Осы жұрт Жауғаштыны біле ме екен?..

Сайт әкімшілігі

20.04.2022, 00:38

1774

1990-жылдарда аты жер жарған оны бүгінгі ұрпақ білмеуі де мүмкін. Ендеше, бірден айта кетейік, бұл бір ерекше, айрықша, орысша айтқанда «феноменальный» адам. Несімен? Көп жағымен. Бүкіл болмысымен. Жас ұрпаққа одан алар үлгі көп.

Біріншіден, ол өте білімдар, нағыз зиялы. Студент кезінен бастап жиған, үйінің төрт бөлмесін түгел алып тұрған 9 мың кітаптың бәрін де ол конспектілеп шыққан! («Біз емтиханды қалай тапсырамыз деп жүргенде, Жауғашты ғалымдардың кітаптарын жинап жүретін» дейді бірге оқыған достары). Конспект жазу үстінде соның бәрін көзінен, мыйынан, қолынан өткізгендіктен, оқығанының бәрі жадында. Және шұқшия зерттеп оқиды ғой...

Жауғашты Нәбиев іссапарға барған қаласының бәрінде оның музейіне жарты күн-бір күн арнамай кетпеген. Аталарының сурет, мүсін өнерін сол саланың мамандарынан кем білмейтініне немерелерінің талай рет көзі жеткен.

Екіншіден, ұқыптылығы жағынан оған тең келетін қазақ табу қиын.Тіпті іссапарда – ал, ол1967 жыл мен 2013 жыл арасындағы 46 жыл ішінде 454 рет іс-сапарда немесе барлығы 3512 күн, яғни 10 жылдай тыста жүргенде де  міндетті түрде өзіне күн сайын (!) есеп беріп, алда не істеу керек, оны да жазып, күнделігіне түсіріп отырған. Бұл тұрғыдан келгенде ол Абай атамыздың адам болам деген адамның не істеуі керектігі жайлы әйгілі өсиетіне мейлінше адал болған жан. Баратын қаласы жайлы ақпарат жинап, тарихын, өнерін зерттеп алып баратын, сол білімін толықтырып қайтуға да уақыт табатын.

Үшіншіден, Жауғашты өте қарапайым жан. 1990-1996 жылдары, елде доллар жоқ кездің өзінде ол 450 мың долларды, ал, сол онжылдықта 1,5 млн.долларды демеушілікке жұмсады. Ал, қанша ғалымның, тарихшының, жазушының кітабын, көне заманнан жеткен жәдігерлерді шығарып берді, оны өзінен басқа ешкім білмейтін де болар. Солардың көбісін еңбегімен танысқаннан кейін өзі іздеп тауып алып отырған. Және ол жайлы шамасы келсе тіс жармауға тырысады...

Төртіншіден, жауапкершілік сезімі өте күшті. Қазақ Құрылтайына демеуші болуға, небір тыйым салынған жиындарға баруға қорықпайтын, есімінің өзін әжесінің  түсіне кірген батыр бабасы қойып кеткен жүрегі түкті Жауғаштының қорқатын бір ғана нәрсесі бар – ол өзі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаймын деп, елге күлкі болу. (Осындай асқан жауапкершілік сезім басшы атаулының бәрінде болуы, лауазымы өскен сайын оның жауапкершілігі де арта түсіп, ең үлкен жауапкершілік нақ сол елдің Президентінің мойнында болуы айдан анық, күннен жарық қарапайым қағида емес пе еді? Ал, біз болсақ Конституциямызға «Республиканың Президенті өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап береді» деп, «ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы» Конституциялық заңға «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жасаған, ал бұлар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды» деп жазып қойған, сөйтіп әлемге масқара болып жүрген елміз...)

Жауғаштының болмысы түгел табиғи, таза, шынайы, жасандылық жоқ. Біз жоғарыда айтқан оның батырлығы да, бір өзі бір дәуірдің айнасы болған Нұртас Оңдасынов атамыз айтқандай, адамның «ешқашан пара алмаған — қолының таза, ешкімнің үстінен арыз жазбаған — жанының таза, ешқашан қазақты руға, жүзге бөлмеген — арының таза» болғандығынан туындайды.

