Орыс мектептерінде қазақ тілінің жайы қалай?

Бифат ЕЛТАЕВА

15.01.2021, 09:03

1702

Қазақ тілі туралы заң қабылданғанымен, оның тағдыры әлі де қыл үстінде келеді. Намысты жанның көзінен жас емес, қан сорғалататын осы шындық қандастарымызды бәсеңсітіп-ақ тұр. Осы бір сорақылықтың терісі қалың, жаны сірі неме екен.  

   Өтірік десеңіз,  Мұхтар Шахановтың мақаласын оқыңыз, өлеңін тындаңыз, сөзіне құлақ қойыңыз. Бұл мәселенің бергі шеті ғана. Алдыңғы жылдары шетелден келген белгілі саясаткердің мақаласын оқыдым. Оның айтуынша, өзінің елінде отырып, өзінің жерінде жүріп, өзінің ана тілін төл ұрпағының жартысынан астамы білмейтін және де азғантай шоғыры сол ана тілін қорғамақшы болып, аттан салып жүретін ­­­­­­­­­­­– біздің қазақ екен. Осыны айтып, әлгі шетелдік қонақ басын шайқады. Бұдан артық қандай сұмдық керек?!

   Ал қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін де елімізде біршама кедергілер кездеседі.  Соның бірі әрі бастысы, орыс мектептерінде не болмаса өзге ұлтқа арналған мектептерде қазақ тілінің оқытылуы өте нашар болғандықтан. Шыны керек, орыс мектептері түгіл, қазақ мектептерінің өзінде қазақ тілінің жұтаңдығын байқаймыз. Бұның барлығы, сайып келгенде, жоғарыдағы биліктің жиындарда орысша шүлдірлеуі, мектеп директорлары мен білім беріп отырған ұстаздардың салғырттығынан.

    Бұл мәселе жөнінде мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабадан білім беру жүйесіндегі қазақ тіліне байланысты өзгерістерді сұраған болатынбыз. Ол пікірінде мектептерде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің біріктірілгенін баса айтты.

— 2016 жылы орыс сыныптарына қазақ тілін деңгейлеп оқыту әдістемесі әзірленді. Яғни оқушы 1-сыныптан бастап, 11-сыныпқа дейін қазақ тілін тек осы әдістеме негізінде жүйелеп, деңгейлеп (А1, А2, В1, В2) оқитын болады. Сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәні біріктірілгенін атап өткен жөн. Бұрын қазақ тілі пәнінде ереже, әдебиет пәнінде романнан үзінді жаттайтын оқушылар енді жаңа әдістеме негізінде грамматика мен ауызекі сөйлеуді бір көзден үйреніп жүр. Оқушы атау, барыс септігін жаттағаны пайдалы ма, әлде адамдармен тікелей қарым-қатынасқа түсу үшін ауызекі сөйлеп үйренгені дұрыс па? Әрине, екіншісі дұрыс. Мектеп табалдырығында оқушылардың  қазақтілді ортаға оңай сіңіп кетуіне жағдай жасалуы керек.

       Білім саласындағы тағы бір жаңалық – жиілік сөздігі. Яғни БҒМ мен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен бірігіп, 8 миллион сөз бен сөз тіркестерінен тұратын үлкен база әзірледі. Бұл базаға мультфильмдерде, балаларға арналған көркем әдебиеттерде, журналдарда, «Балапан» телеарнасында ең көп қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері жинақталып, жүйелендірілді. Бұл өте ауқымды жұмыс екенін және келешекте жақсы нәтиже беретінін атап өткен жөн. Себебі орыс сыныптарына арналған қазақ тілі бойынша кез келген оқу-әдістемелік құрал тек ең жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері негізінде жазылатын болады.

