Өрт!

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

30.06.2022, 11:49

1953

Қарқаралы ауданына қарасты, Егіндібұлақ ауылының халқы сегіз күннен бері үрейде. Маусымның жиырмасында тұтанған өрт әлі тоқтамай тұр. Алғашқы күні Оңғарбай тауына түскен найзағай оты лаулап, Балқантау, Қоянды өлкесіндегі тау жоталарын шарпыды. Тілсіз жау әлі таулы өлкенің қыраттарын қуалап, қызыл жалынды тоқтаусыз маздату үстінде.

– Жалын кеше Сарадыр, Бастал, Қарасай ауылдарында қайта тұтанды. Қауіптісі сол, өрт оқтын-оқтын қайталанып, берекені кетіруде. Осы аралықта Егіндібұлақ, Балқантау өңіріндегі 400 гектар таулы алқап пен 700 гектар таулы қыраттар жанып кетті. Қуаңшылық пен ұйытқыған дауылды жел өртті толық ауыздықтауға мүмкіндік бермей тұр, – дейді оқиға орнында жүрген Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ормандағы бықсу қауіпі бар жерлерге бекеттер қойылып, тәуліктік патруль қызмет етуде. Өртті сөндіруге облыстық ТЖД, жергілікті атқарушы билік өкілдері мен орман шаруашылығының 136 адамдық құрамасы мен 136 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмылдырылған.

 Дегенмен қауіптің бетін қайтаратын ведомствоның күштік құрылымы аздық етуде. Табиғи апаттың ауыртпалығы бәрінен бұрын тұрғылықты халыққа бататыны анық. Ресми жасақтарға тұрғындар жәрдемдесуде. Төтенше жағдай орын алған сәттен бері бұқара қызыл өртпен бар дәрменін салып күресуде. Халық өрттің қаржылық шығынын өздері көтеріп отыр.

– Бүгінде құрама күштерге кеңес беріп отырған да тұрғындар. Өйткені олар өлке табиғатының қыр-сырын жақсы біледі. Көптің көмегі көлдей. Балқантаудың басын өрт шарпыған күні қайырымдылық қор құрып, «Каспий» банктен есеп-шот аштық. Жерлестеріміз қорға тоқтаусыз қаражат аударып жатыр. Жиналған ақшаға азық-түлік алып, тілсіз жаумен күресіп жүрген жасақтар мен еріктілерді тамақтандырудамыз. Ас әзірлеуге мемлекеттік мекемелердің аспаздары тартылды. Жұмыс жүктемесі қиын болғандықтан, оларға ауылдың қыз-келіншектері өз еріктерімен келіп, көмектесіп жатыр. Сонымен қатар, ауыл фермерлері ірі қара малдарын сойып беріп, етпен үздіксіз қамтамасыз ету үстінде, – дейді Егіндібұлақ халқының бастамшы топ мүшесі Қанат Арконов.

Өртке есеп жүрмей ме? Өртпен арпалысқан елді мекенге қаржылай қолдау ауадай қажет. Бірақ осы мақсатқа қанша қаржы бөлінгені жұмбақ болып отыр. Аудан әкімінен нақты жауап алу қиынға соқты. Ол бар болғаны: «Сәйкесінше, төтенше жағдай үшін бюджеттен қаржы қарастырылған. Қаражаттың нақты көлемін айта алмаймыз. Өрт толық сөнген соң, есеп-қисабын жүргізіп, қорытындысын шығарамыз», – деп жұмбақтың шешуін өздерің табыңдар деген рай танытты.

«Қасымбектің мұнысы несі?»

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өткен аптада егіндібұлақтықтарға екі мәрте қыр көрсетті. Орталық коммуникация қызметіндегі өткен брифингте аймақ басшысы журналистердің Егіндібұлаққа аудан мәртебесі қайта беріле ме деген сұрағына «Дербес аудан болуды тілейтіндер көп. Жабылған аудан келмеске кетті», деген сипатта жауап қайтарып, үміт күткен дүйім жұрттың жігерін құм етті.

Оны естіген би бабаның ұрпақтары «Қасымбектің мұнысы несі?» деп өре түрегелді. Енді, міне, Жеңіс Қасымбек отқа оранған Егіндібұлаққа 8 күннен бері ат ізін салмай отыр. Әкім тас жолының тас-талқаны шыққан шалғай ауылға сапарлауға жүрексіне ме, кім білсін, жағдайды аудан әкімінен телефон арқылы біліп отыр. Өртпен арпалысқан тұрғындар облыстағы білдей бірінші басшының қарашамен жүздесуден ат-тонын ала қашуының себебін білмей дал.

Тегтер: өрт тілсіз жау орман өрті мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:11
ШҚО тұрғындары ауыл әкімін сайлау әділетсіз өтті деп шағымдануда
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49