«Олар ұлт сатқындары!»

  Төрт депутат не дейді, сенат не дейді?

Алмас НҮСІП

29.04.2021, 09:06

7600

фото ашық ақпарат көздерінен алынды

Осыдан екі ай бұрын ғана «жер шетелдіктерге сатылмайтын болды, жалға да берілмейтін болды» деп сүйіншілеген ел көп өтпей қайта даурықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке сенбей, өзінің заң шығару құзыретін пайдаланып, президент әкімшілігіне дайындатқан жер туралы жаңа заң жобасын мәжіліс екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдап та үлгерген. Арнайы комиссия құрып жіберіп, 80 адам жиылып алып, басқасын жиып қойып, «жер шетелдіктерге мүлде берілмейді, енді өзімізге беріле ме?» деген бір ғана сұрақты талқылап жатқан (ақыры тұңғыш президент салған сара жол – бесжылдық мароторийді тағы бес жылға ұзартып қойып, «түк бітірмей» тарап кететін түрі бар).

Сөйтіп, еңсеміз көтеріліп, мұртымыз көкке шаншылып, бұрын сөйлеп жүрген кезімізде мәжілістен өтіп, сенатқа жеткен заң жобасында кілтипан пайда болыпты. Орман өсіру үшін жер шетелдіктерге 25 жылға жалға берілмек. Оны арнайы ұсыныс ретінде енгізіп жіберген төрт депутат: Самат Мұсабаев, Ғани Ташқараев, Мейрамбек Төлепберген, Асқарбек Үйсімбаевтар. Сол-ақ екен, қоғамдық белсенділер өре түрегеліп, тіпті бұл төрттікті «ұлт сатқындары» деп те атап жатты.

Бұл «ұлт сатқындарының» ұсынысын сенат қабылдай ма, жоқ па деген мәселе төңірегінде нақты болжам айту қиын. Дегенмен қазіргі науқан (жер комиссиясының бітпейтін кеңесі) біраз белсенді мен депутаттарға ұпай жинауға мүмкіндік беріп тұрғанын ескерсек, сенат депутаттары да аспаннан жауып жатқан киізден құр қала қоймайды.

Жалпы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жердің шетелдіктерге берілмейтіні туралы бұрын да айтып қалып жүретін. Бірақ ақырғы тоқтамын 25 ақпандағы Ұлттық кеңес отырысында білдірді. «Президент кесіп айтты», «қадап тұрып тапсырма берді», «сүйінші, президентіміз елдің тілегін орындады» деген кептегі сүйсіністі тақырыптар БАҚ-ты да, әлеуметтік желіні де басып кетті. Сөйткен елдің қуанышын бір көш бойына жеткізбеген «басбұзар» төрттік жұрттың реакциясын көрген соң, ә дегенде ондай құжатқа қол қойған жоқпын деп тайқып шықты. Артынша «онда тұрған не бар?» деп, «құмды тоқтату үшін орман егуіміз керек қой» дегенді бетке ұстап алып, біраз түлкібұлаңға салды. Бірақ депутатқа да, үкіметке де, билікке де сенбейтін болған елге олардың уәжі мүлде кері әсер етті. Белсенділер де, көшеде сауалнамаға қатысқан қарапайым азаматтар да бірауыздан «орманды өзіміз еге алмаймыз ба, сонда?» дегенді айтып жатты. Жер комиссиясының құрамында болған саясаттанушы Дос Көшім «бұл мәселе комиссияда қаралған жоқ» дейді.