   Бүгінгі күні орыс сыныптарының бастауыш буынындағы қазақ тілі пәні  аптасына 2-4 сағат, 5-9 сыныптарда 17-25 сағат, 10-11 сыныптарда 8-10 сағатты құрап отыр. Ал қазақ сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері жыл көлемінде алсақ, 343 сағатқа артық екен. Енді бұл қазақ тілінің тереңдетіліп, сонымен қатар екі пәнге бөлініп оқытылуына байланысты.

Бүгінде қазақ тілі пәні ҰБТ-ға тапсырылуы тиіс міндетті пән ретінде енгізілген.

  Қазір «Қазтест» бойынша жоғары нәтиже көрсетпей, «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсу мүмкіндігі жоқ. Сол себепті оқуға түсуге кандидаттар қазақ тілі курстарына жазылып, белсенді дайындала бастайды. Осындай қажеттілік барлық салада болса, мектеп жасындағы бала мектеп табалдырығынан-ақ өз бетінше дайындала бастайды.

  Көп нәрсе мұғалімге де байланысты екенін ұмытпаған жөн. Ұстаз  үздіксіз ізденіп, әдістемені жоғары деңгейде меңгеруі қажет. Бүгінде қазақ филологиясы мамандығын бітірген жастар орыс тілі аудиториясына барып сабақ өте береді. Бұл дұрыс емес. Себебі орыс аудиториясына «қазақ тілін орыс аудиториясына оқытатын» маман қажет. Осы ретте өзге тілді балаларды қазақ тілінде оқытатын мұғалімдер даярлауға көбірек көңіл бөлінуі керек. Қазір мұғалімдердің жалақысы да, мотивациялары да жоғары. Тиісінше жұмыс сапасы да жоғары болмақ деген сенімдеміз.

  Жалпы, білім саласындағы реформаларды бір ауыз сөзбен айтсақ: бүгінде қазақ тілі тілді меңгерудің халықаралық стандарттары негізінде (CEFR) «балабақша–мектеп–колледж–жоғары оқу орны» жүйесінде үздіксіз оқытылуда. Осындай жүйелі реформалар алдағы уақытта міндетті түрде өзінің жемісін бермей қоймайды, – дейді Әділбек Қаба.

  Орыс мектептерінде қазақ тілін үйрету әдісі қағаз жүйесінде мемлекеттік стандартты жүйеде оқытылып жатқанымен, іс жүзінде, шынында, жүзеге асып жатқанына күмәніміз де жоқ емес. Себебі орыс мектебі болсын, өзге ұлт мектептерінде болсын қазақ тілінде бір-екі ауыз сұрағыңа жауап бермек түгіл, не айтып жатқаныңды түсінбейтіндер көп. Бұған, әрине, ең бірінші білім және ғылым министрлігінің, мектеп директорларының, тіпті балаларын орыс мектебіне беретін ата-аналардың қазақ тіліне шалағай, үстірт қарағанынан да емес пе? Осыған байланысты неге мұғалімдер қазақ тілі пәнін аралас тілде жүргізеді деген сұрақтың туындайтыны рас. Бұның себебін білу үшін орыс мектебінде қызмет ететін мұғалім Жансая Мейірбекқызын әңгімеге тартқан едік:

— Қазір бұрынғыға қарағанда өзге тілді аудиторияларда қазақ тілін үйренуге құлшыныс бар. Дегенмен де қазақ тілін орыс мектептерінде оқыту методикасын нақтылау керек секілді. Осы орайда, көп мұғалімдер оқушы түсінбегендіктен не болмаса ата-ананың талабы бойынша орысша түсіндіруге мәжбүр болып жатады. Ата-аналардың талабы басым болғандықтан, көбіне оларға орыс тілінде түсіндіруге мәжбүр боламыз. Мысалы, тек қана қазақша сөйлейтін болсақ, ата-аналар тарапынан «мұғалімдер қазақша сөйлейді, сол себепті менің балам сабақты түсінбейді» деген секілді уәждерін айтып жатады. Бұл жағдай барлық орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің басында бар жағдай деп ойлаймын. Тағы бір айтатын нәрсе, мәселен, қазір онлайн түрде сабақ өтіп жатырмыз. Сонда қазақ тілінде тапсырма бергенімде, ата-аналар «неге тапсырманы аудармағансыз, оны балаларымыз қалай аударып, түсіне алады» деген секілді хабарламаларды жиі жазатын. Ал бізді баланың «дайын асқа тік қасық» болып, өзі ізденіп аударып, тіл үйренуге құлшынбайтыны қынжылтады. Оның бәрін қашанғы біз аударып отырамыз? Неге екі тілде сөйлеуге мәжбүрміз, осы секілді қиындықтар қашанға дейін жалғасады?

        Өзім сабақ бергенімде қазақша сөйлеуге, қазақша түсіндіруге көп көңіл бөлемін. Мәселен, бір сыныпты алып келе жатқаныма төрт жыл болды. Оларды басынан бастап қазақша сөйлеуге, қазақша оқуға, қазақша ойлауға үйреттім. Бұл жағынан да ата-аналар тарапынан қысым болды. Оқушылардың көбісі қарапайым «отыр, тұр» деген сөзді де түсінбейтін. Сол секілді күнделікті сөздерді қазақша айтып, сөйлестім. Қазір сол оқушыларым қазақша жақсы біледі. Тіпті оқушы дәретханаға орысша сұранғанда жібермейтінмін. Қашан қазақ тілінде сұранасың, сол кезде жіберемін деген талап қойдым. Осындай талаптың арқасында нәтиже де жақсы.

       Биыл тағы да 1-сыныпты алдым. Оларға да осы талапты қойдым. Бірақ ата-аналардың тілге келгенде кедергілері жойылмай келеді. Олармен арпалысып мен де шаршадым. Осы тұрғыда қазақ тіліне байланысты орыс мектептерінде бірізділік болса екен не болмаса ата-аналар тарапынан қысым, кедергі болмайтындай заң енгізілсе екен. Өйткені әрбір ата-анамен дауласып отыру бізге де оңай емес. Тағы бір мәселе, бірде қазақ тілінің курсына барғанымда қазақ тілін үйретіп отырған мұғалім төл дыбыстарын айта алмай, барлығын тек орыс тілінде түсіндірумен болды. Тіпті ойлауы да орысша болды. Өзі осылай орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тілін үйретіп тұрғанына қайран қалдым. Бұл жағдай орыс мектептеріндегі қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдерде көп кездеседі. Олардың да ойлау жүйесі, сөйлеуі орыс тіліне қарай ойысып кеткен. Сол себепті мұғалім қазақ тілінен сабақ берді ме, орысша тәрбиеленген балалардың ығына жығылмай, қазақ тілінде түсіндіріп сабақ жүргізсе екен, – дейді.  

   Міне, мәселе қайда дейміз. Қазақ тілінің мұғалімі орысша шүлдірлесе, қазақ тілін қайбір оңдырсын. Осыған байланысты білім және ғылым министрлігі, мектеп директорлары білім беруде ұстаздарды ата-аналардың қысымынан қорғайтындай, білім беруіне кедергі келтірмейтіндей заң неге шығармайды? Әсіресе қазақ тіліне қатысты мектепте, жоғары оқу орнында, қандай да бір жұмыс орнына қабылдау барысында қатты талап қойса,  мемлекеттік тіл қажеттілікке айналып, қазақ тілі пәнін оқыту нәтижелі болмай ма?!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?
Батыр ЖАСҰЛАН 22.09.2021, 12:00
Заң астарындағы «жасырынған жоба»
Сайт әкімшілігі 22.09.2021, 11:41
Михаил Ломтадзе мен Kaspi.kz Kazakhstan Growth Forum-да үш марапатқа ие болды
Сайт әкімшілігі 21.09.2021, 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39