Өрістегі малға тыныштық болмай тұр

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

05.03.2021, 14:30

2425

Облыста мал ұрлығы өршіп тұр. Барымташы ұры-қары ауыл-ауылдың тұрғындарының тынышын кетірді. Жыл басынан бері әлден-ақ 46 дерек тіркелді. Полиция 26 қылмыстық топты ұстады. Алайда шырмауықтай байланса да, барымташылардың тоқтар түрі жоқ. Төрт түлігін өрбітіп, жан баққан шаруалар оңай олжаға құныққан ұрыларға қатаң жаза қолдануды сұрап отыр. Осыған орай, өңірде «Ауыл шаруашылығы жануарларын ұрлауға қарсы іс-қимыл жол картасы» әзірленді. Полицейлер күре жол мен қала көшелерінде мал тиеген жүк көліктерін тоқтатып, түгел тексеріп жатыр. Елді титықтатқан ұрыларды ұстауға тұрғындар да көмектесіп, аймақтық полиция инспекторлары және ауыл әкімдері бірлесіп барымташыларды аңдуға шықты. Бірақ ұрылар қылмыс үстінде тұзаққа түссе де, мал иесімен мәмілеге келіп, көп ұзамай бостандықта қайта тайраңдап жүретіні таңғалдырады. Енді Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа бап бойынша ұрылар келісімге келе алмайды.

– 2020 жылдың қазан айынан бастап Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілді. Қазір екі тараптың достасуына мүмкіндік жоқ. Міндетті түрде іс қозғалады. Ол бойынша істің ауыртпалығына байланысты шешімдер қабылданады, – деді  Қызылорда қалалық ПБ бөлім басшысы Ғалымжан Өмірзақов.

Ұрланған малдың көбісі өрістен қайтпай, қолды болады екен. Тұрғындар қолдағы түлігін жайылым-шабындыққа жібермей, қораға қамап тағы отыра алмайтыны анық. Бірақ бас-көз болатын бақташы жалдаған дұрыс, әрине. Полицейлер сондай-ақ қоқыс жәшіктерінен қоректеніп, қала ішінде қараусыз жайылатын түлік иелеріне де түсіндірме жұмыстарын жүргізіп әлек. Бірақ әлі босып жүрген мал көп.

Қызылорда облысында ет-сүт өнімдерінің бірнеше есе қымбаттауының бір себебі де мал ұрлығының артуынан. «Ұрлық болмаса, мал шаруашылығымен ауыл тұрғындары көбірек айналысар еді» дейді ауылшаруашылық тауар өндірушілері.

– Ауыл-аймақта мал ұрлығы өршіп тұр. Төрт түлік – қазақтың стратегиялық өнімі және өмір салты. Оған жасалған қастандық –  экономикаға, халыққа жасалған қастандық. Өзіміз барымташылардан әбден зәрезап болдық. Мал бағып, өсіріп-өндіру өте қиын. Ал барымташыларды ұстау, оларға тосқауыл қою үшін халықты жұмылдыру одан да қиын, – дейді шаруа қожалығының иесі Ілияс Керімов.

Облыс көлеміндегі барлық мал сою, ет өңдеу нысандарына бейнекамералар орнатылған. 22 жылдан бері сауда орындарын ет өнімдерімен қамтып келе жатқан Бауыржан Шағыровтың мал сою алаңында күніне 15-17 мал сойылады. Бекетке әкелінген түлік пышаққа ілікпес бұрын, үш күн карантинде тұрады. Ұрланған немесе ауру мал екені сол уақыт ішінде анықталады. 

– Құжат сыртына көлік нөмірі, әкелген адамның тегі жазылғасын барып қабылдаймыз. Союға тек мәліметтер базасына тіркелген соң жібереміз. Мал соятын қасапшылар бәрін тазалап, базарға дайын күйінде жібереді. Базардан зертхана қабылдайды, одан кейін ветеринарлар тексереді. Содан кейін барып сатылымға шығарылады, – деді Бауыржан Шағыров.

Қызылорданың малбазары да бұған дейін төрт түлік саудасын түнде қыздыратын. Қазір күндізге ауыстырылды. Бірақ базарды тексеру мүмкін емес. Өйткені базар басшылығы рұқсат қағазың жоқ болса, журналист тұрмақ, погон таққан полицейлерге де бас сұқтырмайды.

