Он жылдан бері ауызсуға зәру

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

21.04.2021, 09:27

1058

Қарқаралы ауданына қарасты Матақ ауылында  ауызсу тапшылығы ертеден орын алған. Елдің биліктегілерге шағымын өткізе алмай келе жатқанына он жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында ауданның  екі әкімі ауысып үлгерді. Халықтың қиындығына қанық бишікештер үкіметтен бағытталған қаржыны «ұзын арқан, кең тұсауға» салып, ақыры жылыстап құтылды. Кешегі әкімқаралардың сөзінде пәтуа, ісінде нәтиже болса, қарашаны суға қарық қылар еді әлдеқашан. Көне  проблеманың көмбесінде қалған байғұс халық  жайлы мекенге көшуге жағдайы көтермей,  батпандай бейнеттен әбден қажып, қалжырап отыр.

Қазір матақтықтар ауызсуды ауылдан 70 шақырым шалғай жерден тасып ішіп жүр. 423 тұрғыны бар  елді мекенде орнатылған 13 колонканың қазір небары екеуі жұмыс істеп тұр. Ондағы су  тек шаруашылыққа  қолдануға  жарамды. Көлігі сайлаулы тұрғындар өзек жалғайтын  суды ауданның  басынан  немесе алыстағы Жосалыдан алып келеді. Темір тұлпары жоқтар лажсыз дәмі кермек сумен жан сақтап отыр.

– Құдықтағы судың сапасы сын көтермейді. Тамаққа пайдалануға, ішуге жарамсыз.  Ауылда тұрып жатқанымызға он жыл болды. Содан бері көрген күніміз осы, – дейді жергілікті тұрғын Рымкеш Мұсабекова. Ауылдың байырғы азаматы Жанат Әкімовтің отбасына тіршілік нәрін шалғайдан  тасудан  тағаты таусылыпты.

– Қарқаралы мен Жосалыдан үйге аптасына  бір рет 100 литр су әкелемін. Көлігі жоқ көнбістер ішіп отырған құбырдың суы қыста қатып қалады. Күрмеуі қиын мәселені аудандық, ауылдық жиналыста да атқамінерлерге айтып келеміз. Бірақ ешқандай  нәтиже жоқ, – дейді ол.

Аталған елді мекендегі олқылықты жоюға осыдан 15 жыл бұрын «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында қомақты қаржы бөлінген. Алайда соңы сергелдеңге ұласқан. Мамандардың мәлімдеуінше, су келетін арнаға ұңғыма жер астынан 17 метр тереңдікте ғана қазылған. Бұл маңға  сапалы су  келу үшін  межені 50 метрге жеткізу керек. Ақыры міндеттілер межені тиянақтамай, шаруаны орта жолда тоқыратып,  қарасын батырған. Қазіргі Матақ ауылының жетекшісі  қордаланған түйткілді түбірімен шешуге дәрменсіз.

– Ауылдағы істен шығып тұрған 11 құбырдың су сапасына былтыр облыс орталығындағы «Технострой инжиниринг» және «Экоэксперт Караганда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тексеріс жүргізіп, сараптамалық қорытынды жасады. Техникалық сараптамаға сүйенсек, ондағы су жүйесі әбден тозған. Ендігі кезекте ұзындығы 5 шақырымға жететін құбыр мен су мұнарасын жаңартып, құдық қазу керек, – дейді ауыл әкімі Нұржан Көшкінбай.

 Кезінде жіберілген олқылықтарды енді қайта бастап, тиянақты тындыруға тура келіп тұр. Ол үшін  мемлекеттен тағы  ақша қажет. Әйтпесе іс өнбейді.  Матақтағылардың  сұранымы  аудандық деңгейде мақұлданбай келеді.

– Аудандық бюджет комиссиясына жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге қаржы сұрап, өтінім жолдаған болатынбыз. Ондағылар бюджет тапшылығына байланысты  келісім бермеді.  Орайы келгенде комиссияның алдағы отырысына құжатты тағы ұсынамыз, – дейді Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Жасұлан Сыздықов.

Мәселенің сөзбұйдаға салынуына қарағанда тұщы судан тарыққан халықтың  шырғалаңнан жақын арада шығуы неғайбіл.  Биліктегілер шешуші сөзін  айтқан жоқ. «Қайғысыз қара суға да семіреді» деген рас. Ал матақтықтар құдайдың қара суын қайдан әкелерін білмей дал болып отыр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:03
"Қазақстандағы демократиялық институттар" тақырыбындағы инфографика байқауы
Сайт әкімшілігі 12:35
Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы тұрғыны қалада тегін әжетхана салуға бел буды
Әділ АҚЫЛБАЙ 10:19
Веложарыс: Сағынтаев бұл қайткенің?
Еркежан АРЫН 09:51
Волонтерлік – Қазақстандағы азаматтық белсенділіктің жаңа түрі
Қонысбай АҚПАН 12.05.2021, 08:07
Қонаев болсын, басқа болсын, күйе жақпайық
Сайт әкімшілігі 12.05.2021, 07:32
Марат Бәйділдаұлы, жазушы-публицист: Мәңгілік алау да мәңгілікке өшер

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06