Ал, оның осындай қасиеттерінен қазақ елі пайда көрді ме? Әлбетте! 1967 жылы Алматыдағы атақты «Қызыл ту» өндірістік бірлестігіне келгеніне жыл толмай жатып, ізденгіш, жаңалыққа жаны құмар, инженерлік-техникалық қызметкерлер арасындағы жалғыз қазақ жас инженер-электрик өз бастамасымен метрологиялық лаборатория құрды, ары қарай ЭВМ бөлімін ашты, өндіріске АСУ-ды енгізді, бүкіл КСРО-дағы Жергілікті өнеркәсіп министрлігіне қарайтын кәсіпорындар арасында бірінші болып Ақпараттық-есептеуші орталық  құрды.

Бұның бәрі  айтуға ғана оңай еді, іс жүзінде қаншалықты білім мен тапқырлықты, қайтпас қайсарлы пен қажырлылықты қажет еткенін Жауғаштының өзі ғана білетін. Ал, өзге жұрт оны «министрлердің қолынан келмесе, Жауғашты бар ғой» деп аңыз ететін.

«Министр» демекші, отыз үш жасында министрліктің Коллегия мүшесі, Жабдықтау және сату бас басқармасының бастығы болып шақырылған ол осы орында да жеті жыл отырды, және сол мерзімде үш рет министрлік лауазымға өтіп тұрған бұның алдын «жоғарғы жақтан» ұсынылған адамдар орап кете берген соң ол «өз білім-білігіммен жеткен жерім осы екен ғой» деді-дағы, 1982 жылы Үкіметте жаңадан ашылған  сыртқы экономикалық байланыс бөліміне басшылыққа шақырылғанда, соған ауысып кетті. Мұнда да беріле жұмыс істеген Жауғашты Қазақстанда байлық бассаң аяқ астында екенін көрді. Әсіресе, су шаянының «артемий салин» деп аталатын түрінің жұмыртқасы мен қырдың қызғалдағы (Кеңес Одағы оны отызыншы жылдары  экспортқа шығарған екен) мұнай таусылса да таусылмайтын байлық болып шықты. Ол осының бәрін сатуды жолға қойды. Бірақ, 1989 жылы «Казахинторг» деген мекеме ашылып, оған Үкімет үйіндегілердің бәрі «Нәбиев барады» деп жүргенде, күтпеген жерден Қарағанды облыстық сауда басқармасының бастығы Сыздық Әбішев Бас директор болып келді...

Бұл кез – Кеңес Одағы нарыққа бұрыла бастаған уақыт еді. Жаңа заманның ағымын сезіне білген алғыр Жауғашты «Қазақстан Коммерция» деп аталатын сыртқыэкономикалық қауымдастық құрмақшы болып, 1989 жылы наурызда, қазақша Жаңа жылдың алдында Министрлер Кеңесінің тарихында бірінші болып өз еркімен жұмыстан шығып кетті және сол жылы қауымдастықты тіркетті.

Міне, сол күннен бастап еліне еселеп еңбек еткен Жауғаштының әрбір ісін ерлікке тең деп айтуға әбден болады. Мысалы, 1990 жылдың 15 қыркүйегінде Лондонда, әлемнің экономикалық орталығында, оның ішінде тура Ситиде өз офисін ашқан ол 1991 жылы ноябрь айының басында Лондонға бара жатқанда мәскеулік достарынан КСРО Внешэкономбанкінің банкрот болайын деп жатқанын естіп қалады-дағы, дереу «Қазақстан-Коммерция» арқылы сыртқы елдермен сауда жасап отырған «Маңғышлакмұнай» ӨБ, Ақтау тау-кен металлургия комбинаты, Ермак ферроқорытпа зауыты, «Балқашмыс» ӨБ секілді біраз бірлестіктің ондаған миллион долларын Лондондағы банктің біріне аударып алады. Ал, 1991 жылы 3 желтоқсан күні «Внешэкономбанктегі» барлық есепшот жабылып қалады… Соны естіген біраз «досының» оған: «өз қалтаңа басып қалудың орнына бәрін қайтарып бергенің не, нағыз «лох» екенсің ғой» деп күлгені де бар… Сондай «ақылдылар» көп болған заман еді ғой… Ал, сене қоймағандардың 100 миллион доллардан астам қаржысы банктің жемсауына түсіп кетті...

Жауғаштының бір өзі әлі инвестициялар келе қоймаған сол кезде жалпы құны 10 млрд.долларлық 4 жобаны келісім-шартқа қол қоюға дейін жеткізіп еді. Бірінші жоба – Маңғысту мұнай өңдеу зауыты. 1992 жылы алғашқы халықаралық тендерді «Қазақстан-коммерция» өткізді. 1993 жылы зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін тегін істеуге беріп жеңіске жеткен жапондар: «Бізге енді бір ғана қағаз – «зауыт инвестициялық басымдыққа ие жоба» деген Үкіметтің хаты керек» деді. Айтуға тұрмайтын құжат! Үкімет ол хатты бермеді… Сол кезде біздің елдің Сыртқы экономикалық байланыс министрі болған  С.Әбішевтің Жауғаштыға: «Роберт Кисин бізге «Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жарақтаған тиімді» деп айтты ғой» дегені бар. Бұның тек желеу екені түсінікті ғой.

Зауыт салмадық, ал, жоғары октанды бензиннің 25 пайызын әлі күнге дейін Ресейден сатып алумен келеміз...

Екінші жоба – 1994-жылы 7-маусымда Женева қаласында әлемге әйгілі «Боинг» компаниясының біздің елге төрт жаңа Боинг-767 ұшағын сататыны жайлы қол қойылған келісім-шарт еді. Жауғашты бір жыл бойында небір қиындықтан өтіп, Үкіметтің кепілдік хатын да алып алған болатын. Шартқа сәйкес америкалықтар жылына бір ұшақтан жасап беріп тұратын болды және біздің ел үшін керемет кеңшілік жасады — Қазақстан қарызды 10 жыл ішінде қайтарса болғаны.

Одан бөлек «Боинг» Алматыда осы ұшақтарға техникалық қызмет көрсететін, Қытай, ТМД елдері мен Таяу Шығысты да қамтитын бағасы 8,5 миллион доллар тұратын орасан үлкен Өңірлік техникалық орталық ашуды өзі көтеретін болды. «Амэрикен эйрлинейз» әуе компаниясы Қазақстан үшін 200-ден астам ұшқыш пен әуежай қызметкерін тегін оқытып, дайындауға кепілдік берді. Біз бар-жоғы бір-ақ рет төлейтін 18 млн.долларды тауып бере алмадық. Ал, үш айдан соң Үкімет ресейлік «Трансаэро» компаниясынан (оның президенті Плешаков сол кездегі премьер-министріміз  Терещенконың кеңесшісі болатын) ескі «Боинг-747» ұшағын 34 млн.долларға сатып алуға қаржы табыла қалды… Осыны естігенде америкалықтар өз құлағына өздері сенбеді. Ақыры шын екеніне көзі жеткенде компания өкілі Алдо Базилидің «Біз мұндай мемлекетті түсіне алар емеспіз!..»деген жалғыз ауыз сөз айтуға ғана шамасы келді».

Кейін Өңірлік техникалық орталық Ташкентте салынды.  Біздің ел болса бұның бәріне қоса өте пайдалы халықаралық авиабағыттардан және қағылды...

Үшінші жоба – бельгиялық Трактебель компаниясы Оңтүстік Қазақстан ГРЭС-ін, Мойнақ ГЭС-ін, Екібастұз-2 ГРЭС-ін салуға, Өскемен мен Атырау ТЭЦ-ін қайта жарақтандыруға деп, елімізге нақты 400 млн.доллар әкелген алғашқы және ірі инвестиция еді. Оның вице-президенті Николас Атеринос пен біздің үкімет Бас келісім-шартқа да қол қойған-тұғын. Әйтсе де аса маңызды жоба әп-әдемі басталғанына қарамастан тағы да жеке адамдардың мүддесінің жетегінде кетті — шенеуніктер халықтың емес, өздерінің құлқынының қамын ойлағанды жөн көрді. Және бізді дәл бұл арада түрлі Плешаковтар мен Кисиндер майлы ішектей айналдырған жоқ, керісінше біз бельгиялықтардың басын айналдырдық… 1996 жылдың басында Н. Атеринос Жауғаштыны Алматыдағы «Хайят» қонақ үйіне оңаша әңгімеге шақырып, сол жерде жоғарғы жақтағы кейбір лауазымды кісілердің өзіне қойған шартын жеткізді: «Қазақстанда ісіміз алға бассын десеңіздер, Нәбиевті бұл Жобадан шеттетіңіздер»! Жауғашты іркілген жоқ: «Бұл біздің ел үшін аса маңызды шаруа, ал, мен үшін ең бастысы – істің жүргені, сол жағын ойлаңыздар, менде тұрған ешнәрсе жоқ».

Арғы жағы не болғаны әмбеге аян –  энергетикалық жобалардың бірте-бірте үні өшті, «Трактебелге» магистралдық Орта Азия – Орталық газ құбыры берілді. Ол жаңа қожайынға – «ҚазТрансГаз» АҚ-на ақшаны науадай құйып тұрған кәсіпорын салып беріп, өзінің тапқанын алды де еліне қайтты. Бірақ, жай қайта алмады, жемқорлық, паракорлық жайлы дау-дамайдың ортасында қалып, бар абыройынан жұрдай болып қайтты.

Әрине, ең қатты ұтылған әдеттегідей Қазақстан экономикасы, бәрінен бұрын қазақ халқы болды. Қазақ деген халықтың арына дақ түсті. Ең жаманы да осы еді...

Төртінші жоба – Жауғаштының әлі күнге дейін өзегін өртейтін, ол өзі «өмірдегі ең үлкен өкінішім» дейтін, қолымызға қонып тұрған бақ құсынан айрылып қалған —  халықаралық Өзара инвестициялық қор (ӨИҚ) еді. Жауғашты инвестиция іздеп әлемді шарлап жүрген шағында, 1995 жылы аса беделді Халықаралық қаржы корпорациясының (ХҚК) басшыларының бірімен кездеседі. Ол оған инвестиция тарту мәселесін шешудің өте қолайлы, әбден сыналған, ең тимді әдісі – Өзара инвестициялық қор құру жайын  сөз етеді. Мұндай қор — дамушы елдердің арманы! Чили, Индия, Корея, Малайзия, Оңтүстік Африка республикасы, т.б. елдерде құрылған бұндай қор сол елдердің экономикасын күрт көтеріп жіберген еді. Көп елдің оған қолы жетпейді. Қазақстанды қолдаса біздің елдің байлығын олар жақсы біледі, сондықтан қолдайды.Ал, премьер-министр Әкежан Қажыгелдинге Жауғашты  осыны айтып, түсіндіре алмады... Сол жылы жазда АҚШ-тағы сапарда Ә.Қажыгелдин ХҚК мен Эксимбанк басшылығымен кездесуге Қаржы министрі Павловты жібереді. Алты айдан соң Лондонға келгенде ол ХҚҚ басшылығымен кездесуге тағы бармайды… Жауғаштыны тек вице-премьер С.Қалмырзаев қолдайды. Екеуі біздің елде бұндай қор құруға қажетті құжаттың бәрін дайындайды. Америкалықтар мен ХҚК бір жағынан, Қазақстандық компания (30 шақты алыптарымыз, қатарында «Қазақстан Коммерция» да бар, компания құрылтайшысы болуға келісім береді) екінші жағынан «Қазақстан құнды қағаздары» («Kazakhstan Sekurites»)  атты қаржылық инвестициялық компания құрады. «Секьюритидің» президенттігіне Жауғашты ұсынылды.

Бұл жолдың артықшылығы неде еді? Құрылтайшылар өздерінің де, өзге де кәсіпорындарды да жаңарту мен дамыту үшін өз жобаларын ұсынады. Ал, андеррайтерлер — банктер мен ХҚК – инвестиция көлемін анықтайды. Ең бастысы — андеррайтерлер шетелдік тәуелсіз бағалаушы компаниялар арқылы олардың нарықтық бағасын шығарады. Мысалы, «Павлодар алюминий заводының» (ПАЗ) жарғылық бағасы 2 миллион АҚШ доллары болса, шетелдіктердің болжауы бойынша оның нарықтық бағасы 60 миллионнан кем болмау керек. Міне, қайда жатыр байлық деген! (Кейін Машкевичтер дәл осы  схеманы қолданды, өздері ештеңе құйған жоқ). Бұл  жол Қазақстанды миллиардер елге айналдырар еді! Баға шыққаннан кейін әлемдік алпауыт банктер іске кіріседі. Біз өз кәсіпорындарымызды  шетелдіктерге сатпайтын да, басқаруға бермейтін де жол еді бұл. Біз оларға олардың өздерінің үлесін ғана беретін едік, акциялар пакеті ондаған, жүздеген инвесторларға шашырап кетер еді. Ал, оларды қызықтыратыны кәсіпорынды бақылау емес, акцияларының құны өсу ғана! Акцияларды сатқаннан түске ақша біздің елде қалар еді, біз оны технологияны жаңартуға, инфрақұрылымыды дамытуға, қарызымызды жабуға, т.б. қажеттігімізге жұмсар едік. Эмитент-кәсіпорын барлық аралас-кәсіпорындарды, спутник-қаланы, мүмкін тіпті облысты сүйреп шығаратын локомотивке айналатын еді, қосымша жүздеген, мыңдаған жұмыс орыны ашылатын, төлемеушілік құрсауы үзілетін, біртіндеп мемлекеттік бюджетке табыс құя бастайтын еді. Сонымен бірге қазақ жағы кәсіпорынды әрқашан өзінің толық бақылауында ұстап отыра алатын.