Он мыңнан астам малы бар Әлібек Нәлібаев мал қарайтын адам табу қиын және оның себебі де бар деді.

– Малдың тілін білетін шопан табу оңай емес. Ауылдағыларды жалқау көрмеу керек. Олар қой бағудан емес, ұрылардан қорқады. Себебі белгілі –  малдың еті де, сүт өнімдерінің бағасы да шарықтап тұр. Облыста мал ұрлығын кәсіпке айналдырған топтар бар және полиция қаншасын ұстаса да, мал ұрлаушылар тыйылар емес. Сондықтан мен қой бағуға барғысы келмейтін адамдарды түсінемін. Әйтпесе шопандар жақсы табыс табады, –  дейді жаңақорғандық кәсіпкер.

Мал ұрлығы әсіресе Қармақшы ауданында ушығып тұр. Оны полиция бөліміндегілер де растап отыр. Аудандық ПБ бастығының міндетін атқарушы Бағдат Ақтаев жақында орын алған мал ұрлығына қатысты күдіктілер тергеліп, ісі сотқа жеткізілгенін айтты.

– Аудан көлемінде мал ұрлығын алдын алуда жыл басынан іс-жоспар жасалып, ҚР ІІМ-нің бөтен мүлікті қорғау жөнінде 2021-23 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру мақсатында мал ұрлығын болдырмауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жеке малды бақташыға бақтырып, пада ұйымдастыруға, оларды таңбалау, ен салу, паспорттау қажет екенін түсіндіру үшін барлық УПИ-ға нақты тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстардың орындалуы күнделікті бақылауда, – деді ол.

Айтуынша, ашылмай тұрған әрбір мал ұрлығы дерегі толыққанды талданған. Нәтижесінде қылмыстың басым бөлігі түннің екінші жартысында орын алады екен. Осы орайда, бөлімнің аппарат қызметкерлері түнгі мезгілде кезекшілікке шығарылып, арнайы рейдтер ұйымдастырылуда екен. Мал таситын автокөліктер мен мал саудасымен айналысатын азаматтарды тексеру барысында құжатсыз тасыған үш азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, шара көрілген. Сондай-ақ ақпан айының басында орын алған мал ұрлығына қатысты кент тұрғыны ұсталып, бүгінде ол уақытша ұстау абақтысына қамалған. Оның басқа да мал ұрлығына бар-жоғы тексерілуде.

Айта кеткен жөн, тіркелген 22 мал ұрлығы қылмысын талдау барысында алты дерек қорадан ұрланғаны анықталса, оның екеуі ашылып, 16 дерек жайылымнан жоғалғаны расталды. Қалған 12 мал өрістен табылып, иелеріне қайтарылыпты.

Бүгінде мал ұрлығы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына кері әсерін тигізіп, ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ІІМ-де заң жобасы жасалды. Аталған заңға сәйкес, мал ұрлығына қатысты қылмысқа қатаң жаза қарастырылған. Тіпті ондай қадамға барған адам бұдан былай 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі әбден мүмкін.

Бұл ұрлықпен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Тұрғындар өз малының қауіпсіздігіне бейжай қарамауы керек. Ал мал ұрлығын алдын алудың бір тетігі – пада ұйымдастыру. Әрі малды сырғалау, таңбалау, тіркеу сынды мәселені де жедел қолға алған жөн.

Тегтер: мал ұрлығы қылмыс жұмыссыздық күрес полиция

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:11
Нұр-Сұлтанда тасжол опырылды: мердігер компания жауапқа тартылады
Еркежан АРЫН 18.04.2021, 02:26
Қазақстан Қарулы Күштерінде бақылау тексерісі жүргізіліп жатыр
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 17:42
Нұр-Сұлтанда жолда төбелескендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 13:27
Алматыда Аяжан Еділованың жерлеу рәсімі өтті
Еркежан АРЫН 16.04.2021, 02:13
Ресей - әскери-стратегиялық серіктес
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.04.2021, 14:38
Доскейдегі дәруіштің күйін кешкен донор

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24