— Мен үшін орман шаруашылығы мен ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер егіз ұғым. Президент те солай ойлаған болу керек. Ал мына мәселені шығарып жүргендер – таза лоббистер. Орманнан пайда тауып жүрген адамдар. Шетелдік компанияларға сатып немесе сатайын деп жүргендер. Жалпы, орман, ағаш деген мәселе қазір әлемде ең бір дефицит нәрсе. Қазір орманды жерлер азайып келе жатыр. Кезінде Ресей, Канада, Бразилияның ормандарын аяусыз отаған, қазір оған тоқтау салып жатыр. Экологтар айқай көтерді. Қысқасы, орманнан пайда шаш етектен. Ал бұлар айтып отырған автокөлік жолдарының екі жағын, шөл далаларды абаттандыру мен орман шаруашылығы жерлерін жалға беру екі мәселе. Біреуі көгалдандыру, екіншісі кәдімгі өсіп тұрған ормандарды пайдалану. Олар көгалдандыруды сылтау есебінде ұстап отыруы мүмкін. Әйтпесе өсіп тұрған ағашты пайдалану бір бөлек, 20-30 жылдан кейін ғана өсіп жетілетін ағаштарды отырғызу бір бөлек әңгіме. Меніңше, олардың бұл қулығы сәтсіз, – дейді саясаткер.

Бір қарағанда Аралдың құмына апарып ағаш отырғызу үшін жерді жалға алу күлкілі нәрсе ғой. Ол жаққа сексеуіл отырғызылса, ол бізге ғана керек. Әрине, Аралдың ұшқан тұзының әлемдік экологияға әсер етіп жатқанын айтып, тереңдеп кетуге болады. Аталған топ та осылай «тереңдеп» кеткенге ұқсайды. Олардың ойынша (ақталуынша), шетелден келіп, біздің елден пайда тауып жүрген инвесторлар орман егуге міндеттелу керек сияқты. Бірақ сол үшін жерді 25 жылға жалға беруіміз керек екен. «Орман өсіру үшін» деген сөзді «орман пайдалану үшін» деген сөзбен шатастырмауымызды сұраған мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев әлеуметтік желіде былай деп жазды: «Жерасты сулары азайған соң, көшпелі құмдар тұтас ауылдарды басып тастап жатқанын да көзіміз көріп отыр. Құмды тоқтатуға мемлекеттік бюджеттен де қыруар қаражат бөлініп жатыр. Сексеуіл мен жыңғыл, тораңғы мен тобылғы егілсе, жердің көркі де кіреді, жергілікті жұртқа пайдасы да тиеді. Ендеше біздің елге келіп пайдаға кенелуге ниетті инвестор неге орман өсіріп, жерге пайдасын тигізбеуі керек? Қазақстанда жүздеген шетелдік мұнай компаниялары бар. Пайдалы қазбаны сорып алып жатыр, ал сол алынған мұнайдан қоршаған ортаға, жерге келген зиянды есептеп жатқан ешкім жоқ. Шаңы шығып, соры тұз болған жер жатыр. Кенін пайдаланып отырған аумағына ағаш отырғызсын, көгалдандырсын немесе басқа да қажет аумақтарға тал-терек егіліп, жерге жағдай жасалсын».

Мейлі, жерге жағдай жасалсын, орман да өсірілсін. Бірақ бір түсінбейтініміз, сол үшін неге шетелге жалға беруіміз керек деген заңды сұрақ туындайды. Жер мен орман мәселесінде аты көп аталған, басы дауға қалған мәжіліс депутаты Айдос Сарым бір сөзінде «орман өсіру үшін бізге технология керек, бізге үлкен бағыттар керек» деп салды. Меніңше, орман өсіру үшін жерді шетелдіктерге жалға беру дегеннің түпкі  мәнін осы бір жалпылама сөзден іздеу керек сияқты. Қызық, 30 жыл бойы елбасының арқасында қарыштап дамумен келген ел құмды тоқтату үшін, Аралдың жағдайын түзеу үшін, автокөлік жолдарының екі қапталын көгалдандыру үшін де шетелдіктерге жүгінбек. Яғни жерді 25 жылға бере тұрмақ. Біздің аңғал депутаттарымыз шетелдіктер жерді тек көгалдандырып беру үшін жалға алуға қызығады деп ойлайды екен. Яғни 25 жыл бойы даламыздың көркін кіргізіп, сорға айналған теңізімізді қалпына келтіріп болған соң, жалға алған ақшасын төлеп жөніне кетеді. Өйткені олар біздің жер қойнауымызды пайдаланып жатыр, өйткені олар бізге басқа бағыт бойынша инвестиция салып, пайдаға кенеліп жүр. Қызық логика. Онсыз да инвестиция тарту мәселесі әкімдер бітірген жұмыстың басты көрсеткішіне айналып тұрған елде инвесторларға мұндай талап қойса, онсыз да Ресейдің салқыны тиіп, біз де санкцияға ұшырап кетеміз бе деп, әрең тұрған Қазақстандағы инвестицияның күні не болады?

