15.03.2023, 11:23
1872
Елімізде соңғы бес жылда отбасылық зорлық-зомбылық оқиғасы күрт артқан. Сарапшылардың мәлімдеуінше, 2019 жылы осы бағытта денсаулыққа ауыр зардап келтіру фактісі 11 пайызды құраса, 2022 жылдың 5 айында қылмыстың бұл түрі 25 пайызға көбейген. 2022 жылы полицияға отбасылық кикілжіңге байланысты 100 мыңнан астам қоңырау түскен. Шағым иелерінің дені – Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарынан болған. Оспадар оқиғаның орын алуына көбіне ерлердің ішімдік тұтынуы түрткі болған. Алайда жәбірленушілердің дені райынан қайтып, арызды қайтарып алады. Бұл қылмыстың тоқтамауына түрткі жәйт болып отыр. Келесі кедергі, елімізде маскүнемдерге арналған айықтырғыш мекемелер тапшы. Бұл деген қылмыскерлердің 60 пайызы жазадан құтылып кетіп жатыр деген сөз. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың мәлімдеуінше, Қазақстанда 30 айықтырғыш мекеме жетіспейді.
— Қылмыскерлерді оңалту ісі әлі ескерілмей келеді. Алдағы уақытта денсаулық сақтау министрлігі психотүзету курстарының алгоритімін әзірлеп, осы жұмыспен айналысатын кәсіби мамандар даярласа деген ұсынысымыз бар, – деді жыл басында үкіметке өтініш білдірген ішкі істер министрі.
Әйелдердің зорлық-зомбылығын жоюдың халықаралық күніне орай, 1991 жылы әлемде тұңғыш рет қыз-келіншектерді отбасылық қысымнан құтқаратын қозғалыс құрылды. Содан бері, дүниежүзінде гендерлік қысымшылыққа қарсы 16 күндік өткізіліп келеді. Бұл шараның жағрафиялық аумағы кең, соңғы рет қозғалысқа 187 елден 300 миллионнан астам адам қатысқан. Тағы бір айта кетерлігі, 2008 жылдан бастап БҰҰ Бас хатшысының әйелдерге зорлық-зомбылықты тоқтатудың біріккен науқаны жарияланды. Бұл науқан 2030 жылға дейін өткізілмек.
Десе де жаhандық үрдістен шет қалмай отырған Қазақстанда әлі де отбасында жарынан жәбір көретін әйелдер азаяр емес. Әйелдің көңіл көкжиегі кірлесе, қоғамның ахуалына әсер ететіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларына қатысты кедергілер мен дауларды тиянақты шешу жөнінде полиция қызметкерлеріне арнайы тапсырма бергені есте. Демек, қылмыс жасаған әр адам заң талабына сай жазаға тартылуы шарт.
— Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қайта қарауды құптаймын. Өйткені дағдарыс орталығына жүгінетін әйелдер қарасы азаймай отыр. Өкінішке қарай, бізде жұбайына әлімжеттік көрсететін ерлердің жазасы жеңіл. Әділетсіздігі сол, әйелін тоқпақтайтын еркектер әрі кетсе,10 күн қамауға алынады. Меніңше, оқшаулау мерзімін кем дегенде 1 айға ұзартқан дұрыс. Себебі, жазадан жеңіл әрі тез арада құтылып шыққандар біраз уақыттан кейін әдетін тағы қайталап жатады, – дейді Жамбыл облысындағы әйелдерге арналған дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова.
Өмірлік серігін соққыға жығып, балаларына қоқан-лоққы көрсететін әдепсіз әкелер азаймай, қоғам түзелмейді. Отбасындағы ойранды көрген ұрпақтың санасы уланса, оның жүрегіне түскен кірбіңді тазарту қиын. Сондықтан келешектің кепілі – бала тағдыры мемлекетті ойландыруы тиіс.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР