Оң босағадағы жүктілік ойлантарлық мәселе

Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ

11.08.2021, 10:14

2329

Жасөспірімдердің жүктілігі мәселесіне жылдан-жылға етіміз үйреніп келе ме, қалыпты жағдай ретінде қарайтын болдық. Ата-бабаларымыз Алла берген аяулы қыздарын ардақтай отырып, оның тәрбиесіне «Қызға қырық үйден тыйым» деп, қауым болып жанашырлық танытқан.

Ал бүгінде кеше ғана қуыршақпен ойнап, бала күннің бал дәмін татып жүрген бүлдіршін сіз бен біз ойламаған жерден ересек өмірдің алдауына түсіп, от басып қалуда. Әрине, өмірімнің гүлі деп аялаған қызын мұндай жағдайда көру ешбір ананың үш ұйықтаса түсіне кірмесі анық. Тіпті өзгеге қарғыс айтып тілемес қасірет қыз баланың, оның ата-анасының өміріне ғана емес, барша қоғамға әсер етіп, адами құндылықтарымызды ойран-топан ететін дертті құбылысқа айналған. 

Баршамыз бағынып, тәу етіп келе жатқан табиғат заңдылығы бар. Соған сәйкес, әр нәрсенің өзінің уақытымен болғаны орынды. Ал ағзаның физиологиялық жетілуі тұрғысынан 13-18 жас аралығындағы қыздардың жүктілігі ерте жүктілік, кейде жасөспірімдік жүктілік деп аталып, медицина мамандарының алаңдаушылығының басты себептерінің бірі болып отыр. Жасөспірімдік жүктіліктің басым көпшілігі жоспарланбаған түрде болады және нәтижесінде олардың 70 пайызы көбіне кеш мерзімдегі абортпен, 15 пайызы түсік тастаумен аяқталса, тек 15 пайыз жағдайда бала дүниеге келеді екен. Жан шошырлық статистиканың астарында қаншама психологиялық ауытқулар, депрессия, стресс сияқты адам санасының күйреуіне тікелей әсер ететін жағдайлар жасырынған.

Бүгінгі ақпараттық ғасырымызда ерте жүктілік мәселесі неге белең алып отыр деген заңды сауал туындайды. Оның негізгі себебі – жасөспірімдерге жыныстық тәрбиенің жеткілікті деңгейде берілмеуінде, яғни олар қажетті деректерін бұрмалаушылығы бар интернет кеңістіктен алып үйренген. Кез келген мәселеге қатысты ақпараттың ұшан-теңіз болуынан көбіне белгілі бір топтардың идеологиясына сәйкес жарақталған дереккөздерден қанып ішкен жасөспірім ата-ананың жанашырлықпен, ұлттық ділімізге сәйкес айтылған тәлім-тәрбиеден оп-оңай аттап кетеді. Жасыратын несі бар, қыздарға дұрыс ақыл-кеңес айтатын ананың қазір жұмыстан қолы тимейді. Ертеден кешке дейін үй көрмейді. Әрине, кінәлауға да болмайтын шығар, олар тәлімнен гөрі перзенттерінің материалдық жағдайын дұрыстап беруді ойлайды. Атам қазақ «Қызым үйде, қылығы түзде» дегенді бекер айтпаса керек, ал ата-анасы дұрыс тәрбие бермеген оқушыға ұстаз да толыққанды тәрбие бере алмасы анық.

Ерте жүктіліктің психологиялық жағы да үлкен маңызға ие. «Өзінің жағдайы жайлы білгеннен кейін жас қыздар өздерін кінәлі сезініп, орын алған жағдайды мойындағысы келмейді. Көп жағдайда жүкті қыздар өз уайымын ешкіммен бөлісе алмай, тұйықталып кетеді. Ата-анасына айтуға бата алмайды. Бұл таңғаларлық жайт емес, себебі балалықтан ересек өмірге деген күтпеген қадам жасап, қыз бала өз өміріндегі алғашқы маңызды шешімді қабылдауға мәжбүр болады. Сонымен бірге бұл жағдайды ешкімге ашып айта алмағанынан шешімді тек өзі шығаруы керек болады, әдетте жас әкелер бұл хабарды естісімен батылдығынан айырылып, қатысы жоқ адамдай қалыс қалғысы келеді. Барлық жауапкершілік қыз балаға, оның ата-анасына қалады», – дейді психолог Шолпан Әкімова.

Жүктілік қыз баланың өмірін бұрынғы арнасына қайтып келместей өзгертеді. Қалыптасқан жағдай кешегі оқушыны мектепті тастауға немесе ана болу мен оқуды қатар алып жүруге мәжбүрлейді. Жас нәрестеге көп көңіл бөлініп, күтім қажет болатындықтан, бұл көп жағдайда мүмкін болмайды. Уақтылы берілмеген білімнің жетіспеушілігі қыздың әрі қарай өзін дамыту, тұлға ретінде қалыптасу жолында тосқауыл болады. Ерте жастан шалыс басқан жас аналардың болашақта жақсы жұмыс тауып, өз іскерлік жолын қалыптастыруы, берекелі шаңырақтың ошағын маздатары да неғайбіл. Көбіне байқамай басылған қателіктің зардабы алдына айналып, санасында жазылмас жара болып қалыптасып жатады.

Қоғамымыздың қасіретіне айналып отырған құбылыс жас нәресте өмірге келген тоғыз айдың шегімен тоқталмай, жас ананың алдағы болашақ өміріне, қоғамда тұлға ретінде қалыптасуына айықпас ізін қалдырады. Білімнің болмауынан жақсы жұмыс, жеткілікті қаржы болмайды, бұл өз кезегінде жас ананы қылмыстарға итермелейді. Тығырыққа тірелу маскүнемдікке салыну мен есірткі тұтынуға сеп болады. Мұндай әйелдер көбіне 20 жасқа да жетпестен қайта жүкті болып, құлдырауға ұшырап жатады. Ал олардың балалары ешкімге керексіз күй кешіп, сәбилер үйін паналауға мәжбүр.

Қоғам тарапынан үлкен жауапкершілікті, ата-ана тарапынан мұқияттылықты қажет ететін қыз бала тәрбиесінде оның ары мен абыройы ертеңгі күндерінің берекесі, толыққанды жанұяда дені сау ұрпақты өмірге әкелуінің кепілі екенін түсіндіре білуіміз қажет. Түрлі жағдайлар орын алған кезде олардың саналы әрекет жасап, ата-аналарымен, арнайы психологтармен ашық әңгімелесіп, қолдау мен сенімге ие бола алатындарын сезіндіре білуіміз керек.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 09:20
Қазақстанда 8 облыс "қызыл" аймақта

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39