Енді тек Үкіметтің Қаулысы қабылданса болды. Бірақ… Бірақ, премьер-министр Ә.Қажыгелдин ұшуға дайын құстың қос қанатын бірдей қырқып түскен тапсырма берді: «С.Қалмырзаевқа. 1.Қолдағы бар меншікті меңгеруді үйреніп алуды ұсынамын. 2.Сіздерге мұндай іспен айналысуға тыйым салынған, ол аз десеңіз, мемкәсіпорындар жанындағы барлық еншілес коммерциялық құрылымдарды жойғандарыңыз жөн. 3.Бағалы қағаздар нарығы басқа «заңдармен» жүреді. Олар әкімшіліктің еркіне бағынбайды. Бұл А/Қ жоғарының нұсқауынсыз өз еріктерімен құрылуы тиіс. Талқылаудан алып тастаңыз. Барлық орынбасарларымды таныстырыңыз».

Парадокс! Экономикаға тікелей инвестиция тарту қаржысыздық жағдайында жалғыз ғана тура жол екені белгілі, ал, елдің премьер-министрі мемлекеттің мүддесін қолдамайды. Бұл не болды сонда?! Терещенко мұнай зауыты мен «Боингтен» құр қалдырса, Қажыгелдин «Трактебелдің» түбіне жетті, одан да жаманы өзара инвестициялық қордың  желкесін қиды...

Осылайша Қазақстанның миллиондаған халқы есігінің алдына өз аяғымен келіп тұрған теңдессіз несібесінен қағылды. Қазақстанда тек қана қазба байлық емес, көптеген дамушы елдерде жоқ жолға қойылған тау-кен өндірісі мен өңдеуші кәсіпорындар бар еді. Ең бастысы — сол кәсіпорындардың жұмысын сағаттай сыртылдатып жүргізіп отырған сауатты жұмысшы табы мен білімді де білікті, тәжірибелі мамандары жеткілікті еді. Егер ӨИҚ сол кезде құрылып, адымдай алға басып кеткенде әлемнің небір мықты қаржылық құрылымдары  капиталын арқал, бізге жетуге асығар еді. Себебі, олар біздің экономиканың болашағы қандай жарқын екенін – мемлекеттік тұрғыдан! – біздегі басшылардан артық көріп отырған болатын. Шет елдердегі алпауыт қаржы компаниялары ол кездеҚазақстан әлемнің қай бұрышында екенін білмеуі мүмкін еді, ал, Балқашмыс дегеніміз, Жезқазған түсті металлдар бірлестігі дегеніміз, Өскемен мырыш-қорғасын комбинаты дегеніміз не екенін жақсы білетін...

Жауғашты бұдан кейін де талай игілікті іс атқарды, атап айтар болсақ жамбастап жатып қалған «Казатомпромды» бүгінгі күйге жеткізіп берген де сол азамат. Рас, қағаз жүзінде оның президенті Өскемен титан-магний комбинатының президенті Б.Шаяхметов болатын, бірақ, барлық істі атқаруға жоғарыдағылар қай нәрсенің атына емес, затына қарайтын, бірінші вице-президент болып тағайындалған Жауғашты Нәбиевті көндірді. Мемлекетшіл Жауғашты жекешелендіруге жатпайтын компанияға ғой деп, екі аяғынан тік тұрғызу үшін арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысумен болды. Барлық уран өндірісінің кәсіпорындарының мүлкі «Казатомпромның» қарауына өтті. Кен басқармаларының көлік мекемелері де олардың қарауынан алынып, біріктіріліп, жеке кәсіпорын болып қайта құрылды. Біреуінде көлік – көл, екіншісінде – шөл болып тұратын келеңсіз жағдайлар келмеске кетті. Бұған дейін жекешеленген кәсіпорындардың инфрақұрылымын жергілікті билікке беру туралы Қажыгелдин қол қойған қаулы шыққан болатын. Жауғашты инфрақұрылымды кен басқармаларының өзінде қалдыруға үкіметті көндірді. Ауданның оларды игеретін қаржысы қайда? Осы мысалдан-ақ кім халықтың шынайы қамқоры екені көрініп тұр. Бірақ, Жауғаштыға жасалған қысым орасан зор еді...

Созақтағы Іңкәй-Мыңқұдық кен орынын (ал, бұл қазақ уран қорының жартысынан көбі деген сөз!..) «Казатомпромның» құрамынан алып, канадалық және германиялық жекеше компанияларға беру туралы Үкіметтің 1996 жылғы 25 желтоқсандағы заңсыз қаулысының күшін жойдыру да Жауғаштының жауларын көбейте түсті. Бұдан соң Ресейдің аузына түсіп бара жатқан Үлбі металлургия зауытын мемлекетке қайтарды. Осы кезде Б.Шаяхметов қызметінен кетті-дағы, екі жыл тау көтерген Толағайдай  еңбек еткен Ж.Нәбиев тағы да президент болып тағайындалмай қалды...

Бірақ,  оған Жауғаштының тауы шағылып, тауаны қайтқан жоқ. Жалпы, ол кедергі көбейген сайын жауды көрсе жаны кіріп, құлпырып кететін бұрынғының батырларындай құлшына түсетін. Бұл қасиет қайдан келді оған? Әзен әжесінің тәрбиесімен келді. Отыз екінші жылғы ашаршылықта алыстан келе жатқан көптің қарасы Сағызға жеткенше кішірейіп-ақ қалатын. Әзен соларға қырық түйесін беруге күйеуін көндіреді… Соғыста жүрген  бес ұлы мен бір немересінің үшеуінен бір күнде «қара қағаз» келгенде де сынбай, ауылдағы елге басшылық еткен әжесі еді ол. Ақтөбеден қысқы азыққа деп тары әкелуге жолда соғыстан қашқан қарақшылардан қорқып баратын адам табылмағанда, бір өзі қара нарға мініп, жүз шақырым Көкжардан тары әкелген, жолын торыған қарақшыларды сөзбен жеңіп, аман келген әженің; соғыс жалмаған алты ұлдан қалған 9, бұрын кеткен үш үш ұлдан қалған 6, барлығыы 15 жетім баланың бір де біреуін балалар үйіне тапсыртпай, адам етіп өсіріп шығарған, жоқтан бар жасап жүріп, үлкен немересі сол аймақта бірінші болып университет бітіріп келгенде палуан күрестіріп, бәйге шаптырып той жасаған әжесінің теңдессіз үлгісін көріп өсті Жауғашты. Мектеп бітірген соң әжесіне қарайласып, екі жыл темір жолда қара жұмысшы болып, дәу балға сілтеп  шынықты.

Жауғашты «мына орыннан кетіп қалдым, мына орынға жете алмадым» деп өкінген жан емес. Бір өзі құрылтайшысы болған «Казкоммерцбанкті» де кеше өзі бизнеске баулыған «жас қазақтар» асқан ептілікпен алып кеткенде де, Министрлер Кеңесінің асханасында бес жыл бір үстелде отырып тамақ ішкендер кейін билікке келіп, бұны «сенен жемқор шықпайды екен» деп, оқшантайдан шығарып тастағанда да аһ ұрған жоқ.  Өкінсе елге пайда әкелер жобаларының іске аспай қалғанына, әжесінің «жұмысқа жаның ашитын болсын» деген тәрбиесіне суарылып өскен ол, кеңес кезінде жас инженер болып жүріп-ақ одақтық Госплан деген құдыретті мекемеге дейін ұсынысын өткізе алған ол, бүгін туған елінде еститін құлағы, жаны ашитын жүрегі жоқ билік өкілдерінің қаптап кеткеніне ғана өкінеді.  

Елден таңдап сұлуды сүйіп бауыры күйген, ұлықты ұлдарын, қылықты қыздарын сүйіп еріні күйген, әжесінің «қатарыңның алды бол!» деген өсиетін орындай білген Жауғашты Нәбиев бүгін сексенге толып отыр. Елінің қазыналы қариясы болып отыр.  Сіздің заманыңыз енді туып келеді, алдағы уақытта атқарар ісіңіз толып жатыр, қайратыңыз қайтпаған күйде жүзге жетіңіз, Жауғашты аға!

Өмірзақ Ақжігіт 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01