04.08.2018, 19:51
473
Тәжікстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ато Мирходжа Тәжік президенті Эмомали Рахмонды Иса пайғамбарға теңеді. Бұл туралы “Жас Алаш” lenta.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол өзінің “Нұристанның тарихы” атты шығармасында (Нұристан – тәжік тілінен аударғанда нұрдың елі деген мағына береді) Тәжікстанды қара түнекте қалған ел ретінде суреттеп, Рахмонның билікке келуін ел аспанына түскен ғайыптың нұры ретінде бағалайды. Шығармада Эмомали Рахмонды Иса пайғамбармен теңестіреді. Президент өмірге келгенде жап-жарық нұрдың пайда болғандығы жайлы айта келіп, бұл оқиғаны Иса пайғамбардың өмір есігін ашқан сәтіндегі аспаннан пайда болған қасиетті нұр жайлы аңызбен салыстырады. Пайғамбар мен Эмомали Рахмонның аналарының есімдерінің ұқсауын да кездейсоқтық емес деп біледі ақын. Бірі қасиетті Мәриям ана да, екіншісі президенттің анасы Мәрия.
Шығармада Тәжік президентін Иса пайғамбармен ғана емес, Тәжік президентінің билікке келуін Мұхаммед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы Әли ибн Әбу Талибтың халифа болғандағы аңызымен де салыстыратын тұстары бар.
Дегенмен, Ато Мирходжаның “Нұристанның тарихы” атты еңбегі Тәжік президентіне арналған алғашқы шығармасы емес. Қаңтар айында ол президентке арнап поэма жазған болатын. Поэма “Елбасының сөзі – ұлт тағдыры” деп аталады. Шығарма Эмомали Рахмонның жыл сайынғы халыққа жолдауына арналған. Шығарма мазмұнында Тәжік президентінің билік жүргізетін сарайы қасиетті қағбадан да қадырлы әрі пәк орын деп бейнеленген. Ол халыққа жолдау жасаған кезде ай мен күн секілді планеталар қозғалысын тоқтатып, президенттің қасиетті сөзін тыңдайды дейді.
Өз кезінде президенттің әр жолдауын АҚШ пен Ресей президенттері мен Қытай Коммунистік партиясының төрағасы талқылап, астарына үңілетіндігін де айта кетеді.
Айта кетейік, 2012 жылғы Шабыт фестивалінің Гран-При иегері, ақын Балтабек Нұрғалиев те Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстан Президентінің отбасына өлең арнап, елбасын құдайға теңегені бар еді.
Фото: https://cont.ws/@ogbors/967625
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР