл облысының аумағына кіргеннен «Қырғызстанның аумағына хош келдіңіз», деген сипаттағы хабарламаның телефонымызға келуі шошытпай қоймайды. «Ұсақ-түйек нәрсе», «шекарамыз шегенделген» десек те жан-жағымыздағы жағдайлар етек жеңімізді жинау қажеттігін сездіртеді.

Солтүстігімізде онсыз да орыс тілі үстемдік етіп, тұрғындары қит етсе, «орманға қарап ұли берсе», Өзбекстанмен шекаралас аудандарымыз солардың әуенін тыңдап, Қырғызстанмен шекаралас аудандарда «Қырғызстанға хош келгенімізді» ести берсек, ұрпақ санасында не қалыптасады, ақпараттық тұрғыдан қауіпсізбіз деп айта аламыз ба?! Осы мәселеге алаңдаған саясаттанушы Расул Жұмалы да «Украинадан үйренерлік дүние аз емес. Соның бірі – ақпарат саласында ресейлік насихатқа қарсы тұру ісі өз алдына, оны тізе бүктіру мүмкіндігі. Бүгінде Украина халқы, оған миллиондаған орыстілді ортаны қосқанда, біртұтас намысшыл да ержүрек ұлтқа айналғаны, сондай-ақ күллі әлем Украинаны 100 пайыз қолдап отырғаны айтылғанға дәлел. Мұндай қауқар мен тәжірибе бір күнде пайда бола салған жоқ. Өзімізге келгенде, ол үшін солтүстік көршінің телерналарын шектеу жеткіліксіз. Сапалы да тартымды контент жасау үшін отандық баспасөзге қажетті бәсекелестік орта мен жеткілікті деңгейдегі қаржыландыру керек. Айналып келгенде, өз азаматтарымыздың ақыл-ойын, өмірлік танымын жасақтаушы маңызды салада аянып қалған мемлекет түбі басқаның жемтігіне айналары хақ. Осындай қарапайым аксиоманы ұғынатын кез келді ғой. Ал енді бүгінгі Қазақ елі бөгденің арандатуына төтеп беріп, өз мүддесін жүргізуге қаншалықты дайын? Өкінішке қарай, бұған сенім аз», – дейді.

Расында да Украин халқының елін қорғаудағы женкештілігі, ұлттық тілін қадірлеудегі қасиеті әлем елдерін сүйсінтіп отыр. Өзгелерге үлгі болуда. Сондықтан олардың өз елін қорғаудағы әрекетін барша ел қолдауда. Мұндай ел жеңімпаз болуға лайық дегендер күн сайын көбейіп келеді. Ал біз ше? Өзгенің арандатуына төтеп бермек түгілі, өз еліміздегі санасы уланғандардың айдың күннің аманында орыс мектебін сұрап, одан қалды Путинмен қорқытып, білдей, Қорғаныс министрлігінің тілге келгенде, тұрақсыздық танытып, не болса соны айтуы алаңдатпай қоймайды. Ақпарттық салада дұрыс идеологиялық ұстанымымызды айқындап, өз мүддемізді кез келген мәселеде күйттейтіндей, дұрыс иммунитет қалыптастырмасақ, опық жеріміз анық.

Айтпақшы, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қазақ тіліне қатысты пікіріне Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожин: «Қорғаныс министрін тыңдап, қазақтар жиналғанда, маған бола орысша сөйлейді дегеннен ұялып жүрмін енді. Кәдімгідей, комплекс пайда болды. Келесі жолы мардымды жауап үшін ең болмаса, «олар орысша ұмытпасын, деп бәріміз орысша сөйлейміз», деп жауап бере салсаңшы. Осы нұсқа шынайы шығар ма еді», деп пікір білдіріпті.

Орыстар отырғанда, қазақша сөйлеуіміз ұят дегенімізге бүгінгі күні орыстардың өзі күліп отыр. Қазақ тілінде сөйлемегенін сан түрлі жолмен жуып-шаям, деп ақырында, көптің күлкісіне қалуымыз ұлттық намысқа тимей ме?! Бұл бетімізбен кете берсек, ұлттық мүддемізді, ұлттық құндылықтарымызды, алдымен, өзіміз бағаламасақ, әлем елдерінің күлкісіне қалатын күн алыс емес секілді.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01