Міне, осы мәселелерді есепке алсақ, төрт басбұзар өздерінің сүйікті президенттері мен аса қадірлі ақсақал, қамқор – партия төрағасына қарсы келіп отыр. Алдымен президенттің өзі өз болып пайдаланған заң шығарушылық құзыретін елеусіз қалдырмақ. Яғни президент жер шетелдіктерге сатылу тұрыпты, жалға берілмейді десе, бұлар ара-арасында беріп тұруға болады дегенді айтады.

Тоқаев жазған заң жобасына сәйкес, Жер кодексінің 48-бабының 2-бөлігі («Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауылшаруашылық өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері 25 жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі») толықтай алынып тасталуға тиіс. Ал біздің әйгілі төрттік «орман өсіруді» қалдыру керек дейді. Осыған қарап, бізде осы демократия бар ма деп ойлауға да болады.

Екіншіден, инвестицияның ұшан-теңіз пайдасы жайлы экс-президент  жиі айтатын. Яғни инвесторлар келеді, кетеді, бірақ олардың салған ғимараты мен бастап кеткен ісі бізде қалады (?!). Міне, бұлар осындай керемет стратегияға нұқсан келтірейін деп отыр.

Жалпы, депутаттар туралы сөз болғанда, бейресми ортада олар екі түрлі мақсатта парламентке барады делінеді. Ең негізгі себебі – жеке бизнесін қорғау мақсатында. Екіншісі – белгілі бір саяси топтың сойылын соғу. Дос Көшімнің пікірінше, бұл төрттік те орман мәселесін жайдан-жай көтеріп жүрген жоқ.

«Бұлардың қулықтарына найза бойламайды. Кез келген нәрсені кәмпит сияқты орап береді. Білмейсің, арты қайда апара жатыр, қалай пайда тауып жатыр… Мүмкін, ертең жолдың екі жағына ағаш отырғызуға мемлекет үлкен субсидия бөлейін деп жатуы мүмкін. Бұлар сол субсидия берейін деп отырған біреулердің інісі шығар… білесіздер ғой, мемлекет ангор ешкісін өсіргендерге субсидия берді, Австралиядан сиыр әкелгендерге субсидия берді. Сөйтіп, белгілі бір топ ақшаның астында қалды. Астыртын бір ақпараттар жүріп жатыр», – дейді ол.

Бүгін сенат осы заң жобасын қарайды. Қалай дегенде де, біраз шуға арқау болған бұл ұсынысты қабылдамай, кері қайтаратын шығар. Елдің наразы болғаны үшін болмаса да, онсыз да саяси салмағын көтере алмай жатқан президентті өтірікші жасап алмау үшін. Қанша дегенмен Тоқаев та «мен ауылшаруашылық мақсатындағы жер туралы ғана айттым, орман өсіру туралы айтқан жоқпын» деп, бір баптың, бір бөлімнің ішінде айтылған сөздерді бөліп-жарып, тым ұсақтай қоймас.

Тегтер: жер реформа комиссия ереже өкім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрболат ӘЛДИБЕК 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:19
Қапшағайда демалысқа уақытша тыйым салынды
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 09:12
Бес қалада жаңа шектеулер күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58