«Оқушыларды аяймын». Сырттай оқыған мұғалімге көзқарас

Бифат ЕЛТАЕВА

09.12.2020, 09:18

3165

  Жуырда Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев жұртты елең еткізетіндей үлкен мәлімдеме жасады. Мәлімдемесінде білім бөлімі басшысының дипломы жалған екенін мысалға келтіре отырып, алдағы уақытта мектеп директорлары мен мұғалімдердің де дипломдарын тексеретінін айтты. Қазақстанның өзге облыстарын қоспағанда, бір ғана Түркістан облысында мұғалімдердің 80 пайызы оқу орнын сырттай бітіргенін, жалпы, Шымкентте дипломды бәліш сатқандай сататынын да қосты. Мәселен, еден жуушы 40-50 мың теңгенің айлығына еден жуғанша, 150-200 мыңға мұғалімнің оқуын сырттай оқып, сол жұмысқа оп-оңай кіре салатынын айтып, ендігіде бұл жағдайлардың алдын алу мақсатында құзырлы органдардың қатысуымен қатаң тексеріс жасайтынын да мәлімдеді.

Онсыз да проблемасы мен шуы көп білім саласына қатысты шыққан бұл ақпаратқа жауапты министрлік қандай да бір шара қолдана ма? Жалпы, сырттай оқу деген не? Мұғалімнің сауатсыздығы деген сөз неге жиі айтылып кетті?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сырттай оқуды қашықтан оқуға ауыстырса да, екеуінің түк айырмашылығы жоқ екені айдан анық. Бұлай дейтініміз, ЖОО оқытушыларынан да қашықтан оқытудың мән-жайын сұрап көрдік. ЖОО оқытушылары қашықтан оқыту сырттай оқытуға қарағанда жақсырақ болғанымен, бәрібір виртуалды білім виртуалды қарым-қатынас саналады. Ізденуші сабақ барысында өзінің білмеген сұрағын қоя алмайтынын және пікірталас жүргізілмейтінін айтады. Осыдан-ақ сырттай оқу мен қашықтан оқудың аса бір айырмашылығы жоқ екенін аңғара аламыз.

Бұл жөнінде білім саласында ұзақ жылдан бері қызмет етіп жүрген мамандардың пікірін білуді жөн көрдік.

 Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры:

— Шыны керек, сырттай оқудың да түр-түрі бар. Ең алдымен бұл адамның өз-өзіне жауапкершілігі болуы керек деп ойлаймын. Өзіне жауапкершілікпен қарай алмайтын маман қандай бөлімде оқыса да, сауатсыз болады. Әрине, басқа салада сырттай оқып, жұмыс істеуге болатын шығар.  Бірақ білім саласы немқұрайды қарап, сырттай ғана білім алып, мұғалім бола салатын жер емес. Білім саласы нағыз болашақты тәрбиелейтін сала болғандықтан, өз басым сырттай оқып, білім беретіндерге қарсымын.  Сонымен бірге сауатсыз мамандар ауылдық жерлерде де, қалада да бар. Қалада көп болғандықтан білінбейді. Ал ауылда мұғалім аз болғаннан кейін білінуі мүмкін. Бірақ, жалпы алғанда, сауатсыз маман қай салада болсын өте көп.

        Содан кейін еліміздегі ең үлкен проблема – біліксіздік. Бұл тек білім саласына ғана қатысты емес. Бір мұғалімнің бірнеше пәннен сабақ беруі –  мектеп әкімшілігінің балаға жаны ашымастығы деп ойлаймын. Мемлекеттік заң бар, білім туралы, мұғалім мәртебесі туралы заң бар, сонда кім, қандай пәннен беруге болады деп, заң жүзінде бекітілген дүние. Ал заңнан аттап кетіп сабақ беру – мектеп әкімшілігінің сауатсыздығы. Сағат жетпейді деп сылтау айтуы мүмкін. Бірақ бәрібір ол ақтап алатын дүние емес, – дейді.

  Дәл осы мәселе жөнінде 28 жыл білім қызметкерлері кәсіподағы Шиелі аудандық комитеті төрағасы қызметін атқарған, қазіргі таңда зейнеткер Рысдәулет Құдайбергенов былай деп пікірін білдірді: «Мұғалімдердің арасында шынымен оқығандары тәп-тәуір сабақ беруде, ал базарда сауда жасап жүріп тапқан қаржысына жоғары білім туралы диплом алып, мектепте сабақ беріп жүргендер де көп. Міне, осылардан құтылу қажет. Бұндай дүбәралардан білім алатын оқушыларды аяймын. Кезінде оларды мемлекеттік стандарттағы дипломдары болған соң, мұғалімдікке амалсыз қабылдаған болатын. Ол түгіл, бір мектепте көп жыл еден жуушы болып істеген әйел, қалай екені белгісіз, диплом әкеліп, мұғалім боламын десе, оны директор қабылдамайды. Ақырында мәселеге аудан әкімі араласып, мектепке кіргізгенін білемін. Негізінде, арнаулы орта білім алып, кейіннен сырттай оқып, жоғары білім алғандарға әңгімем жоқ. Олар жақсы ұстаз бола алады. Ал көп ізденемін, соның арқасында жақсы білім беремін деушілерге, яғни дипломды оқымай алғандарға сенбеймін. Оқытудың методикасын білмейтін, баланың психологиясы жөнінде білімі кем адамнан білікті маман шығады деп ойламаймын».

Ал бұған сырттай оқып, диплом алған мұғалімдер не дейді?

   Гүлнұр СӘРСЕНОВА, (автордың өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді):

— Көпке топырақ шашуға болмайды. Мәселен, мен отбасы жағдайыма байланысты сырттай оқыдым. Кітапханадан кітапхана қоймай, сессияның бір сабағын жіберместен қатысып, барлық жұмысты өзім жаздым. Қызметімді бірге алып жүрдім. Үйренудің бар амалын жасап, курстан курс жібермей, семинарлардың бәріне қатыстым. Жас мамандарды бастап, шәкірттерді дайындап, алдыңғы орындарға ие болдық.  Жақсы маман болу – сырттай оқыған, күндізгі оқығанға байланысты емес, адамның санасы мен талпынысында. Күндізгі оқуды қызыл дипломмен бітіріп келіп, сапалы білім бере алмай жүргенді де көріп жүрміз. Сондықтан мамандықты игеру әр адамның талпынысында, – дейді.

 Жанайқайын айтқан мұғаліммен келісуге де болады. Сырттай оқытуға қатысты мұғалімдер мен ЖОО оқытушылары пікірлесу барысында көбі өзінің аты-жөнін, жұмыс орнын өзгертуді өтінді және қайта-қайта ескертті де. Осыдан-ақ мұғалімдердің сөз бостандығы жоқ екенін, өз ойын айтудан қорқып, жалтақтайтынын аңғардық. Қазіргі таңда құқықтары мен мүдделерін қорғай алатындай демократиялық заманда өз пікірін еркін білдіре алмайтындай мұғалімдер неге осынша дәрменсіз күйге түсті? Бұған кім кінәлі?..

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 17:50
Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы облысында үшем тапқан ана балаларына пана таппай жүр...
Сайт әкімшілігі 11:20
Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелері баяндалды
Сайт әкімшілігі 10:24
КВИ: Науқастар саны қайта өсіп келеді
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 18:40
Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойды
Сайт әкімшілігі 07.12.2021, 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» пен жаңа ұрпақ
    12:29
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00